Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 19:33

Облыс әкімі су тасқынының алдын алу шараларын баяндады

09.01.2024

439

0

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, бірқатар облыс әкімдері, сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су тасқынына әзірлік туралы хабарлама жасады.

«Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, су тасқынының алдын алу үшін барлық шаралар қабылдануда. Өзен арнасына күнделікті бақылау жүргізілуде. Қауіпті учаскелерге арнайы техникалары бар жауапты мекемелер бекітіліп, қажетті материалдық-техникалық қор толықтай жасақталды. Су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда», – деді аймақ басшысы.

Өңірдегі «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар» Жол картасына 17 іс-шара енгізілген. Қазір 8-і толықтай аяқталды. Оның ішінде жергілікті бюджеттен жоспарланған 6 жоба толықтай орындалды. Елді мекендерді су басу қауіпінен сақтау мақсатында республикалық бюджеттен жоспарланған 2 жоба жергілікті бюджет есебінен атқарылды, 1 жоба жалғасуда. 2 жобаны өзектілігі жойылуына байланысты Жол картасынан алып тастау жөнінде ұсыныс берілді. Біріншісі – «Қызылорда қаласы шегінде Сырдария өзенінің жағалауын нығайту және реконструкциялау» жобасы. Онда қарастырылған жұмыстар жағалаудағы жол құрылысы барысында бірге атқарылды, сондықтан оны іске асырудың қажеті жоқ. бұл жобаға республикалық бюджеттен бөлінетін 9 млрд. теңге үнемделді. Екіншісі – «Қызылорда қаласы шегінде Сырдария өзенінің арнасын тазалау» жобасы өзендегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты тоқтатылды. Нәтижесінде бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қажетті 3,5 млрд. теңге үнемделді. Қалған 5 жобаның сметалық құжаттамасына қайта түзетулер енгізіліп, Төтенше жағдайлар министрлігіне республикалық бюджеттен 3,5 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. Жол картасының мерзімінің аяқталуына байланысты бұл жобалар «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» енгізіліп, мемлекеттік органдар қарауына ұсынылды.

Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, аталған мәселелер бойынша негізгі жұмыс бағыттарын белгіледі. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне өзен бойындағы қауіпті учаскелерге бақылауды күшейтіп, тәулік бойы кезекшілікті жалғастыру тапсырылды. Су басу аймағына жақын орналасқан елді мекендерде инертті материалдар қорын шоғырландырып, қажет болған жағдайда инженерлік жұмыстарды ұйымдастыру міндеттелді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдардың дайындығын үнемі әзірлікте ұстап, мониторинг жұмыстарын жалғастыруға жауапты болмақ. Ал, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы Шардара су қоймасынан босатылатын су көлеміне тұрақты бақылау жасап, облыс аумағына қауіпсіз мөлшердегі судың жіберілуі бойынша тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жасайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: