Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 15:37

Салада серпін бар

07.01.2024

408

0

Кәсіпкерлік саласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі болып табылады. Сондықтан бұл саланың көрсеткіштерінің қорытындысы ауданның рейтингісіне әсері зор. Иә, бүгінде өңірде сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, сол арқылы өзімен қоса аудан азаматтарын да жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті тұрғындардың қатары едәуір артқан. Өйткені жалағаштықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінді. Сондай-ақ салаға жауапты мамандар тарапынан халықты кәсіпкерлікке үгіттеу, оқыту секілді жұмыстардың да үздіксіз жүруінен жалағаштықтар мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдалана бастады. Жалпы саладағы бірқатар сауалға жауап алу үшін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбетпен сұхбаттасқан едік…

– Жасұлан Ерданұлы, қазіргі уақыт­та аудан бойынша қанша кәсіп­керлік субъектісі бар?
– Қазіргі таңда жалағаштықтардың кәсіппен айналысуға деген құлшынысы жоғары. Өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру мақсатында жекелеген аза­маттар біздің мамандарға жүгінеді, біз сол бойынша жол көрсетіп, қолдау білдіреміз. Жалпы 2023 жылдың 11 айында аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 149 бірлікті, оның ішінде 3008 субъектісі немесе 95,5 пайызын нақ­ты жұмыс жасап тұрғандар құрап отыр. Ал тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъек­ті­ле­рінің саны – 141. Жыл басымен са­лыстырғанда 65 бірлікке көбейген.
– Бүгінде аудан бюджетіне ин­вес­тиция тартылу деңгейі қандай?
– 2023 жылы ауданға 18 млрд 769 млн теңге инвестиция тарту жос­пар­ланған, 11 айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 15 млрд 385 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 178,2 пайызға орындалды. Ауданның өнер­кәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке сек­тор­лары арқылы 2023 жылдың 11 айында 29 млрд 422 млн теңгені құ­рай­тын өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тырғанда 101,5 пайызға жоғары орын­далып отыр. Оның ішінде өңдеу өнер­кәсібінің көлемі 103,6 пайызға артып, 6 млрд 577 млн теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар аудан бойынша бөлшек сауда айналымының көлемі 11 айда 3 млрд 179,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,9 пайызға орындалып отыр.
– Өңірде шағын және орта кә­сіпті қолдау жұмыстарына көңіліңіз тола ма?
– Мемлекеттік және өңірлік бағдар­ламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында аудан бойынша жыл басынан 158 жоба 4 546,2 млн теңгеге қаржыландырылды. Нақтырақ тоқталсам, мал шаруа­шы­лығы бойынша 101 жоба 1503,3 млн теңгеге, егін шаруашылығында 11 жоба 1 003 млн теңгеге, ауыл шаруашылығы және ар­найы техника сатып алу бойынша 18 жоба 700,2 млн теңгеге, өңдеу са­ласы бо­йынша 7 жоба 361,2 млн теңге­ге, қыз­мет көрсету 10 жоба 166,4 млн теңгеге және басқа да түрлері бойын­ша 11 жоба 811,7 млн теңгеге қаржылан­ды­рылды.
– Аудандағы кәсіпкер­лік са­ла­сы­ның дамуы жұмыс­сыз­дық мәсе­лесін тұсауға септігі тиіп жатыр ма?
– Жасыратыны жоқ, халықты жұ­мыспен қамту мәселесі ауданда ғана емес, республика бойынша әлі де өзекті. Дегенмен қол қусырып отыруға да болмайды, сондықтан өңірде көп­теп жұмыс орындарын ашуда тыным­сыз еңбек етіп жатырмыз. Көріп тұр­ға­ныңыздай, ауданда жылдан-жылға кәсіпкерлердің саны артып, жұ­мыс­сыздық деңгейі төмендеп келеді. Жыл көлемінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы және жеке қаражаттары есе­бі­нен жалпы құны 1 млрд 902 млн тең­гені құрайтын 21 жобаны іске асы­рып, 106 адамды жұмыспен қамту жос­парланды. Қазіргі таңда аталған жобалардан жалпы құны 1 млрд 171 млн теңгені құ­райтын 15 жоба іске қо­сы­лып, 76 адам жұмыспен қам­тылды. Сонымен қатар 2024 жылға өтпелі ке­зеңге жос­пар­ланған жалпы құны 771 млн тең­гені құрайтын 6 жоба іске қосыл­са, 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
– Мемлекеттен қаржылай қолдау тапқан жобаларға тоқтал­саңыз…
– 2022-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында екінші деңгейлі банк арқылы несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау бағыты бойынша 12 жоба 868,7 млн теңгеге қаржыландырылды. «Агро Несие Корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалының жеке қа­­ра­­жаты есебінен 68 жоба 904,3 млн теңгеге қар­жыландырылды. «Қы­зыл­орда» Өңір­­лік инвестциялық орта­лы­ғы» мик­ро­қаржы ұйымы» ЖШС-ның «Іскер» «Микробизнес Қызылорда» бағ­дар­ла­масы аясында 28 жоба 273,5 млн теңгеге қолдау тапты. «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 34 жобаға 2 377,4 млн теңгеге көмек көрсетілді. «Каз Агро Қаржы» АҚ және «Ком Транс Лизинг» ЖШС арқылы 2 жоба 16,5 млн теңгеге және «Байқоңыр ӘКК» АҚ «Ауыл аманаты» жобасы ар­қылы 14 жоба 105,6 млн теңгеге қаржыландырылды.
– Жергілікті тұрғындар та­ра­пынан егін және мал шаруа­шы­лы­ғы­нан бө­лек саланы түрлендіру бо­йынша нен­дей жобалар қолға алы­нып жатыр?
– Иә, жалағаштықтар әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс жа­сағанды құп көреді. Себебі ауда­ны­мызда атакәсіп, яғни егін мен мал ша­руашылығы жақсы дамыған. Ауа райы да қолайлы. Дегенмен ауданға таң­сық, әзір бізге жат, жаңашыл жо­ба­ларды тартуға, қолдау көрсетуге біздің тарап әрқашан дайын. Әрине жаңа­шыл жоба екен деп бірден бас салып, қаржылай қолдау көрсетуден аулақпыз. Десе де жобамен танысып, оны әрі қарай зерттеп, кемшіл тұс­тарын түзеп, бір сөзбен айтқанда, жан-жақты зерделеп жүзеге асырғанды жөн деп санаймын. Мәселен, Таң ауы­лының тұрғыны Дәурен Құдабаев «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 17 млн теңге төмендетілген несиеге қол жет­кізіп, бүгінде қап шығаратын цехты іске қоспақ. Міне, бұл да біздің өңір үшін ерекше кәсіп түрі десем болады.
– 2012 жылы кенттің батыс бе­тінен 22 гектар жер телімі бел­гіленіп, «Серпін» аграрлы-индус­триал­ды ай­­мағы құрылды. Бүгінде атал­ған ай­мақтың даму қарқыны қалай?
– Жалпы «Серпін» аграрлы-индус­триалды аймаққа бөлінген 22 гектар жер телімінің 5 гектары инженерлік инфра­құрылым жүйесіне тиесілі болса, 16,1 гектары кәсіпкерлерге табысталып, қа­­зіргі таңда аймаққа бөлінген жер те­лімінің 95,9 пайызы пайдаланылып отыр. Аймақтың 8,3 гектар жерінде бүгінде жалпы құны 460,5 млн теңгені құрайтын 10 өндіріс орны іске қосылып, 98 адам жұмыспен қам­тылған. Сонымен қатар «Серпін» аг­рарлы-индустриалды аймағының 7,8 гектар жеріне жалпы құны 373 млн теңгені құрайтын 9 жоба іске асыры­луда. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жер телімдері толық табысталды. Жобалар іске қо­сыл­ғанда қосымша 47 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі таңда бұл жобалардың ішінен құны 153 млн теңгені құрайтын 4 жобаның құрылыс жұмыстары жүруде. Қалған 220 млн теңгені құрайтын 5 жобаның жер те­лімдері былтыр табысталуына орай аталған жобалардың құрылысы алдағы уақытта басталатын болады.
– Соңғы уақытта елімізде сұйы­­тылған газ тапшылығы орын ал­ғаны белгілі. Осы орай­да ау­дан­дағы ахуалға тоқтал­саңыз…
– Аудан бойынша мұнай өнім­дерін бөлшек саудада өткізетін «TS», «Бе­рік­бай», «Бейбарыс», «Сул­тан» жа­нар­май бекеті және 7 газ құю бекеті «TS», «Ту­ран газ», «Туран Газ 2», «Арал Газ», «Азия Оңтүстік Пром», «Қы­­зыл­орда Газ»,«Қызылорда Газ 2» жұ­мыс жа­сайды. Жа­нар­май және газ құю бекеттерінде мо­ни­торинг жұ­мыс­тарын жүргізу үшін «Мони­то­ринг­тік топ құру туралы» өкі­м қабылданды. Ауданда жа­нармай және сұйытылған газ­дың ба­ғасын негізсіз өсі­руді және тап­шы­лықты болдырмау мақсатында мо­ни­­торингтік топ газ құю бекеттерін ара­лап, түсіндірме жұ­мыстарын тұ­рақ­ты жүр­гізілуде. Негіз­сіз баға өсімі жоқ, жа­нармай және сұйы­тылған газ еркін сатылуда.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: