Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Жұма, 29 наурыз, 16:34

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығына орай салтанатты жиын өтті

04.12.2022

1192

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығына орай «Ұлттық руханияттың ұлы ордасы» атты салтанатты жиын өтті. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, ЖОО-ның басшылары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Салтанатты шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығымен құттықтап, оқу орны еліміздегі білім саласының дамуына елеулі үлес қосқанын жеткізді.

Ал облыс әкімінің орынбасары Сақтаған Нұрымбетов батыл бастамалар, тың ізденістер мен кәсіби жетістіктердің арқасында университет отандық жетекші жоғары оқу орындарының арасында лайықты  орын алып отырғанын атап айтты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова бірегей білім ордасы осы кезге дейін мыңдаған шәкірттің жарқын болашағына жолдама бергеніне тоқталды.

«Қасиет құндақтаған қара шаңырақ» атты білім ордасының 85 жылдық тарихын баяндайтын бейнероликтен басталған салтанатты жиын «Таным тұмары» атты хореографиялық театрландырылған қойылымға ұласты. Шарада ұлағатты ұстаздар мен ғалымдарға құрмет көрсетіліп, оқу орнының тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі баяндалды.

Жиында бірқатар профессор-оқытушылар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің «Құрмет Грамотасы» және Алғыс хаттарымен, Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚР ЖОО қауымдастығының «Ахмет Байтұрсынов атындағы Орденімен», Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін белгісі», «Құрмет грамотасымен»  марапатталды. 

Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлына, Екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Садановқа,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлына  «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» атағы табысталды.

FB_IMG_1670082103850.jpg
FB_IMG_1670082118957.jpg
FB_IMG_1670082110041.jpg
FB_IMG_1670082115406.jpg
FB_IMG_1670082123217.jpg
FB_IMG_1670082126010.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: