Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сейсенбі, 12 қараша, 17:37

Мобильді аударымдарды тексеру: салықтан жалтарғандар қанша айыппұл төлейді?

05.01.2024

542

0

Мемлекеттік кірістер комитеті ел азаматтарының мобильді аударымдарға қатысты көкейтесті сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мобильді аударымдар не үшін тексеріледі?

Түсіндірілгендей, мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында қолданылады.

Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Әдетте, бұл аударымдарда кассалық аппараттар, POS-терминалдар және QR-кодтар қолданылмайды. Тиісінше, чектер берілмей тұтынушылардың құқықтары бұзылады.

Бұған дейін айтылғандай, мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда ғана тексеру жүргізіледі.

Жеке тұлғалар туыстары мен достарына ақша аудара ала ма?

Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған ешқандай шектеу қойылмайды.

Кәсіпкердің төлемді тек қолма-қол ақшамен жасауды талап еткені заңды ма? Мұндай жағдайда қайда жүгінуге болады?

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған – банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен (25-бап).

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады.

Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 194-бабы).

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет.

Такси жүргізушілері нені елеп-ескеруі тиіс?

Жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы жасауға болады.

Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады, сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін такси жүргізушісіне тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ.

Бұл бастама кәсіпкерлердің «көлеңкеге» кетуіне түрткі болмай ма?

Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Себебі қазір бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді – салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1-4%-ды ғана құрайды.

Егер мұндай жағдайда кәсіпкер мобильді аударымдарды қабылдаса, онда ол қазірдің өзінде «көлеңкеде» қалып, салық бақылауына түседі.

Бұл ретте мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді.

Осылайша, әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асырылады. Яғни, барлық салық төлеушілер тең болуы және алынған табыстан салық төлеуі тиіс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: