Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 12:18

Қарты бар ел қазыналы

06.08.2023

618

0

«Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген халық даналығы текке айтылмаса керек. Кеше Таң ауылдық округінің мәдениет үйінде ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп, киелі қара шаңырақтың берекесі болып отырған ауылдың абыз қариялары Шадымұрат Қойбағаров пен Сабырбай Ағыбаев аталарымыздың 80 жасқа толған мерейлі мерекелеріне орай шара өтті.

Шараға аудан әкімі Асқарбек Есжа­нов пен аудандық мәслихат тө­ра­ғасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев бастаған бірқатар абыз ақсақалдар мен ел ағалары қатысты.

Шадмұрат Қойбағаров 1943 жылы 10 қыркүйек күні Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Таң ауылында дү­ниеге келген. 1952 жылы Мөрәлі Шәменов ауы­лындағы №34 «Иіркөл» мектебіне ба­рып, 1962 жылы он жылдық мектепті бітіріп, Коммунизм совхозында бір жыл жұмыс жасаған. 1963 жылы мамыр айында жүргізуші болып жұмысқа қабылданып, 1965 жылы Байқоңыр қаласындағы әскер қа­тарына алынып, үш жыл әскери борышын өтеген. 1969 жылы Таң совхозына жүргізуші болып жұмысқа қабылданған ол 1972 жылы Асыл Шыныбекова анамызбен отау құрып, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде осы балаларынан 20 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Ерен еңбегінінң арқасында «Үздік жүргізуші», «Озат сушы» деген грамоталармен марапатталған.

Сабырбай Ағыбаев Қызылорда облысы Арал ауданы Қасқақұлан ауылындағы Ұзынқайыр елді мекенінде 1943 жылдың 25 қыркүйегінде дүниеге келді. Ұзынқайыр елді мекеніндегі орта мектепке 1950 жылы барып, 1957 жылы бітірді. 1959 жылдан батсап осы елді мекендегі балық заводында жұмыс жасаған. Ұзынқайырдан 1963 жылы Қаратерең елді мекеніне қоныс аударып, 1964 жылы әскер қа­тарына қабылданып, азаматтық бо­ры­шын Ташкент қаласында өте­ген. 1977 жылы Таң ауылына қоныс ау­да­рып, 1978-2006 жылдары аралы­ғында механизатор болып жұмыс жа­саған. Еңбек еткен жылдары түрлі грамо­талармен марапатталған ол 1961 жы­лы Шакизада Ағыбаева анамызбен от­­басын құрған. Бүгінде 8 бала, 30 не­мере, 28 шөбере сүйіп отырған қазыналы қария.
– Киелі Жалағаш жері ел үшін аянбай тер төккен азаматтарға кенде емес. Біз сол азаматтарға лайық­ты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмы­рын басқаларға үлгі, жастарға өнеге етуді басты мақсатымыз деп санап, дәстүрге айналдырып келеміз. Халқы ынтымақты сүйетін, еңбекті ту, бірлікті ұран еткен киелі мекен Таң ауылының береке-бірлігі көпке үлгі. Талай дарынды перзентті тербеткен ауыл өздеріңіз білетіндей егін егумен айналысып, ау­данның ауыл шаруашылығы саласы­ның дамуына қомақты үлес қосып келеді.

Соның ішінде бүгінгі мерейтой иелері Сабырбай Ахметұлы мен Шад­мұрат Үрметұлының өзіндік қол­таң­басы бар. Осындай ардақты әке­ле­рі­міздің өмірі өнегелі, игі істерге толы. 80 жасты еңсеру – екінің біріне бұйыра бер­мейтін биік шың. Сіздердің басты бай­лықтарыңыз – отбасыларыңыз, ұр­­­пақтарыңыз және өнегелі еңбек жол­­­дарыңыз. Сіздердің ғибратты ғұ­мыр­­­­ларыңызды жастарға берсін. Ұр­пақ­­тарыңызбен мың жасап жүре бе­ріңіздер, бүгінгі 80 жасқа толған ме­рей­­тойларыңызбен құттықтаймын – деген аудан басшысы Ас­қарбек Темірбекұлы халқымыздың игі дәстүрі бойынша мерейтой иеле­ріне шапан жауып, сый-сыяпатын табыстады.

Мұнан бөлек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев ауылдың болашағын жарқын ету жолында елеулі еңбек еткен мерейтой иелерінің ауылдың тыныс-тіршілігіне, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі зорын жеткізді. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белесінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайып, алып бәйтерекке айналып отқан қуаныш иелерін облыс ардагерлері атынан марапаттады.

Туған жерді түлету мақсатында ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, елді мекен халқының әлеуетін арттыру сияқты бірнеше жарқын жобаларды жүзеге асырған «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев та 80 жасқа толған ардагерлерді шаруашылықтың атынан құттықтап, ат мінгізіп, құрмет көрсетті.

Халқымызда «Өткенге – құрмет, бүгінге – өнеге» деген қанатты сөз бар. Саналы ғұмырын халық ісіне арнап, ел үшін аянбай еңбек етуді парыз санап, төрден орын алған, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрінген ардақты ардагерлер қашанда құрметке лайық. Ел ертеңін ойлап, өскелең ұрпаққа өнеге болған ардагерлерімізге арналған құрмет көрсету шаралар легі жалғаса бермек.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: