Соңғы уақытта өңірімізде көлік тізгіндеушілер қатары күрт өсті. Сондықтан болар жол-көлік оқиғалары жиілеп, келеңсіз жайттар орын алуда. Десе де осындай жағымсыз оқиғаларды алдын алу мақсатында тиісті органдармен ауданымызда үздіксіз шаралар ұйымдастырылуда. Иә, елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері қаншама жол-көлік оқиғаларының алдын алды. Мәселен, соның бірі 21-23 тамыз аралығында аудан көлемінде құқықтық тәртіпті сақтау, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатындағы «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып, рейдтік іс-шаралар жүргізілген. Әрине, мұның барлығы аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан іс-шаралар екені сөзсіз. Осы орайда аудан тұрғындарының амандығы мен тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін сала қызметкерлерінің бір күні қалай өтетінін білу мақсатында тәртіп сақшыларының біркүндік жұмысын біз бірге атқаруды жөн көрдік.
Аудандық полиция бөлімінде жұмыс уақыты ерте басталды. Таң атысымен ғимарат ішінде тіршілік қайнап жатыр, сірә үйреншікті жағдай болар, ұйқысын аша алмай, маужырап жүрген ешкім байқалмады. Қызметкерлер таңғы сағат 7.00-де кезекші бөлімнен қару алады екен. Содан кейін бүгінгі жұмыс күнінің міндеттері мен тапсырмалары беріліп, сағат жеті жарым шамасында саптық жиын басталды. Жиында міндетті бөліністерін айқындаған полиция қызметкерлері дереу жұмыстарына кірісіп кетті.
Бұл жолы әріптесім Кенжетай Қайрақбаев екеуміз АПБ Жергілікті полиция бөлімшесіне қарасты патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы Нұрлыбек Жолдастың біркүндік кезекшілігіне түсіппіз. Орда бұзар жаста тұрған жігіттің бұл жұмыста келе жатқанына 8 жылдан асыпты. Өз ісіне деген жауапкершіліктің қандай боларын ол жақсы біледі. Қысқасы, бұл саладағы жұмыстың барлығы оған бес саусағындай таныс.
Бізде полиция қызметкерінің формасын киіп, аға лейтенант Нұрлыбектың «Нива» маркалы жұмыс көлігіне отыра кеттік. Әрине қобалжу бар. Полиция қызметкері дереу бізден қауіпсіздік белдігін тағуды талап етті. «Бүгін менің әріптесім екенсіз, сол себепті тәртіпті әуелі өзімізден бастағанымыз жөн», деген қызметкердің бір ауыз сөзі біз үшін жауапкершілікті одан бетер еселегендей болды.
Көлігіміз кент орталығына жол тартты. Дәуімбай елді мекенінде көлік саны аз ба, ереже бұзғандар кездесер емес. Әрине қуантарлық жағдай. Осы сәтті пайдаланып, полиция инспекторын әңгімеге тартуды жөн көрдік.
Нұрлыбектің айтуынша, қазір кентте көлік саны көбейген. Сол себепті жол жүру ережесі жиі бұзылып жататын көрінеді. “Біздің негізгі мақсат – тек айыппұл салумен шектелмей, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жасап, мейлінше олардың қауіпсіздігіне жұмыс жасау” деп түйді ол әңгімесін. Әріптесімнен көп сөздің емес, істің адамы екені көрінді.
Кент орталығындағы базар маңына тұрақтап, кейіпкерім көлік қозғалысын реттеуге кірісіп кетті. Көлік қозғалысын реттеуде полицейлердің рөлі зор. Өйткені базар маңында таңертең көлік саны көбейеді, көлік жүрісі қиындай түседі. Сол сәтте «Субару» маркалы көлігіне дереу аялдауға бұйырды. Сөйтсек, жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған екен. Полиция инспекторы өзін таныстырып, тоқтату себебін түсіндіре кетті. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 593-бабы, яғни Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау бойынша хаттама толтырып, 5 Аек мөлшерінде айыппұл салды. Сондай-ақ қайталамауды қатаң тапсырды, өйткені екінші рет тағы осылай заңды бұзса, 10 Аек мөлшерінде айыппұл салынады екен.
Автовокзал алдынан өте бергенде “Вольфсваген” маркалы көлік назарымызға ілікті. Автокөліктегі дыбыс күшейткішпен көлікке оң қапталға аялдауды талап етті. Жүргізуші де дереу талапты орындап, көлік қозғалтқышын сөндірді. Дәл жоғарыдағыдай реттілікпен құжаттарын сұрады. Құжаттары түгел. Бір айыбы көлік Жаяу жүргіншілерге жол бермей, жолақты кесіп өткен. Осылайша Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 600-бабы, жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу бойынша хаттама толтырылып, 10 Аек мөлшерінде жүргізушіге айыппұл салынды.
Әрине заң бәріне ортақ, мұндай қатаң шара қолданудың да өзіндік мәні бар. Аяушылық білдіріп, жібере салсаң, уақыт өте бұдан да ауыр заң бұзушылыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан алдын алған абзалырақ екен. Нұрлыбек түсіндірме жұмыстарын да назардан қалдырмады.
Араға 30 минут сала Дәуімбай елді мекеніне өтетін «тесік көпірден» өткенімізде “Ниссан” маркалы автокөлігінің ережені бұзып келе жатқанын байқадық. Біз де қырағылана бастадық па, жан-жақтағы көліктердің барлығын көзбен сүзгіден өткізіп келеміз. Әріптесім көлік тізгіндеген азаматқа оң қапталға тоқтауды талап етті. Тәртіп бұзған көлік иесіне “Қауіпсіздік өзіңіз үшін, сондықтан жылдамдықты асырмай жүруді қаперден шығармаңыз” деп ауызша да, жазбаша да ескерту жасалды.
Нұрлыбектің айтуынша, күніне жүгенсіз көлік жүргізушілерге 10-15-тен аса айыппұл салынады екен. Демек, көлік жүргізушілер тарапынан жол ережесін сақтауға әлі де құлықсыздық басым деген сөз.
- Қызметте жүрген соң жұмыс барысында қойылған талаптарды уақытында орындауға міндеттіміз. Өйткені бұл – адам өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беретін қызмет саласы. Сол себепті полицей қызметкері дене дайындығымен қатар психологиялық дайындықта жүруі қажет. Жол ережесін бұзған азаматтарды анықтау қиын шаруа емес, кенттегі барлық бейнекамерелар жұмыс жасап тұр, сол арқылы дереу әшкерелеуге мүмкіндік бар, – дейді полицей Нұлыбек Жолдас.
Осылайша қарбаласы мол біркүндік жұмыс күні аяқталғасын, қызметтік қару қайтадан кезекші бөлімге тапсырылды. Сырттай қарағанда форма киіп жүретін қызмет болып көрінгенімен, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл қызмет – жауапкершілігі мол жұмыс. Сондықтан “Қауіпсіз ортаны қалыптастыруда тек полиция қызметкерлері ғана жауапты” деген түсініктен арылып, қоғам болып сол жауапкершілікті сезінуіміз қажет.
Жандос ЖАЗКЕН




Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!