Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Жұма, 26 сәуiр, 15:18

Наубайхана өніміне сұраныс жоғары

13.05.2023

350

0

Нан – адамзаттың басты құндылығы, ол молшылықтың және әл-ауқаттың белгісі. Дастарханымызда ас атасы мол болған сайын еліміздің берекесі тасып, ырысы молаятыны белгілі. Жалпы, Жалағашта наубайханалар саусақпен санарлық, аудан халқын толықтай нанмен қамтуға жетпейді. Сол себепті көрші ауылдың кәсіпкерлері келіп, өнімдерін өткізіп жатады. Десе де жалағаштықтарды ыстық нанымен тойдырып, аудан халқының алғысына бөленіп жүрген кәсіпкер азаматтарымыздың еңбегін елемеуге болмайды.

Кент тұрғыны Зәуреш Мыңжа­сарова – наубайхана жұмысын дөң­гелентіп, ха­лықты тәтті тоқаш, ыстық нанмен қам­та­масыз етіп отырған кәсіп­кер­лердің бірі. Кәсіпкер нау­байхана ашуды көптен бері жоспар­лап жүрген. Ана бол­ғандықтан өз үйін­де ба­ла­ларына, немере­ле­ріне нан, тәтті тоқаш пісіруді әуел бастан әдетке ай­нал­­­ды­рып­ты. Сон­дықтан болар, нау­бай­хана ашылғанда кәсіпкерге нан пі­сіру таңсық жұмыс болмаған.


Наубайхана кент орталығында, ха­лық көп шоғырланған аумақта ашыл­ған. Жан-жағында әртүрлі жұмыс орындары мен бизнес орталықтары орналасқан. Иә, наубайханадағы тә­бетіңді ашатын ыстық нанның иісін сезінбеген жалағаш­тық жоқ шығар. Міне, береке деген осы емес пе?!
Тәбетіңді ашатын нан иісінің ізімен біз де наубайханаға ат басын бұрдық. Әрине мақсатымыз наубайхана жұ­мы­сымен танысу, ел аузындағы дәмді нан­ның құпиясын білу болды. Наубай­ханаға жақындай бергенде әріптесім Ерлан Созақбаев «Ыстық нанға еш­қандай ас жетпейді ғой» деген сөзі кәсіп жұмы­сымен танысуға деген тәбетімізді одан сайын ашып жіберді.
Наубайхана ішінде қызу жұмыс. Бір кісі қамыр илеп жатса, екіншісі дайын қамырды қалыпқа салып, пешке орна­лас­­тырып әлек. Кәсіп иесі де білегін түріп, қамыр илеуге кірісіп кетіпті. «Ене­нің тәрбиесін көрген бізге қамыр илеу де­ген пұл емес қой» деп әзілдейді Зәуреш апай.
– Шүкір, кәсіп тоқтап қалмай, жұмы­сын істеп тұр. Бұл істі осыдан 2 жыл бұрын бастадым. Балам Жанарбектің қаржылай көмегінің арқасында қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Жал­пы, кәсіпті ашуға баламның көп еңбегі сіңді. Қазір жаман емес, өнімі­мізді кенттегі дүкендерге, сондай-ақ Мә­дениет, Ақсу, М.Шәменов ауылда­рына өткіземіз. Күніне 5-6 қап ұн жаратамыз. Наннан бөлек тәтті тоқаш та пісіреміз. Бәрі кешке дейін са­тылып кетеді, кейде тапсырыстан бөлек нанымыз жетпей қалып жатса, тұрғындар ренішін айтады. Әрине бұл біздің көңілімізді түсірмейді. Сүйген ісіңнен нәтиже көріп жатсаң, содан артық қуаныш бар ма, – дейді Зәуреш Мыңжасарова.
Кәсіпкер ұнды аудан орталы­ғын­дағы «Ақниет» сауда орталығынан төмен бағамен алады. Нан пісіруге қажетті қоспалардан да тапшылық жоқ көрі­неді. Сондай-ақ ауданның 2 тұр­­ғынын тұ­рақты жұмыспен қам­тып отыр. Наубайхана санитарлық та­лап­­тарға толықтай сай. Себебі Зәуреш апай таңертең ерте келіп, ғи­ма­ратты бір тазалап алса, кешке тағы мәрте құрал-жабдықтарды жуып рет­тес­тіреді екен.


– Тәтті өнімдер пісіру өзіме ұнайды. Уақытымның көп бөлігін асханада өткі­земін. Бүгінде біразын үйреніп ал­дым. Тұтынушылар нанымызды мақ­тап жа­тады, қуанып қаламын. Жала­қым жақ­сы, ең бастысы, тұрақты, – дей­ді наубайхана қызметкері Бақыт Орынбай.
Ерекше айта ке­те­тін жайт, кейіп­керіміз өңіріміздегі әлеу­меттік жағ­дайы төмен отба­сыларға, жетім-же­сір­лерге көмек беріп, өзінің адам­­гершілік қасиетін, мейірімділігін ай­қын көрсетіп жүр. Ауданымыздың қолы ашық азаматтары Зәуреш апайдан нанды төмен бағада сатып алып, ауыл-ауылды аралап, халыққа тегін таратады. «Жағдайы төмен, қиын жағдайға тап болған кісілерге кө­мектесу – мұсылман үмбетінің бо­ры­шы» деген Зәуреш Мыңжасарова өткен жылы Мекке қаласына қажы­лыққа барып келгенін сөзге тиек еті. Кәсіптен бөлек отбасында аяулы ана, ардақты әже Зәуреш апайымыз бү­гінде 6 баласынан 15 немере сүйіп, тәрбиелеп отыр.
Алдағы уақытта кәсіпкердің жос­пары көп. Мемлекеттен қосымша қар­жылай қолдау тауып жатса, нау­бай­хананы кеңейткісі келеді.
Айт­пақшы, тәтті нанның, аңқыған иістің де құпиясын біліп алдық. Зәуреш апай нанға ешқандай артық қоспа қос­пайды екен, осылайша сүйіспен­шілікпен жасалған дүниенің жаман бол­май­тынына тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: