Қызылорда облысында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды. Тамыздың 1-нен бастап қыркүйек айының 30-на дейін жалғасатын шара «Мектепке жол-Шекарасыз жақсылық!» ұранымен өтпек.
Аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша оқушылардың мектепке бармауының алдын алуды мақсат тұтқан акция аймағымызда он бес жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
«Осы 15 жыл ішінде облыс бойынша демеушілер есебінен 200 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 3,5 млрд. теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Оның ішінде, былтыр «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 5 мыңға жуық балаға материалдық көмек берілді.» – деді облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісова.
Биыл да жылдағы дәстүр жалғасатынын акция барысында мектеп жасындағы балаларды білім ұйымдарында оқумен қамту, әсіресе күн көрісі төмен отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Ол үшін Қазақстан Республикасының әрбір азаматы ат салысып, көмек көрсете алады.
Айта кетейік, көмек алу үшін азаматтар білім беру ұйымдарына (мектепке) өтініш пен жоғарыда аталған санатына жататындығы туралы дәлелдейтін құжаттарын тапсырады. Әлеуметтік көмек көрсету туралы сұрақтар туындаған жағдайда облыстық білім басқармасының 60-54-81 сенім телефонына хабарласуға болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!