Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) ақпараты бойынша өз кірістерін 53,3 млрд теңгеге төмендеткен блогерлерге қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өте үлкен сомалар аталды. Мәселе, АФМ құқық қорғау органы болып табылатын экономикалық тергеу қызметінің құрамына кіреді. Және біз қылмыстық істі уәкілетті орган тиісті тексеру жүргізіп, актіні немесе қорытындыны ұсынғаннан кейін ғана тіркей аламыз, онда мемлекетке салықты төлемеу түріндегі залалдың нақты сомасы анықталады», деп мәлімдеді Жеңіс Елемесов.
АФМ төрағасының орынбасарының айтуынша, ведомство салық органдары тексеруді аяқтамайынша және залалдың нақты мөлшерін анықтамайынша, қылмыстық істерді өз бетінше қозғай алмайды.
«Егер нақты блогерге қатысты мемлекетке келтірілген залал сомасы бүгінгі қылмыстық заңнамада көзделген нормалардан асып кетсе, онда қылмыстық іс тіркелетін болады. Егер бұл шектен асып кетпесе, онда оларды Мемлекеттік кірістер комитеті әкімшілік жауапкершілікке тартады», деп қосты Жеңіс Елемесов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан блогерлері миллиардтаған теңгеге берешек туралы жаппай салық хабарламаларын алған болатын. МКК мәліметінше, 594 адам өз табысын 53,3 млрд теңгеге төмендетіп көрсеткен.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!