Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сәрсенбі, 24 желтоқсан, 15:41

Қазақстан азаматтары 79 елге визасыз кіре алады

24.12.2025

5

0

2025 жылы Қазақстан паспорты халықаралық аренада өз позициясын айтарлықтай нығайтып, өңірдегі ең «күшті» құжаттардың біріне айналды. Қазақстан азаматтары бүгінде 79 мемлекетке визасыз сапарлай алады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық Азиядағы көшбасшы

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан визасыз елдер саны жағынан Орталық Азияда бірінші орынға шықты. Еліміз бұл көрсеткіш бойынша Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанды басып озды.

ICAO стандарттарына 95,7% сәйкестік

Қазақстан паспортының сенімділігін 2025 жылғы 30 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өткен авиациялық қауіпсіздік аудиті де растады. Нәтижесінде Қазақстан – 95,7% сәйкестік көрсетті. Әлемдік орташа көрсеткіш – 72%, Еуропадағы орташа деңгей – 87,9%. Бұл көрсеткіштер құжаттың жалған жасалуынан жоғары деңгейде қорғалғанын және халықаралық талаптарға толық сай екенін білдіреді.

Жаңа паспорт: күшейтілген қорғаныс пен барыс бейнесі

2025 жылғы 3 шілдеден бастап Қазақстанда паспорт пен жеке куәліктің жаңартылған үлгілері беріле бастады. Құжаттарда қорғаныс деңгейі айтарлықтай күшейтілді. Атап айтқанда:

– қосымша қорғаныс элементтері енгізілді;

– визуалдық және технологиялық сипаттамалар күрделендірілді;

– қорғаныс элементтерінің бірі ретінде барс бейнесі қолданылды.

Бұл өзгерістер жалған құжаттарды тез анықтауға және отандық паспортқа деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

Барыс неліктен таңдалды?

Аслан Аталықовтың айтуынша, барыс – мемлекеттің символикасымен тығыз байланысты бейне. Ол күш, тұрақтылық пен тәуелсіздікті білдіреді. 

Қарттар паспортты үйден шықпай-ақ алады

ІІМ қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Егде жастағы және қозғалысы шектеулі азаматтар үшін үйге барып құжат рәсімдеу қызметі көрсетіледі. Сол орайда, Көші-қон қызметінің мамандары:

– мобильді жабдықпен азаматтың үйіне барады;

– фотоға түсіріп, қолтаңбаны сол жерде қабылдайды;

– ХҚКО-ға бару қажеттілігін жояды.

2025 жылы құжат рәсімдеген ең жасы үлкен азаматтар – 1915 жылы туған, Қостанай, Ақтөбе облыстарының екі тұрғыны. Екеуі де 110 жаста.

Шетелде паспорт алу – 30 күнде жүзеге асады

Қазақстанда құжаттандыру саласы белсенді түрде цифрландырылып жатыр. Қазіргі уақытта:

– электронды өтініш 99 шетелдік мекемеде қабылданады;

– қызмет 71 елде қолжетімді;

– шетелде паспорт алу мерзімі 6 айдан 30 күнге дейін қысқарды.

2025 жылғы көрсеткіштер

Жыл басынан бері Көші-қон қызметі – 1,9 млн жеке куәлікті, 1,1 млн Қазақстан паспортын, 303 мың баланың паспортын рәсімдеген.

Паспорт – мемлекеттің беделі

Бүгінде Қазақстан паспорты – тек шекарадан өту құжаты емес, ол мемлекеттің беделін, технологиялық деңгейін және халықаралық сенімділігін көрсететін маңызды көрсеткішке айналды. Визасыз елдердің көбеюі, қорғаныстың күшеюі және цифрландыру Қазақстан азаматтарының әлемге ашықтығын арттырып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: