Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:58

Қомақты қаражат салаға серпін береді

23.05.2023

333

0

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көп. Соның бірі 2001 жылы құрылған «Аграрлық несие корпорациясының» активтері 1 трлн теңгеден асады. Осы уақытқа дейін 79 мың азаматқа өз кәсібін ашу үшін қолдау көрсеткен аталған несие корпорациясы ауыл шаруашылығы саласының 80 пайызын несиелендіруде. Ал биыл «Аграрлық несие корпорациясы» Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласымен айналысуға ниетті азаматтарға 9 млрд теңге бөлуді қарастырып отыр. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев хабарлады.

– «Аграрлық несие корпорациясы» кәсіпкерлерге бір­неше бағытта қаржылай қолдау көрсетеді. Мәселен, аталған саламен айналысқысы келетін жандарға тікелей және екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіреміз. Бұдан бөлек біздің корпорация несиелік серіктестіктермен қатар микроқаржылық ұйымдармен тығыз байланыста. Ал Қызылорда облысында 8 несиелік серіктестік қызмет етеді. Биыл Сыр өңіріне ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 9 млрд теңге бөлінсе, оның 5 млрд теңгесі игерілді. Ал жыл соңына дейін қалған 4 млрд теңге жоспарға сәйкес игеріледі. Сондай-ақ несие алушыларға тиімді жағдай жасау мақсатында мобильді қосымша енгізуді қолға алып жатырмыз. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендерде тұратын жандарға тиімді болмақ. Жыл соңына дейін несиелік шарттарды онлайн тіркеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар кепіл мүліктерді арнайы плат­форма арқылы нарықтық бағада сәйкестендіретін бола­мыз. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының кепіл мүліктерін арзандатуға жол бермейді, – деді Айдын Еділханұлы.
Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» 4 бағдарлама негізінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және осы жылы іске асқан «Жас­тарға арналған микроқаржыландыру» бағдарламасы өз жұмысын бастады.
– Көктемгі егін және өнім жинау жұмыстарына арнал­ған «Кең дала» бағдарламасының жылдық пайызы – 5. Ал «Агробизнес» бағдарламасы ауыл шаруашылығы са­ла­сының кез келген бағытын қаржыландырады. Жылдық пайызы – 6. Үшінші «Іскер» бағдарламасы кә­сі­бін енді бастап жатқан азаматтарға арналады. Бұл бағ­дарламаның жылдық пайызы – 6. 7 жыл мер­­зімге беріледі. Ал биыл басталған жаңа жоба «Жас­тарға арналған микроқаржыландыру» бағдарламасы 21-35 жас аралығындағы кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие қарастырылған. Жылдық мерзімі 5-7 жылды құрайды, – деді «Аграрлық несие корпорация» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Маханбет Тұрмаханов.
Айта кетейік, «Аграрлық несие корпорациясы» Қызыл­орда облысы бойынша жыл сайын 10 млрд теңгеге жуық қаражатты игеруде. Соның негізінде мыңнан астам кәсіпкер қаржылай қолдауға ие болған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Ерлан АНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: