Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 17:15

Облыстық білім басқармасы мен оған қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау тағайындалды

30.12.2022

431

0

2022 жылы 28 желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті бастамасымен облыстық Қоғамдық кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.

Отырыста облыстың орта білім беру ұйымдарында орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары, сонымен қатар аталған ұйымдарда қаржылық тәртібінің сақталу жағдайы талқыланды.

Комиссия отырысы облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Хожбановтың, мемлекеттік қызмет істері, ішкі мемлекеттік аудит, қазынашылық, білім саласындағы бақылау департаменттерінің бірінші басшыларының, өңірлік тексеру комиссиясының төрағасының, сонымен қатар, білім басқармасы және оған қарасты мекемелер басшыларының қатысуымен өткізілді.

Іс-шара барысында, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков комиссия мүшелерінің назарына өңірдің орта білім беру ұйымдарында 2020-2021 жылдары орын алған ірі мөлшерде бюджеттік қаражатты жымқыру фактілері, сонымен қатар аталған ұйымдардың еңбек ақы төлеу қорына бөлінген бюджет қаражатын игеру барысындағы тәуекелдер жөнінде жеткізді.

Атап айтқанда, Департаментпен облыстың 8 мектебінің директорлары мен есепшілеріне қатысты, алдын ала келтірілген залал сомасы 446 млн.теңге құрайтын аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істер тергелуде.

Мысалы, Жаңақорған ауданы мектептерінің бірінде директор мен бухгалтер, қаражаттарды аудару тетіктерін өзінің жеке мүддесіне пайдалана отырып, ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу, яғни жеке сәйкестендіру нөмірі мен банктік есеп-шоттарын өзгерту арқылы, мемлекетпен бөлінген қаржыларды жұмыстан шығып кеткен азаматтардың және өзінің жақын адамдарының атына аударған. Нәтижесінде, 117,2 млн.теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.

Көрсетілген фактілерді ескере отырып, Департаментпен тиісті мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде, бір елді мекенде орналасқан және мұғалімдер штаты өзара шамалас мектептерге еңбекақы төлеу қоры қаражаты 2-3 есе айырмашылықпен бөлінуі анықталды. Бұл өз кезегінде бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты игерілуіне күмән тудырады.

Департамент басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков, осы саладағы келеңсіз жағдайларды ескере отырып, 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап облыстық білім басқармасы және оған қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілетінін жеткізді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің және бюджет қаражатын жымқырудың алдын алу шеңберінде Қоғамдық кеңес өкілдерін жоғарыда аталған Сыртқы талдау жұмысына қатысуға шақырды.

Отырыс барысында көтерілген проблемалық мәселелер бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Д.Момбектің есебі тыңдалды.

Комиссия отырысының қорытындысымен, көтерілген мәселелер бойынша Департамент ұсыныстары қолданып, облыстық білім басқармасына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және өзіне қарасты ұйымдарда қаржылық тәртіптің сақталуын күшейту жөнінде тиісті ұсыныстар берілді.

Департамент тарапынан өңір мекемелерінің қызметінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, қоғам белсенділерінің қатысуымен ашық түрде Қоғамдық кеңестің салалық комиссиясының талқылауына шығару тәжірибесі жалғастырылатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: