Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жұма, 22 қараша, 14:32

Нан жауып, тосап қайнатқан

20.07.2022

1124

0

«Ерте шықсаң, алдыңнан күн шығады» демекші, сәрсенбіде таң атысымен нөсер жауынға қарамай ауданға қарасты елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысу, ауыл халқының қолға алған істерін ақпараттандыру мақсатымен Мырзабай ахун ауылына ат басын бұрдық. Несібемізге қарай Мырзабайда нөсер жауын жоқ, аздап бұлтты болғанымен күн сәулесі түсіп тұр. Әкімдік алдынан күтіп алған бас маман Талапбек Тоқтарбаев ауылда кәсіпкерлік өрісі кеңейіп, жыл артқан сайын қолдан келетін іспен айналысушылар саны артып, түрлі кәсіп ашылып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Ауыл әкімдігінің оң жақ тұсында креа­­тивпен салынған көпір көзімізге түсті. Көпірдің аяқ су өтетін арыққа тұр­ғын­дардың қолайлы жүріп-тұрысын қам­­­­тамасыз ету үшін салынғаны бай­қа­лып-ақ тұр. Көпірден өте салысымен тә­бетіңді аша­тын жағымды ыстық нанның иісі сезілді. Сөйтсе іргеде кәсіптің киелісі «Бе­рекелі нан» наубайханасы жұмыс жасап тұр екен. Көз көріп тұрғасын кәсіп тынысымен танысуды жөн көрдік, әрине елді мекенге келудегі мақсатымыз да сол болатын. «Егінші» шаруа қожалығының ықпалы мен демеуінің ар­қасында ашылған наубайхана бұл са­ланың қыр-сырын меңгерген үш адамды жұмыспен қамтып отыр екен.


– Бізде демалыс жоқ. Сенбі, жексенбі күні де жұмыс істей береміз. Күн сайын 150-ге жуық нан пісіреміз. Бәрі кешке дейін сатылып кетеді. Кешке қарай нан таусылып қалса, тұрғындар ренішін айтады. Нанмен екі ауылдың халқын қамтамасыз етіп отырмыз, оның ішінде ауыл тұрғындары алса, Мәдениет ауылынан үш дүкен сатып алады. Тұтынушылар пісірген нанымызды мақтап жатады, рахмет айтамын, – дейді Қожабаева Ләззат нан пісірудің қыр-сырын түсіндіріп.


Жазда барлығымыз қыстық азығы­мызды ойлайтынымыз рас. Жеміс-жидек­тің піскен уақытында тосап қайнату еш­кімге таңсық емес. Ал кейбір қауым то­­­сап­ты дүкеннен сатып алып жатады. Қазіргідей уақыт тапшы заманда банкі басу екінің бірінің қолынан келе бер­мейді.


Ауылда өрік ағаштары көп, жемісі піскенде жергілікті халық жейтінін жеп, қал­ғандары шіріп жататын көрінеді. «Егінші» шаруа қожалығының төрағасы Ерұлан Өмір­серіков жемісті пайдалы нәрсеге ай­­налдыру мақсатымен өріктен тосап жа­сау идеясын ұсыныпты. «Көзін тап­қан­ға кәсіп көп» дегендей, осындай жо­ғары сұраныстың бар екенін түсінген нау­байханашыларымыз нан пісіруден бөлек бос уақыт болғанда өріктен тосап қай­натуды ағымдағы жылдың мамыр айында, яғни жеміс талдарының өнім беретін кезінде бастап кетіпті.


– Өрікті 100 теңгеден өзіміздің бағ­бан­дардан сатып аламыз. Еңбектен қаш­паймыз, күніне шамамен 1 литрлік 40 шыны ыдыс тосап әзірлейміз. Сұраныс жоқ емес, өнімімізді әр шыны ыдысына 800 теңгеден дүкендерге өткіземіз. Тосапқа қосатын қан­тымыз, оны салатын шыны ыдысымыз бар, соның бәрін сатып аламыз. Сонда да өніміміздің бағасы қолжетімді деп ой­лаймын. Оның өтуіне де себепші – халық, әрине тұтынушыларымыз ұнатып жатыр, ал қанттан мүлде тапшылық жоқ – дейді Жанар Орынбаева.


Тұтынушылар тарапынан азық-түлікке сұраныс қашанда жоғары. Оның үстіне ас атасы кез келген дүкен сөресінде табылуы маңызды. Ең бастысы «нан болса, ән де болатынын» көкейіне құйып алған наубайханашыларымыз қос елді мекендегі жергілікті тұрғындардың сұранысын то­лық­тай қанағаттандырып, тәтті тосабын да саудаға шығарып, ауыл халқының ал­ғы­сын алып отыр. Бірақ наубайхана қыс мезгілінде жұмысын тоқтатады екен, оның себебі ғимаратта жылу жүйесі қарас­ты­рылмаған. Наубайханашылардың ендігі та­лап-тілегі – ғимаратқа жылу беруді ретке келтіріп, 12 ай елді мекен халқын тәтті нандарымен қамтамасыз ету.


– Қазір кәсіппен айналысамын деген­дерге мүмкіндік мол. Еңбектенемін деген адам­ға мемлекет тарапынан қолдау да көп. Тек талпыныс пен табанды еңбек ке­рек. Бір кәсіп ашылса, кемінде екі-үш адам жұмыспен қамтылады. Сондықтан бос жүр­ген жастарға кәсіп ашуға, сол арқы­лы өзін-өзі қамтуға кеңес беремін, – дейді ауыл әкімдігінің бас маманы Талапбек Тоқтарбаев.


Жалпы іс бастап, оның көкжиегін кеңей­туді жақсы түсінген ауыл халқының кәсіпке деген ерекше ынтасы айқын байқалды. Әрине нарық заманында ауылда мұндай істердің өркендеуі заңдылық деп ойлаймыз.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: