Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 11:46

Сапалы қызметке алғаусыз алғыс

10.10.2023

332

0

Дүниежүзілік пошта күні мерекесіне орай аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдады. Ғани Кенжеғараұлы аталған мерекенің маңызына тоқталып, бүгінде «Қазпошта» АҚ-ның жұмысында айтарлықтай жүйе қалыптасқанын, халыққа қызмет көрсетудегі мекеменің аудандық филиал ұжымының еңбегін жоғары бағалады, ардагерлердің де қиын кезеңдерде халыққа қалтқысыз қызмет еткенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да олардың ізін басқан жас мамандардың аудан халқына сапалы қызмет ететініне сенім білдірді.

– Бүгінгі мерекенің өзіндік маңызы бар және тарихы да тереңде жатыр. Барша «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының ар­дагерлері мен қызметкерлерін төл ме­ре­кесімен шын жүректен құттықтаймын. Қай кезеңде болсын сіздердің халыққа көр­сеткен қызметтеріңіз ерекше маңызға ие. Ардагерлеріміз де қиын кезеңдерді еңсе­ріп, елге еңбек етті, оған тарих куә. Бүгінде саланың жұмысы жүйеленген. Сол алдыңғы буын ардагерлердің ізін басқан мекеменің бүгінгі жұмысшылары да халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Жұмыста табысты, ең­бектеріңізбен ел алдында абыройлы бо­лыңыздар, амандық, саулық, ұжымға береке, бірлік тілеймін. Мереке құтты болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Иә, Ғани Кенжеғараұлы айтқандай, шы­нында бұл мерекенің тарихы әріде жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы дең­гейін­де атап өтілетін бұл күн 1969 жылы пош­ташылардың Токиода өткен конгре­сінде ресми бекітілген. Ал Қазақстан рес­пуб­ликасының бүкіл аумағын қамтитын елі­міздегі «Қазпошта» АҚ қызметіне биыл 30 жыл толып отыр.
Айта кетейік, Жалағаш аудандық пошта торабында 13 байланыс бөлімше жұ­мыс жасайды, онда 44 азамат халыққа қалт­қысыз қызмет көрсетуде. Пошта то­рабы екінші деңгейлі банк ретінде аудан бойынша 400-ден астам заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Аққұм, Мә­дениет, Аламесек ауылдарында бұл жұ­мыстармен қатар келісім-шартқа отырған банктер арқылы несие, депозит рәсімдеу жұмыстары қатар жүргізілуде.
Аудан бойынша 30-ға жуық мекеме пошта торабынан жалақысын алса, зей­нет­ақы мен жәрдемақы алушылардың саны 3219-ды құрайды. Бүгінгі қабылдауда Жалағаш аудандық пошта торабы қызмет­кер­лері мен сала ардагерлеріне арнайы аудан әкімінің құттықтауы мен алғыс хаты табысталды.
Жиында сөз алған сала ардагерлері тарихтан сыр шертіп, өткен күндерден ес­теліктер айтты. Ал аудандық мәслихаттың төрағасы Өмірзақ Елеусінов мерекенің маңызына тоқталып, аталған мекеменің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Кез келген саланың өзіндік қиын­шылығы мен қызығы қатар жүреді. Сіз­дердің елге еткен еңбектеріңіздің са­палы екенін күнделікті көріп отырмыз. Біз­дің жас кезімізде бұл мекеменің ха­лыққа қа­жеті орасан еді, әлі де өз маңы­зын жо­ғалтқан жоқ. Осы жұмыс­тардың бір ізге түсуінде ардагерлер мен жас ма­ман­дардың еселі еңбегі жатыр. Сон­дықтан мерекенің өзіндік маңы­зы бар. Баршаңызды төл мерекемен құт­тық­тай­мын. Жұмыста абыройлы бо­лыңыз­дар. Ха­лыққа жасаған қызмет еш кетпейді. Әр­қашан сенім үдесінен шығып, елдің ал­ғы­сын алыңыздар. Мерекелеріңіз құт­ты болсын, – деді аудандық мәслихат төрағасы.
Жалпы Қазақстан поштасының та­рихы тереңде. 1860 жылы Верный қа­ласында алғашқы байланыс пошта бө­лімшесі ашылған. Ол аз уақыттан соң пош­та-телеграф кеңсесіне айналып, 1883 жылдың өзінде оған 14 байланыс пошта бөлімшесі қараған еді. Пошта бай­ланысын ұйымдастыру арзанға түсуі үшін пошта кеңсесі ат-пошта стансалары мен болыстарда көмекші пункттерді ашты. Олардағы пошта операцияларының жүр­гізілуі болыс старшындары мен песірлердің міндетіне жүктелді. Сол кездері ондай ат-пошта жолының жалпы ұзындығы 20 мың шақырымды құрады. 1925 жылы поштаның даму тарихында алғаш рет ауылдық хат тасымалдаушы лауазымы бекітіліп, шалғайдағы ауылдарға хат жет­кізу үшін айналма ат-пошта қызметі енгізілген. Қалаларда пошталық тасы­малдар машиналардың иелігіне берілді, кейін катерлер мен теміржол көлігі де қолданыла бастады.
Бүгінгі пошта қызметі мүлде бөлек, бір сөзбен айтқанда, заман талабына қарай түрленген. Күн өткен сайын жаңа технология алға қарыштап, енгізіліп жатқан жаңашылдықтар саланың тынысын кеңейтіп, халық сұранысын арттырды. Аталған салада үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан «Қазпошта» акционерлік қо­ғамы еліміздегі Ұлттық почта желісінің жалғыз операторы болып табылады. Бұл мекеме ел аумағын тұтастай заманауи пошта инфрақұрылымымен қамтып, зама­науи технологияларды енгізу арқылы жаңа жұмыстарды қолға алған. Қазіргі таңда ел бойынша 3 400 бөлімшесі, 14 облыстық, оның ішінде 4 республикалық маңызы бар филиалы бар. Онда 21 мыңнан астам адам қызмет етеді.
Қазіргідей дамыған, ин­фра­құры­лы­мы мен жүйеленген логис­ти­касы бар ха­лық­аралық пошта оператор­ларының пошта нарығына шығуына бай­ла­нысты бәсекелестік артқанда бо­саң­­суға тағы бол­майды, мекеме жаңа за­ман же­тіс­тік­теріне дер кезінде ден қой­­ған. Айта кету керек, ұлттық пошта опера­торы өзі­нің позициясын күшейтіп, бекіте түсу ба­ғы­тында материалдық-тех­ни­калық база­сын жетілдіру және пошталық қызметтерге қазіргі заманғы техно­ло­гияларды енгізу жұмыстарын басты на­зар­да ұстап отыр. Оны Жа­лағаш аудан­дық пошта байланыс тора­бының халыққа қызмет көрсету ауқы­мынан байқауға болады.
2017 жылы күрделі жөндеуден өткен аудандық пошта байланыс торабы ғи­ма­раты заманауи стандарттарға сай. Ор­та­лық операция учаскесі тұтыну­шы­ларға қолайлы болу үшін бірнеше ау­мақ­қа бөлінген. Мәселен, пошталық және қаржылық қызметтер бойынша жеке тұл­ғалар үшін операциялық зал, коорпо­ративті тұтынушыларға қызмет көрсету бойынша орындар, сәлемдемелер супермаркеті, қызмет көрсету орны мен айырбастау пункті орналасқан. Орталық залда келу­ші­лерге қызмет көрсету форматы да оң­тай­ландырылған, кабиналар орнына сә­лем­демелер супермаркеті ашылған. Мекеме басшысы Жанна Исақызының ай­туынша, бұл заманауи өзгерістердің өзін­дік артықшылығы бар, яғни өз шы­ғын­дарын қысқартуға айтарлықтай үлес қосады, тұрғындардың өтімділік қабі­летін жо­ғарылатып, келушілер үшін сәлем­де­мелерді алу және жіберу уақытын қысқартады.
Айта кетейік, аудан орталығындағы Қазпошта бөлімшесі арқылы айлық, жыл­дық салықтар және коммуналдық төлемдер төлеуге, ақша айырбастауға, шет елдерге ақша аударуға, несие алуға, депозит ашуға, көлікті сақтандыруға болады. Көпшілікке бірдей салық түрі, жер мен мүлік салығын пошта ешқандай үстемақысыз тегін қа­былдайды. Бұған қоса тұтынушылар зейнетақы, жалақы, әлеуметтік жеңілдіктер үшін карта аштыра алады. Ал Aliexpress картасы арқылы тапсырыстың ақысын төлесе, заты 15-20 күнде келеді. Бұл жеткізу қызметінің жедел жұмыс істейтінін көрсетеді. Сондай-ақ «Salem», «Tenge» жедел аударымдар желісі іске қосылған. Бұл аударымдар арқылы бір минуттың ішін­де еліміздің кез келген аймағына ақша жібере аласыз. Ал «Юнистрим» ха­лық­аралық аударымдарының төлем жүйе­сімен АҚШ долларын, Еуро, Ресей рублін ТМД елдеріне, алыс-жақын шет ел­дерге жөнелтуге болады. Сонымен бірге тұтынушылар үшін «сәлемдемелер супермаркеті» іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұрынғыдай тұрғындар кезек күтіп отыр­майды, сәлемдеме жіберілгеннен кейін оны қабылдаушы азаматтың теле­фонына смс хабарлама келеді. Хабар­ламада сәлемдеме супермаркеттің қай қатар, қай жәшікте тұрғаны туралы ай­тылады. Сол бойынша тұрғындар еш кезексіз өз сәлемдемесін алады.
Сол секілді гибридті пошта қызметтері – электрондық және қарапайым пош­та­ның симбиозы. Оны жіберу үшін үйден немесе кеңседен шықпай-ақ элек­тронды хабарлама мәтінінде жолда­саңыз жеткілікті. Электронды файл оны қабылдайтын адамға ең жақын элек­трондық басып шығару пунктіне түседі. Автоматтандырылған жұмыс орнында хат басып шығарылады, пошта конвертіне салынып, алушының қолына тиеді. Бұл ретте хат-хабар 1-3 күн ішінде тиісті мекен-жайға жеткізіледі. Одан бөлек зейнетақы, жәрдемақылар беру қызметі бар, теміржол билеттері рәсімделеді, банкомат жұмыс істейді, тұрғындарға поштадан бро­керлік шот ашуға болады.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: