Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында білім саласына кеңінен тоқталды. Себебі біздің келешегіміз өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне тікелей тәуелді. «Білім – болашаққа салынған инвестиция» деп бекер айтылмаған. Сондықтан Жолдауда сапалы білім беруге бет бұратын кезеңнің келгенін, соған сәйкес нақты жаңа жобаларды тиянақты жүзеге асыру жайына ерекше тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» деді Президент.
Айта кетейік, бұл мәселе біздің аймағымызда жуырда жүзеге аспақ. Қызылорда облысының 2023-2025 жылдарға арналып бекітілген жоспарына сай 20 мемлекеттік, 12 жеке мектеп салу жоспарлануда. Бұл дегеніңіз біздің өңір Президент берген тапсырманы бағдарға алғанын білдіреді. Олай болса, жаңа Қазақстандағы жаңа Жолдау табыстарға бастайтынына сенімдімін.
Ермұрат Каналхан,
№202 орта мектептің
тарих пәні мұғалімі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!