Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жексенбі, 13 қазан, 14:29

Насыбай ату – ата дәстүрімізге сын

19.03.2024

935

0

Бала кезімізде ауылда насыбай ататындарды жиі кездестіретінбіз. Үлкені де, кішісі де қалтасынан шақшасын шығарып, қара-жасыл түсті түйіршікті ауыз қуысына лақтыра салып, рахат алатын. Насыбайды шақшасымен қойынға салып, аса қымбат дүниесіндей бағалап, сылап-сипап жүретінін қайтерсіз. Шыны керек, бүгінде қоғамнан насыбай атқанды кездестіре бермейтін болдық, алайда мектеп оқушылары арасында бұл зиянды затқа қызығушылық артқан көрінеді.

Жалпы насыбайдың қайдан, қа­шан, қандай зат екеніне тоқталатын бол­сақ, ол – ежелгі Орта Азия ел­дерінде, яғни Өзбекстанда, Тәжік­стан­да, Түркменстанда, Қырғыз­станда, Ау­ған­станда, Қазақстанның оңтүстік және Қытайдың батыс өңірлеріндегі халық­тардың көп пайдаланатын те­мекі өнімінің шегілмейтін түрі екен. Сондай-ақ насыбай қалтаға ауырлық түсірмейтін көрінеді, өйткені оны үй жағдайында бейберекет жасай бе­реді. Оның негізгі өнімдерінің бірі – ма­хорка мен темекі, ал оған тағы қо­сатын өнімдер сөндірілген әк, тауық саңғырығы немесе түйе тезегі, әр­түрлі өсімдіктер күлі, желім, май болып та­былады. Оның құрамында қор­ға­сын, сынап, кадмий және мышьяк сияқты адам ағзасына зиян келтіретін ауыр металдар бар. Насыбайдың дәмін жақ­сарту үшін әртүрлі дәмдеуіштер қо­­сады. Ол кішкене түйіршіктер түрін­де және қара-жасыл түсті түйіршіктер күйінде сатылады.
Насыбайды жарнамалаған сияқты­мын, десе де бұл затты пайдалану аса қауіпті және еріккен іс екенін естен шығармаған жөн. Себебі ол адам денсаулығына өлім қаупін туғызады. Өздеріңізді және балаларыңызды осы қауіпті дағдылардан сақтау қоғам үшін аса маңызды.
Иә, жаман әдет қашан да жұққыш. Денсаулыққа зиян екенін біле тұра арақ, темекі, кальян, насыбай секілді жаман әдеттерге әуестенушілер қата­рының азаймауы осының дәлелі бол­са керек. Осы орайда Мәжіліс де­путаты Жар­қынбек Амантайұлы бү­гінде оқу­­шылардың насыбай атып жүрге­нін айтып, мәселеге Ішкі істер минис­тр­лі­гінің назар аударуын сұрап, дабыл қақты. Депутаттық сауал Пре­мьер-министрдің орынбасары Та­мара Дүй­се­новаға, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолданды.
– Бұл депутаттық сауалда көтері­летін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шек­теу қойылғанына қарамастан бұл зиян­ды зат сауда орындарында, ба­зарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылып жа­тыр. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қал­та­шадағы шай секілді қораптап, шақ­шалап, түрлендіріп ұсынуда. «Жева­тель­ный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралып жатыр, – дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Жоғарыда айтып өткенімдей, на­­сы­бай – мәдениетке не әдепке, ги­гие­наға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкі­нішке орай бұрын оны тек үлкен адам­дар ататын болса, қазір мұнымен жастар, тіпті қыздар да әуестенетін болған. Ең сорақысы, олардың саны жыл сайын артып жатыр. Бұған қоса ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдет қалыпты жағдайға айналуда. Кейбір деректер бой­ынша, халықтың 10 пайыздан ас­тамы насыбайды қолданады екен.
Осы ретте еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті оның қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апара­тыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты маман­дарының ай­­­туынша, насыбай тұтыну ауыз қуы­сының қатерлі ісігінің дамуына әке­леді екен. Олар соңғы кездері насы­байдың салдарынан қатерлі ісікке шал­­­дыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді.
Міне, насыбайдың біздің қоғам үшін зияны шаш етектен. Сондықтан билік, халық, қоғам болып, бұл зиянды заттан бас тарту жолын қарастырып, тіпті заң жүзінде тыйым салған дұрыс болады деп ойлаймын.
Иә, енді елімізде насыбай сат­қандар қылмыстық жауап­керші­лікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Аты­рауда өткен Ұлттық құрылтайда Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
– Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жаса­салатыны белгілі. Ешқандай са­­ни­­тар­лық талап сақталмайды. На­сы­­байды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері еш­қандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай са­лып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара?! Осы жағымсыз қы­лықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде бұл – барып тұрған мәде­ниет­сіздік. Оны тоқтату керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бір қызығы, елімізде насыбайға заң жүзінде шек­теу қойылған, алайда заңның орындалуында осалдық барын айт­пасақ та белгілі. Мәселен, на­сыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейін небәрі 5 АЕК, яғни 18 460 теңге айыппұл салы­нады. Ал шағын және орта кә­сіп­керлерге салынатын айыппұл мөл­шері 20 АЕК, 73 840 теңге ғана. Әрине саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр, өйткені бұл затқа сұраныс артып келеді.
Әрине адам баласы пендешілікпен өз ісін ақтап алуға құмар. Мәселен, «Атам насыбай атқан» деп қастерлеп жатады. Ал шариғатта «харам» деген затты қастерлеуге болмайды. На­сы­бай атуды исламда мүлдем құп­тамайды. Мысалы, адамдардың кей­­­­­­­бірі ауыз қуысын жағымсыз иіске жай­­­­ландырып, насыбайын көше бо­йы­­на түкіріп келе жатады. Кейбірі оны­сын «өсімдікке қорекзат» деп, мыс­­қылдап қояды. Иә, исламда әдеп деген бар, ал бойындағы әдебі исламға сай емес мұсылман сауаптан құр қа­ла­тыны анық. Сондықтан насыбай адам денсаулығына залалын тигізсе, қор­шаған ортаға да берері жоқ. Адамның бұл қылығы Жаратқанның әсемдігін бұзу болап табылады.
Осындай жаман заттарға жұм­салған қаражат көзі на­ғыз ысырап пен күнә. Алла Тағала та­банды, батыл адамдарды жақсы кө­реді. Батырлық деп жаумен соғысуды ғана айтпайды. Нәп­сінің қалауы бол­ған өз бойындағы осын­­дай жат қы­лықтарын жеңе біл­генді де батыр деп айтады.
Насыбайдан бас тарту үшін бұ­дан артық ақпарат та керек емес секілді. Сондықтан ұлт ден­саулығына нұқсан келтіретін, ұр­па­ғымызды улайтын, қа­заққа жат әдет­тен арылуымыз керек. Билік жайбарақат саудалап отыр­­ған сауда орындарына қатысты де­реу шешім шығарып, кешенді шара қабылдауы тиіс.


Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: