Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 14:55

Қуанса, бала қуансын

30.05.2023

424

0

«Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтқандай, бала – біздің басты байлығымыз. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген еді.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, ерекше жағдайдағы балалардың өнерін ашу, өнерге деген қызығушылығын арттыру, өмірге деген құштарлығын ояту мақсатында 1 мау­сым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдар­ла­малар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлі­мінің ұйымдастыруымен «Балалар бақытты болу үшін жаралған» атты мерекелік шара өтті.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, балаларға ізгі тілегін білдірді. Шара барысында өнерпаз өрендеріміз ән мен биден шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салды.
Мерекелік ша­ра мұнан әрі спорттық жарысқа ұласты. Спорттық сайысқа 34 бүлдіршін қатысып, дартс, дойбы, эстафета, қолөнер сынды спорт түрлерінен бақ сынады. Жарыс барысында балалар салған суреттер мен қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме де ұйымдастырылды.
Спорттық шараның нәтижесінде эстафетадан І орынды Асылзат Қуанышбай, ІІ орынды Арсен Төлеубай, ІІІ орынды Саят Кенжеқара иеленді. Дартс сайысының қорытындысы бойынша Саят Қалдан І орынды, Нұрай Мақсұт ІІ орынды, Айару Рысбай ІІІ орынды қанжығасына байлады. Дойбыдан Фархат Әлдебай І орынды, Гүлім Ақылбек ІІ орынды, Мадияр Аманкелді ІІІ орынды иеленді. Ал қолөнер сайысында Зере Мар­хабат І орынды, Ботакөз Бауыржан ІІ орынды, Нұрай Әнуарбек ІІІ орынды алды.
Жеңімпаздарға арнайы дипло­мдар, медальдар және бағалы сыйлық­тар­ табысталды. Сонымен қатар шарада өнер көрсеткен бүлдіршіндер мен жарысқа қатысқан балалар, көрермен болып отырған бала­қайлар да назардан тыс қалмай, бағалы сыйлық­тарды иеленді. Мұнан бөлек шара барысында балаларға фуршет ұйымдас­тырылып, тәттілер ұсынылды.
Мерекелік шараға аудандағы ірі шаруа қожалық­тардың бірі «Сәрке батыр» ЖШС мен ауданға белгілі кәсіп­керлер, кент және ауылдық округ әкім­дерінің әлеуметтік ма­мандары демеушілік білдіріп, өз үлестерін қосты. Сондай-ақ шара соңында белгілі кәсіп­кер, «Батырбек» дүкенінің иесі Жеңісбек Бисенбаев балаларға бақытты шақтың бал дәмі, тегін балмұздақ таратып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: