Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен құрылыс саласын, трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері талқыланған Үкімет отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген мәселелерге орай жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктелді.
– Биылғы 10 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 193 млрд. 900 млн. теңге болып, өңіріміз республикада бірінші орынға тұрақтады. Құрылысқа мемлекеттік бюджеттен 128 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, 197 нысан салынуда.
Ендігі міндет – басталған жұмыстарды аяқтап, нысандарды пайдалануға беру. Бекітілген эскиздік жобадан ауытқымауды, ішкі әрлеудің сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Тұрғын үйлердің де сапасына және инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуына баса мән берілсін», – деді Н.Нәлібаев.
Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында қаржыландырудың барлық көзінен 701,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес 863,9 мың шаршы метр тұрғын үй салу межеленіп, жоспар артығымен орындалуда. Жыл басынан бері 772,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,9% құрады.
Бүгінде 1 мектеп қолданысқа берілді, қалған 3-і жыл соңына дейін пайдалануға қабылданса, 6 мектепті алдағы жылы іске қосу жоспарлануда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 15 нысанның құрылысын жүргізуге бюджеттен 5,2 млрд.теңге қаржы бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1 дәрігерлік амбулатория, 8 спорт кешені, 4 ауылдық клуб, 8 инженерлік желі салуға 1,5 млрд.теңге берілген. Ал тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39,1 млрд. теңге қаралып, жыл қорытындысымен 2 500-ге жуық пәтер табысталмақ.
Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында жеті қабатты 6 кредиттік үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін жеке құрылыс салушылардан 1954 дайын пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінде 1060 пәтер сатып алынды, оның 317-сі Қызылорда қаласында, қалған 538-і аудандарда.
Алдағы жылы бес қабатты 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеті қабатты 10 тұрғын үй құрылысы басталмақ. Сонымен бірге, республикалық бюджет қаржысы есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 275 жаңа пәтер сатып алу қарастырылған.
Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, алдағы мерекелер қарсаңында баға тұрақтылығын, коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын, қауіпсіздік шараларын рейдтік тексеруді тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!