Аудан орталығындағы №246 орта мектепте тәуелсіз мемлекеттің жарқын болашағына қажырлы еңбек еткен түлектер білім алғанын жақсы білеміз. Бүгінде іргелі оқу орнының бәсекеге қабіетті ұрпақ қалыптастыруда өзіндік орны бар. Мектеп ұжымы мемлекет тарапынан салаған көрстетілген қолдаудың арқасында шабытпен жұмыс жасайтынын айтады.
Биыл білім ордасы жаң оқу жылын 379 оқушымен бастаған. Оның ішінде 34 бала мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Білім ошағының басшысы Айнұр Айбосынова 19 бала мектеп бітіретінін айтады. Әзірге барлығы да ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниетті. ҰБТ-ға дайындық жұмыстары қыркүйек айында басталған. Сол уақыттан бері балалардан айына 4 мәрте тест алынып тұрады.
– Әзірге көрсеткіш жаман емес. Оқушылардың барлығы ҰБТ-ға қатысуға талаптанып отыр. Көбісі жаратылыстану бағытындағы пәндерді таңдаған. Әзірге орташа балл – 73, ал ең жоғарысы 123 балл. Бұл да біз үшін жақсы көрсеткіш емес, сондықтан алдағы уақытта дайындық жұмыстарын күшейтеміз, – дейді мектеп директоры.
Айта кетейік, былтыр аталған білім ошағын 17 бала тәмамдаған. 100 пайыз ҰБТ-ға қатысып, оның сегізі мемлекеттік грантқа үміткер есебінде құжат дайындапты. Нәтижесін сұрасаңыз, 8 баланың жетеуі жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алуға қол жеткізсе, 1 бала облыс әкімінің грантына ие болған. Бүгінде мемлекеттік грантпене білім алып жатқан жеті баланың үшеуі техникалық, біреуі ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандық игерсе, қалғаны педагогикалық бағытта білім алуда.
Мектеп оқушыларының пәндік олимпиадаларға қатысу қарқыны да жаман емес, осыған дейін мектепішілік олимпиадаларға 58 бала қатысқан. Айнұр Шыңғысқызы олардың 25-і аудандық кезеңге жолдама алғанын айтады. Тіпті оның 8-і жүлделі орындардан бой көрсеткен.
1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық конкурсына мектеп оқушысы Айсұлтан Қуанышбекұлы қатысыпты. Аудандық кезеңде оқ бойы озық келген ізденмпаз оқушы бас бәйгені қанжығалаған. Ал облыстық кезеңде үздік үштіктен табылған Айсұлтанның жетекшісі Самал Еспанова шәкіртінің болашағынан үлкен үміт күтеді.
Мұнан бөлек «Алтын қазына» көркем және сәндік қолданбалы өнер бойынша «Ұлттық нақыштағы интерьердің ерекше дизайн жобасы» номинациясы бойынша Әнуар Көшербай облыстан III орын иеленді. Жетекшісі А.Қанатбаева алдағы білім додаларында мұнан да жоғары нәтижеге қол жеткізетінін айтады.
– Жалпы, мұндай білім додаларында топ жарып жүрген оқушыларымыз жетерлік. 5-9 сынып оқушылары арасында «Сыр өңірінің флорасы мен фаунасы және экологиясы» ғылыми жоба конкурсына Мақпал Ғалымбекқызы қатысқан еді. аудандық кезеңде қарсылас шақ келтірмеген шәкіртіміз облыстан III орын иеленді. Ал 7-11 сынып оқушылары арасында «Жарқын болашақ» атты республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде 10 сынып оқушысы Мардан Ортай I орын иеленіп, облыстан сертификат алды. Жетекшісі – қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі Қуанышбекұлы Рахат. «Алтын қазына» көркем және сәндік қолданбалы балалар шығармашылығының көрме байқауына «Ағаштан, тастан, саздан, (қыш, саз), сабан, тоқымадан шағын формадағы мүсіндер жасау» номинациясы бойынша 10 сынып оқушысы Алдажаров Тамерлан облыстан I орын иеленіп, республикалық кезеңге қатысып жатыр, қорытындысы 15 мамырда белгілі болады. Жетекшісі – технология пәні мұғалімі Сейтжанов Ғалымжан. Ал «Алтын қазына» көркем және сәндік қолданбалы өнер бойынша «Ұлттық ою-өрнегі бар халықтық киімдерінің үлгісін жасау» номинациясы бойынша 8 сынып оқушысы Айзере Мұхамеджан облыстан II орын иеленді, – дейді мектеп директоры А.Шыңғысқызы.
Мектеп оқушылары пәндік олимпиадалардан бөлек ғылыми жобаларда да түрлі тақырыпта жұмыс жасап, жүлделі орындардан бой көрсетіп жүр. Мәселен, «Сыр жұрты» атты танымдық-пассионарлық жоба аясында «1925-1929 жылдары Қазақ АКСР атқару комитетінде жұмыс жасаған зиялы қауым өкілдері» тақырыбында мектеп оқушылары арасында өткен ғылыми жоба конкурсына 11 сынып оқушысы Әбдіразақ Зарина қатысып, облыстан II орын иеленген. Ал «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтары республикалық слетінің «Халық дәстүрлері, әдет-ғұрыптар мен мәдениеті бағыты бойынша Балжан Бекасылқызы ауданнан бірінші орын иеленіп, облысқа жолдама алған.
Мектеп оқушылары салауатты өмір салтын ұстанып, спорт саласында да бірқатар жетістікке қол жеткізген. Бүгінде бұл салада тек мектептің ғана емес, ауданның, қалаберді аймақтың, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген оқушылар білім алуда. Мәселен, мектеп оқушысы Альбина Смайл биыл самбодан ҚР чемпионатында 47 келі салмақ дәрежесінде 3 орын иеленсе, Кәусар Алматқызы белбеу күресінен ҚР чемпионатында 45 кг салмақ дәрежесінде 2 орынды жеңіп алған.
Назым Қанибай да биыл 2010 жылы туған жасөспірім қыздар арасында өткен қол добынан ҚР чемпионатында 3 орынға ие болса, волейболдан ҚР чемпионатында 1 орыннан көрінді. Бұған дейін де жеңіс тұғырынан табылған Нұрай Мейрамбекқызы биыл Таеквондодан ересектер арасындағы облыс біріншілігінде 2 орын иеленді. Жүлделі орындардан бой көрсетіп жүрген оқушылар сапында Нұрай Тахир мен Мардан Ортай да бар. Мәселен, осыған дейін белбеу күресінен Нұрай Тахир ҚР чемпионатының қола жүлдегері болса, Мардан Ортай шахматтан облыстық, аудандық кезеңдерде бас жүлдені берген жоқ.
2022-2023 оқу жылында білім ошағында Болат Өтемұратов қоры атынан құрылған «Жас лидер Академиясы» жұмыс жасайды. Бүгінде «Көшбасшылық» факультативтік сабақтары, жобалар, тренингтер өткізіліп жатыр.
Жалпы, жазар болсақ, мектеп ұжымының, ондағы шәкірттердің жетістігін бір мақаламен тауысу қиын. Бастысы, атқарылған жұмыс нәтижесін беріп жатыр. Бастауыш сынып оқушылары толықтай ыстық тамақпен тақматасыз етілген. Кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Мектепте білім сапасын жақсартуда бірқатар жоба қолға алыныпты. Алда ұстаздар мен шәкірттер үшін бір белес бар, ол – ҰБТ. Ұстаздар шәкірттеріне сенім артады, ал оқушылар жоғары балл жинайтынына сенеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!