Қазір қоғамда азық-түлік қымбатшылығы, соның ішінде қант бағасының күрт көтерілуі жиі айтыла бастады. Расымен қант бағасы шарықтау шегіне жетті. Қант тапшылығы тәттіге құмар балалардан бөлек, шекерсіз шекесі шыпшып шәй іше алмайтын ересектерге ауыр тиген сияқты. Бұрын келісі 200-300 теңгеден сатылған қанттың құны қазіргі уақытта үлкен қалаларда 700-800 теңгеге дейін көтерілгенін естіп жүрміз. Бұған не себеп?
Мамандардың айтуынша, қазірде еліміз қант өнімін шет елдерден сатып алады екен. Онда да шет мемлекеттерден келетін қанттың шикізаты ақ қызылша емес, қант қамысы. Біздің елімізде қызылша тұқымын егіп, оны күтіп-баптап өнім алу үшін қырауар қаржы қажет етеді екен. Соның салдарынан өңірлерде орналасқан қант зауыттарының шикізаты азайып кетіпті. Нәтижесінде Кеңес одағының тұсында жұмыс істеген еліміздегі 8 қант зауыты жұмысын тоқтатып, жабылып қалған. Ал әлгі тропикалық және субтропиктік аймақтарда өсетін қант қамысы қызылшадан әлденеше есе арзанға түсетін көрінеді. Қазір әлем бойынша қант өнімінің 70 пайызы сол қант қамысынан алынатынын айтады мамандар.
Ал ҚР Сауда және интеграция министрлігі елімізде азық-түлік өнімдерін өндіру тоқтатылмайтынын, қорлар жүйелі негізде толықтырылып отыратынын жеткізді. Аталған министрліктің сөзіне сенсек, бүгінде республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры жинақталып тұр. Соның ішінде 47,6 тонна қант бар екен. Бұл жиырма млн халықтың басына шаққанда аз ба, көп пе?..
Тоқсаныншы жылдардың басында ауылда екі жыл қатарынан қант қызылшасын екті. Жалпақ жапырағы жайыла жайқалып, бітік шықты. Ол кезде мектеп оқушысымыз, күзде сол қызылшаны сынып-сынып болып кезектесіп жинауға барғанымыз есімде. Біздің міндетіміз – ауыл сыртындағы егістік алқаптарда тау-тау болып үйілген қозының басындай ақ қызылшаларды көліктерге тиеп жіберу. Одан ары қарай қайда алып баратынын білмейміз. Оны білуге құштар да емеспіз, біз үшін аса қызық та емес. Бірақ кейін білдік, егіс басындағы тау болып үйілген қант шикізатын Жамбыл облысындағы қант зауытына жөнелтеді екен. Тоқсаныншы жылдары тек қант қана емес, жаппай азық-түлік тапшылығы күйіп тұрған кез еді. Сол біздің ауылдан шикізат есебінде Жамбылдың зауытына кеткен қызылшадан ауылдың халқы қантқа қарық болды дегенді де естімедік.
Бірақ осы қант қызылшасының біздің өңірге бітік өсетінін білдік сол кезде. Ендеше дәл қазіргі уақыттағы қант тапшылығын жою үшін қызылша егуді неге қайта қолға алмасқа?! Жиналған өнімді тонналап Алматы, Жамбыл асырмай-ақ, өзімізге шағын цехтар салып, қант шығаруға да болар еді…
Тоқсаныншы жылғы тоқырауда азық-түлікпен бірге тұрмыстық заттардың көбі нарыққа шықпай қалды. Сауда айналымында барларының өзі өте қат, дүкендер мен базарлардан таба алмайсың. Алыпсатарлардың қолында жүреді. Солардың бірі күнделікті қолданатын, тұрмысымыз үшін аса қажетті кір сабын еді. Әлі есімде, ауылдағы саудагер ағаларымыз өздері жиі баратын Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттерінде бір кір сабынның бір қойға айырбас жасалатынын айтып келетін. Яғни ол кезде бір сабынның бағасы бір қойдың құнымен тең болған.
Бірде үйдегі кішкентай қарындасымыз екеуміз шешемізге еріп, ауыл сыртындағы қалың сексеуіл тоғайына бардық. Шешеміз үйден алып шыққан үлкен алашаны сексеуілдің түбіне жайып, шырпысын ағашпен қағып түсіріп, бір жерге жинап, қураған сексеуілмен тұтатып өртеді. Күлін шелекке салып ауылға алып келдік. Шешем отырып алып, өзі айлап жинап жүрген қанар қаптағы малдың кепкен сүйектерін темір келіге салып әбден түйіп ұнтады да, ошақ сарайдағы үлкен ескі қазанға салып қайнатты. Бірнеше сағаттан соң сексеуілдің сілтісі мен сүйектің ұнтағы ақкөбіктенді, одан соң қоюланып іркілдеп қалды. Бір тәулік тұрып, тұнған соң қазанды төңкеріп, пышақпен алақан аясына ыңғайлы етіп кесектеп кесті. Кір сабын дайын. Дүкеннің сабынынан артық болмаса, кем емес. Туған-туыс пен көршілерге де үлестірді. Қазақ бұны «қара сабын» дейді екен. Шешеміз «сақар сабын» дейтін және қолдан қайнатқан сол сабынның тек кір-қоң жууға ғана емес, адам бойындағы дерттерді сонымен бірге мал ауруларын емдеуге пайдаланатынын айтып отыратын.
Қазір кір сабынның да нарықтағы бағасы аспандап тұр. Бірақ сонда да дүкен сөрелеріндегі ең өтімді тауарлардың бірі сол – сабын. Тұтынушылар талап алып жатыр. Сақар қайнатып, сабын жасап пайдаланып жүрген ауыл әйелдерін естімедім. Әйтпесе сексеуілдің шырпысы да, малдың сүйек-саяғы да далада босқа шашылып жатыр емес пе?!
Қуат АДИС
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!