Бала кезімізде ауылда насыбай ататындарды жиі кездестіретінбіз. Үлкені де, кішісі де қалтасынан шақшасын шығарып, қара-жасыл түсті түйіршікті ауыз қуысына лақтыра салып, рахат алатын. Насыбайды шақшасымен қойынға салып, аса қымбат дүниесіндей бағалап, сылап-сипап жүретінін қайтерсіз. Шыны керек, бүгінде қоғамнан насыбай атқанды кездестіре бермейтін болдық, алайда мектеп оқушылары арасында бұл зиянды затқа қызығушылық артқан көрінеді.
Жалпы насыбайдың қайдан, қашан, қандай зат екеніне тоқталатын болсақ, ол – ежелгі Орта Азия елдерінде, яғни Өзбекстанда, Тәжікстанда, Түркменстанда, Қырғызстанда, Ауғанстанда, Қазақстанның оңтүстік және Қытайдың батыс өңірлеріндегі халықтардың көп пайдаланатын темекі өнімінің шегілмейтін түрі екен. Сондай-ақ насыбай қалтаға ауырлық түсірмейтін көрінеді, өйткені оны үй жағдайында бейберекет жасай береді. Оның негізгі өнімдерінің бірі – махорка мен темекі, ал оған тағы қосатын өнімдер сөндірілген әк, тауық саңғырығы немесе түйе тезегі, әртүрлі өсімдіктер күлі, желім, май болып табылады. Оның құрамында қорғасын, сынап, кадмий және мышьяк сияқты адам ағзасына зиян келтіретін ауыр металдар бар. Насыбайдың дәмін жақсарту үшін әртүрлі дәмдеуіштер қосады. Ол кішкене түйіршіктер түрінде және қара-жасыл түсті түйіршіктер күйінде сатылады.
Насыбайды жарнамалаған сияқтымын, десе де бұл затты пайдалану аса қауіпті және еріккен іс екенін естен шығармаған жөн. Себебі ол адам денсаулығына өлім қаупін туғызады. Өздеріңізді және балаларыңызды осы қауіпті дағдылардан сақтау қоғам үшін аса маңызды.
Иә, жаман әдет қашан да жұққыш. Денсаулыққа зиян екенін біле тұра арақ, темекі, кальян, насыбай секілді жаман әдеттерге әуестенушілер қатарының азаймауы осының дәлелі болса керек. Осы орайда Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы бүгінде оқушылардың насыбай атып жүргенін айтып, мәселеге Ішкі істер министрлігінің назар аударуын сұрап, дабыл қақты. Депутаттық сауал Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолданды.
– Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шектеу қойылғанына қарамастан бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылып жатыр. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынуда. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралып жатыр, – дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Жоғарыда айтып өткенімдей, насыбай – мәдениетке не әдепке, гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке орай бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазір мұнымен жастар, тіпті қыздар да әуестенетін болған. Ең сорақысы, олардың саны жыл сайын артып жатыр. Бұған қоса ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдет қалыпты жағдайға айналуда. Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен.
Осы ретте еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті оның қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді.
Міне, насыбайдың біздің қоғам үшін зияны шаш етектен. Сондықтан билік, халық, қоғам болып, бұл зиянды заттан бас тарту жолын қарастырып, тіпті заң жүзінде тыйым салған дұрыс болады деп ойлаймын.
Иә, енді елімізде насыбай сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
– Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара?! Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бір қызығы, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылған, алайда заңның орындалуында осалдық барын айтпасақ та белгілі. Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейін небәрі 5 АЕК, яғни 18 460 теңге айыппұл салынады. Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері 20 АЕК, 73 840 теңге ғана. Әрине саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр, өйткені бұл затқа сұраныс артып келеді.
Әрине адам баласы пендешілікпен өз ісін ақтап алуға құмар. Мәселен, «Атам насыбай атқан» деп қастерлеп жатады. Ал шариғатта «харам» деген затты қастерлеуге болмайды. Насыбай атуды исламда мүлдем құптамайды. Мысалы, адамдардың кейбірі ауыз қуысын жағымсыз иіске жайландырып, насыбайын көше бойына түкіріп келе жатады. Кейбірі онысын «өсімдікке қорекзат» деп, мысқылдап қояды. Иә, исламда әдеп деген бар, ал бойындағы әдебі исламға сай емес мұсылман сауаптан құр қалатыны анық. Сондықтан насыбай адам денсаулығына залалын тигізсе, қоршаған ортаға да берері жоқ. Адамның бұл қылығы Жаратқанның әсемдігін бұзу болап табылады.
Осындай жаман заттарға жұмсалған қаражат көзі нағыз ысырап пен күнә. Алла Тағала табанды, батыл адамдарды жақсы көреді. Батырлық деп жаумен соғысуды ғана айтпайды. Нәпсінің қалауы болған өз бойындағы осындай жат қылықтарын жеңе білгенді де батыр деп айтады.
Насыбайдан бас тарту үшін бұдан артық ақпарат та керек емес секілді. Сондықтан ұлт денсаулығына нұқсан келтіретін, ұрпағымызды улайтын, қазаққа жат әдеттен арылуымыз керек. Билік жайбарақат саудалап отырған сауда орындарына қатысты дереу шешім шығарып, кешенді шара қабылдауы тиіс.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!