Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аясында редакция ұжымы Оспан Жанұзақ ақсақалдың шаңырағына бардық. Оспан атаның ата-бабалары заманында кеңес үкіметінің солақай саясатына қарсы шығып, әділдік іздеу жолында қуғын-сүргінге ұшыраған.
– Нұрлыбай деген кісіден 5 бала болады. Мен – сол 5 баланың біреуінен тараған ұрпақпын. Біздің аталарымыз кедейшілік пен ашаршылық заманды басынан өткерген. 1930 жылдары Кеңес билігінің озбырлық саясатына шыдамаған халық Қарақұмды паналайды. Дегенмен халыққа түрлі салық салынып, әсіресе егін егіп көрмеген малшылардан астық талап ету шектен шықты. Зорлықтан құтылу мақсатында қазақтар қолындағы малын дәнді-дақылға айырбастап, салық төледі. Езгіден әбден ашыққан халық бас көтеріп, солақай саясатқа қарсы шығады. Көтерілістен қаншама адам жапа шегеді. Содан жазалау жасағы Қарақұмды паналап жүрген қазақтардан тазалау операциясын жүргізіп, құмдағы ауылдарды Сыр бойына күштеп көшіреді. Бірақ бірқатар көтерілісші сай-сайды паналап, жасырынып қалды. Олардың кейбіреуі 1940-1950 жылдарға дейін Қарақұм мен Қызылқұмда жасырын тіршілік етті. Әлментай, Өлментай деген аталарымыздың ұрпақтары сол зұлмат кезді басынан өткерді. Сол тұста бала-шағасын, отбасын Қараөзектің бойына көшіртіп, өздері Қарақұмға бас сауғалап, әбден азап шегеді. Сөйтіп 1947 жылға дейін, яғни 17 жыл бойы қашып, қуғында жүреді. Жазалаушы қызыл әскер жасақтары Қарақұмды жан-жақтан қыспаққа алып, ұсталғандарды атып, айдауға салып, еріксіз жұмысқа жегеді. Шекарадан асқандары Өзбекстанға бас сауғалайды, – деп Оспан ақсақал сол заманнан естіген естеліктерінен қысқаша айтып берді.
– Хан болды әмір етіп Жұмағазы,
Құдайға тәкпір-зікір айтқан назы.
Тілектес дін қарындас мұсылман деп,
Тиіпті ханның жазған бір қағазы.
Шартына шариғаттың тура келді,
Естіген бұл жұмысты тура халқы.
Шөмекей, Алтын, Жаппас, көштік Табын,
Қыпшақ та көтерілді естіп даңқын.
Халайық, Қарақұмға келдік тегіс,
Жаудан да хабар бар еміс-еміс, – деген Қарақұм көтерілісінің рухани жетекшілерінің бірі, ақын Тәуекел Боранбайұлының жыр шумақтарынан сол заманның қасіретін сезінуге болады.
Иә, Кеңес өкіметі орнағаннан-ақ қазақтар әртүрлі қысымға ұшырады. Яғни Кеңес билігі өз азаматтарын туған елінен бездіріп, сол кездері қазақтардың негізгі күнкөріс көзі болған төрт түлік малын тартып алып, бала-шағасымен қоса қаңғыртып жіберді. Тәркілеу науқаны аяқталған соң да бай ұрпақтарын қудалауды жалғастыра берген. Осылайша бұл науқан қазақ даласындағы дәстүрлі мал шаруашылығын күйретуге әкеліп, соның салдарынан байларды айтпағанның өзінде кедейлердің тұрмыс жағдайы одан бетер қиындап кетті. Сөйтіп 1928 жылы басталған тәркілеу, ұжымдастырудың соңы халық наразылығын тудырып, жұртшылықтың көтерілісіне ұласады. Кеңес өкіметіне қарсы шығып, наразылық білдіргендер жаппай ұсталып, бірі атылса, бірі жер аударылып, қамауға алынады. Шаш ал десе, бас алатын шолақбелсенділердің заманы туып, жаппай жазалау шаралары жағдайды мүлдем шиеленістіріп жібереді.
Иә, Кеңес билігінің мәселені бейбіт жолмен емес, әскери соққы беру арқылы шешім қабылдағанын архивтік деректер айғақтауда. Мысалы, Оспан ата айтып отырған кейіпкерлер мен сол заманғы қасіретті оқиғалар тарихы Ахмет Тілеулиевтің «Қарақұм» атты кітабына толықтай түсірілген.
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Өткен ғасырдың басынан елуінші жылдарына дейін созылған түрлі саяси науқандар, зұлмат-сүргіндердің ащы зардабын барша Кеңес халқы татты дегенімізбен, дәл қазақ халқы сияқты рухани, демографиялық апатқа, орны толмас қасіретке ұшыраған бірде бір ұлт жоғы рас.
Иә, ата-бабаларымыздың қазақ деген ұлтты сақтап қалуда басынан өткерген қасіретті жылдардың тарихын өскелең ұрпақ ешқашан естен шығармауға тиіс. Осы орайда аудан көлемінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тоқсанды алқымдаған Оспан ақсақал да мұндай тағылымды шараларға белсене қатысып, басы-қасында жүреді екен.
Мәселен, 2014 жылы аудандық ардагерлер ұйымының бастамасымен «Қарақұм көтерілісінің ізімен» атты экспедиция ұйымдастырылып, экспедиторлар көтеріліс болған жерлерді аралайды. Сол экспедицияның басы-аяғында Оспан ата да болады. Экспедиция нәтижесінде сол заманда Қарақұмдағы бақылау бекеті қызметін атқарған төбеге «Әлментай шоқысы» деген ат беріліп, басына белгі-ескерткіш қойылады. Қарақұм көтерілісінің бас мергені Әлментайдың атымен аталған. Жылда аудан азаматтары, оқушылар, жастар осы төбеге барып, Қарақұм көтерілісі болған жермен танысып, құрбан болған ата-бабаларымыздың рухына құран бағыштайды.
Осылайша біз Оспан ақсақалдың солақай саясаттың құрбаны болған ата-бабаларымыздың тарихы жайлы өзекті әңгімесін тыңдап қайттық. Иә, ойында өрісі бар осындай ақсақалдарымыздың әңгімесі мен тағылымы өскелең ұрпаққа қашанда қажет екені сөзсіз.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!