Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 18:15

Отанды қорғау отбасынан басталады

12.09.2023

565

0

Отбасы – адамзат баласының алғаш тәрбие алатын аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болса да отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ештеңемен салыстыруға болмайды. Міне, қазақтың “Отан от басынан басталады” дейтіні де сондықтан. халықтың туып-өскен үйін қарашаңырақ деп қастерлейтіні де сондықтан.

Заман ағымы өзгерген сайын отба­сындағы бала тәрбиесін жақсартуда өзіндік қиындықтар тудыруда. Жалпы адамзат өмірінде отбасынан күрделі, от­басынан қымбат ешнәрсе жоқ. Сон­дықтан ата-ана қандай жұмыс іс­тесін бала тәрбиелеу кезінде ерек­ше көңіл аударып, баланың өмірге деген махаббатын ашуда белсенділік танытуы тиіс. Себебі шыр етіп өмірге келген күннен бастап, бала үшін ата-анасы өзіндік идеал және олардың махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі бала үшін ең маңызды болмақ.
Ел Президентi мемлекет отбасынан басталатынын және бiздiң қоғамда не­гiзгi отбасылық құндылықтарды ны­ғай­тудың маңыздылығы жоғары екенін ерекше атап өткен болатын. Мемлекет бас­шы­сы­ның Жарлығымен қыркүйек айы­ның екiншi жексенбiсi отбасы күні болып бекіген еді. Осы орайда аудандағы халыққа қыз­мет етіп, халық қауіпсіздігін қамта­масыз етуші аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция ма­йоры Ержан Есеналиевтің жұмысымен танысып, отбасында да кейіпкеріміздің асқар тау әке екенін бағамдадық.
Отбасы мерекесі аясында алты бір­дей қызды тәрбиелеп отырған Ержан Оспанұлының шаңырағында болып қайт­­тық. Үйге кірген бетте алты қызы жан-жақтан жүгіріп, құшақтай жөнелген қыз­дарының әкесіне деген сағынышын кө­ріп, әке мен бала арасындағы ма­хаббатты сезінбеске болмады. Ата-ана­­ның, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құр­мет­теп сыйлауы, бәрі де осы отба­сында көрініс тапқан.
– Мемлекеттің тұғыры отбасынан басталады. Әр балаға тәрбие беру, жылулық сыйлау, махаббатты көрсету де ата-ананың міндетіне жатады. Біздің жұмыс уақыты қиын екені бел­гілі. Кейде соның әсерінен отбасыға бөлетін уақыт та жетпей жатады. Алайда халқымызда қыз тәрбиесі де­ген ең маңызды мәселе. Алты бірдей қызым болғандықтан, олар­ға әке ма­хаб­батын көрсетуге, ма­хаббатты сырт­тан іздетпеуге тыры­самын. Қасым Аман­жолов өзінің жа­рына арнаған бір өлеңін­де: «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер» дегені бар. Шынында, отбасы – бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің басқару жүйесі әртүрлі болады. Сол секілді біздің басқару жүйеде бірдей көңіл бөлуге тырысамыз, отбасындағы мәселелерді менікі-сенікі деп бөлмейміз. Алла қосқан жарым мен жұмыста жүргенде жоқ­тығымды білдірмейді. Осылайша өз кезегімізде жақсы тәрбие беруге тыры­самыз, – дейді Ержан Оспанұлы.
Расында бала дүниеге келген уа­қыттан бастап ата-анасына қарап өседі. Ата-анадан естіп, барлығын үйренеді. Абай Құнанбаев он тоғызыншы қара сөзінде: – «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, та­тып ескерсе, дүниедегі жақсы, жа­ман­ды танидыдағы, сондайдан біл­гені, көргені көп болған адам білімді бо­лады. Естілердің айтқан сөздерін ес­ке­ріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәр­селерді ескерсе, жаман дегеннен сақ­танса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді естігенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып естісе, не естіген жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады», – деп атап өтеді.
Расында дүние есігін жаңа ашқан сәби еш нәрсені білмейді, оң-солын та­ны­тып, өмірде үлкен жол көрсететін биік тұлға – ата-анасы. Демек бала тәр­­биесінде және оның дара тұлға бо­лып қалыптасуында ата-ана мен отба­сының маңызы зор. Өнегесі мол от­ба­сы болу перзент үшін ғана емес, ел үшін де ерекше рөл атқарады. «Елін сүйер сеніңіз, өз отбасын сүйе алған» демекші, жанұяда жарасым тауып, ізгілік пен махаббатқа шомылып өскен бала болашақта елдің тірегі бола алады.
Отбасының ұйытқысы анасы, тірегі әкесі, жемісі баласы болған кезде ғана отбасы берік болады. Ал елдің ір­ге­тасының берік қалануында осы от­ба­­сының қалай қаланғандығының ма­ңызы ерекше. Отбасы – мейірім мен махаббаттың және әр адамның жан тыныштығы мен адамдық ауызбір­ші­лік­тің ұштасқан орны. Жарасым тауып, керегесі кең, іргетасы берік болған әр отбасы – мемлекет тыныштығының ке­пілі екені айдан анық. Бүгінгі кейіпкеріміздің отбасында береке орнауына ата-ана тәрбиесінің, отбасындағы рөлінің сеп болғаны анық.

Ақнұр БОЛАТҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: