Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сейсенбі, 11 ақпан, 08:12

Қауіпсіздік бәрінен маңызды

28.12.2024

340

0

Ұлу жылын да қорытындылар сәт таяды. Бұл тұста жергілікті жұрттың Жаңа жыл мерекесін күтетіні белгілі. Әлбетте мерекені көтеріңкі көңіл-күймен атап өту үшін безендіруден бөлек от шашулардың да түр-түрін алуға асығатындар жоқ емес. Бірақ пиротехникалық бұйымдарды мереке қарсаңында пайдаланудың да өзіндік ережесі бар. Ал оны қаперге алмасаң, қапы қалуыңыз ғажап емес.

Осы ретте аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Баймағанбетов пен төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Еркін Назарқұлов БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Брифингте спикерлер пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудың ережелерін кеңінен тарқатты.
Иә, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында сауда орындарында пиротехникалық заттарды сату белсенді жүзеге асатыны белгілі. Осындай тауарлардың арасында сапасы төмен немесе сертификатталмаған, сондай-ақ ресми құжаты жоқ бұйымдар да кездеседі. Мұны спикерлер де жоққа шығармады. Сондықтан пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында адамдар көп шоғырланатын орындарда сала мамандары рейдтік іс-шараларды жүргізуде.
Брифингте мұнан бөлек пиротехникалық бұйымдарды кәмелетке толмаған балаларға сатуға, қолдануына жол бермеу керектігі айтылды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі туралы айтылып, тілсіз жаудың тұтануына басты факторлар тілге тиек етілді. Спикерлердің сөзіне сенсек, көбіне қызыл жалын қауіпсіздік ережесін сақтамаудан туындайды.
– Қауіпсіздік қаперде болмаса, бәрі бекер. Біздің күнделікті түсіндірме жұмыстарын күшейтіп жатқанымыздың да басты мақсаты сол, яғни төтенше жағдайдың алдын алу. Көп жағдайда біз неге мән бермейміз? Әр нәрсені пайдаланудың өзіндік талап-ережесі болады. Ал соның бірін сақтамасаң, төтенше жағдайдың орын алуына сол да жеткілікті. Сондықтан бірінші кезекте қауіпсіздік талаптарына аса мән берген дұрыс. Осыған дейін ауданда қанша төтенше жағдай орын алды? Соның барлығы қауіпсіздік ережелерінің бұзылуынан туындап отыр. Төтенше жағдайлармен күресу және оның алдын алу – біздің негізгі міндетіміз. Бірақ осының екіншісінде қарапайым кез келген адамның да өзіндік үлесі болуы керек. Яғни кез келген адам қауіпсіздік ережелеріне мән берсе, төтенше жағдайдың алдын алуға қосқан үлесі болар еді. Мәселемен күрескеннен оның алдын алған кімге болса да тиімді. Біздің түсіндірме жұмыстарын күшейтіп жатқанымыз да сондықтан, – дейді Еркін Назарқұлов.
Сала мамандары аудан тұрғындарына қауіпсіздік ере­желерін қатаң сақтауды, сертификатталмаған пиротехниканы қолдану өртке себеп болатынын, сондай-ақ тұрғын үйлерде осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, «Пиротехника» жедел профилактикалық алдын алу шарасы келер жылдың 3 қаңтарына дейін жалғасады. Барлық анықталған заң бұзушылық фактісі бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Брифинг соңында спикерлер БАҚ өкілдерінің де бірқатар сауалын жауапсыз қалдырмады.
Сала басшыларының сөзіне алып-қосарымыз жоқ, сайып келгенде сөздің төркіні қауіпсіздік талаптарын сақтауға үндейді. Расында олар бұған дейін де жай жатқан жоқ. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін орман-тоғай да аралайды, өзен-көлдерді де жағалады. Көзіне түскендерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп әлек. Аудан жұртына мейлінше оқыс жағдайлардың неден туындайтынын, оның алдын алу үшін не істеу керектігін түсіндіреді. Тек соның нәтижесіне көз жеткізу үшін қауіпсіздік талаптарына бәріміз бағынуымыз керек.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: