Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

32°C

, Жұма, 06 маусым, 19:45

Қарызы бар адам құрбандық шалмай ма?

05.06.2025

42

0

Биыл Құрбан айт мейрамы 6, 7 және 8 маусым күндеріне сәйкес келіп отыр. Осы күндері шамасы жеткен мұсылман баласына құрбандық шалу – уәжіп амал. Алайда ел ішінде «қарызы бар адам құрбан шала ала ма?», «несиеге құрбандық шалуға бола ма?» деген сауалдар жиі көтеріледі. Осы өзекті мәселеге нақты діни түсінік беру мақсатында біз Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми өкіліне жүгініп, шариғат тұрғысынан жауап алдық, деп жазады Egemen.kz.

Құрбан айт – күллі мұсылман жұрты үшін қасиетті әрі қуанышты мейрам. Бұл күн Ыбырайым пайғамбардың Алланың сынағына шын жүрегімен мойынсұнып, ұлы Ысмағұлды құрбан етуге бекінген оқиғасына негізделген. Алайда Жаратушы оның ықыласы мен сенімін қабыл алып, орнына құрбандыққа қошқар түсірген. Осыдан бастап, мұсылмандар жағдайы жетсе, Алла разылығы үшін мал шалып, етін мұқтаждарға тарату арқылы сауапқа кенеледі. Бірақ бұл амалдың орындалу шарттары мен шариғи талаптары бар.

Қоғамда көпті алаңдататын сұрақтың бірі – қарызы бар адам құрбан шала ма, жоқ па? Әсіресе, несие мен берешекке белшеден батқан заманда бұл тақырып тіпті өзекті.

«Қарызды өтелімі тұрғысынан екі түрге бөлуге болады. Мерзімінде қайтаратын және күттірмейтін қарыздар. Иесі күтіп отырған қарызды дереу қайтару қажет. Осындай қарызы бола тұрып, құрбандық шалу дұрыс емес. Себебі мұндай кезде алдымен қарыздар бірінші өтелуі тиіс. Сондай-ақ шариғат бойынша құрбандық шалу мал-дүниесі жеткілікті бай адамға міндет. Бүгінгі күнде 40 қойы немесе 30 сиыры бар адам немесе өзінің қажеттілігінен артық 2 млн 750 мың теңгесі бар кісі бай есептеледі. Ал мал-дүниесі осы мөлшерге жетпейтін болса, онда ол адам бай боп саналмайды. Дүниесі байлық мөлшеріне жетпеген адамға құрбандық шалу міндет емес», деді ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.

Сонымен қатар халық арасында бір қой шалынса, бүкіл отбасына жетеді деген түсінік қалыптасқан. Бұл қаншалықты дұрыс?

«Қой немесе ешкіні бір адамның атынан, сиыр немесе түйені жеті адамға дейін шалады. Әдетте отбасы бір адамның (отағасы) атынан құрбандық шалады. Егер жұбайы немесе балаларының жеке мал-дүниесі болып, оның мөлшері байлыққа жетсе, онда әркім жеке-жеке өз атынан құрбандық шалады. Құрбандық шалу үшін балиғат (кәмелет) жасына жету шарт емес. Егер кішкентай сәби баланың өзінің жеке мал-дүниесі жетіп тұрса, әкесі сол баласының атынан құрбандық шалуы тиіс», деді Хасан Аманқұл.

Кей адамдар құрбан шалғысы келіп, бірақ қаражаты жетпей, несиеге немесе қарызға мал алып жатады. Шариғат бұл жағдайға не дейді?

«Құрбандықты қарызға алуға болады. Бірақ алған қарызын қайтара алуы керек. Егер қарыз алып, оны қайтаруға қиналып қалатын болса, қарызға құрбандық алмағаны дұрыс. Дегенмен құрбандықтың қабыл болуы немесе қабыл болмауы Аллаға ғана аян! Мұсылман адам әрбір істеген игі ісінің қабыл болуын үміт етеді», деп жауап берді дін маманы.

Ал уақыт тығыз немесе мал табылмаса, адам құрбандықты айт күндері шала алмай қалуы мүмкін. Алайда, имам үш күн ішінде құрбандық шалуға үлгеру керектігін айтты.

«Құрбандық айттың үш күнінде шалынады. Құрбан шалу айт намазы оқылған уақыттан басталып, үшінші күннің күн батуына дейін жалғасады. Демек осы үш күн ішінде құрбандық шалуға үлгеру керек. Бірақ осы күндері құрбандық шала алмаса, не істейді? Кедей адам құрбандыққа мал сатып алып, құрбандық шала алмаса, сол малды тірідей садақа етеді. Бай адам мал сатып алса да, сатып алуға үлгермесе де, сол малдың құнын (ақшасын) садақа етеді (Фатху бәб әл-ғиная, 3-том, 283-287 б.)», деді ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.

Дініміз адамға ауырлық емес, әрдайым жеңілдік қалайды. Имам айтқандай, құрбандық – байлық иесіне жүктелген міндет, ал шамасы жетпеген адамға шариғатта кешірім мен кеңдік бар. Ең бастысы –  таза ниет. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: