Қазір кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Бастысы талап болса, ешкім де қолдаудан құр қалмайды. Бүгінде ол бағдарламалардың жемісін бір ғана Жалағаш ауданынан байқауға болады. Қуантарлығы жергілікті тұрғындар бүгінде мұндай мүмкіндікті құр жібермей, кәсіп ашып, табысқа кенелуде. Өткен жұмада мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен Дәуімбай елді мекенінде тағы бір сауда орталығы өз жұмысын бастады.
Гүлмира Усерова – бұған дейін де сауда саласында еңбек етіп, кәсібінің нәсібін көрген нәзікжандылардың бірі. Аудан орталығындағы сауда орындарынан бір-екі бөлмені жалға алып жұмысын бастаған ол өз алдына ғимарат салуды көздейді. Алайда оған қаржы тапшылығы қолбайлау болған көрінеді. Кейін кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мамандарына өз жоспарын айтып, ақыл-кеңесіне жүгінеді. Самат Карипов башылық ететін ұжым кент тұрғынына салаға серпін беретін түрлі бағдарламалар барын айтып, оның көмегіне жүгіну үшін құжаттарын жинауға да қолғабыс етеді. Осылайша ол қаржылай қолдауға ие болады, нәтижесінде кенттің келесі бетінен жаңа нысан бой көтеріп, бүгінде «Али-Шах» сауда орталығы өз жұмысын бастады.
Иә, еліміздің әлем көшбасшыларының қатарына қосылу жолындағы мұраты айқын. Қол жеткізген жеңісі мен жетістіктері жетерлік. Мемлекет тарапынан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы аясында Жалағаш ауданының өзінде ауқымды жобалар іске асуда. Оған дәлел – Жалағаш кентіне қарасты Дәуімбай елді мекеніндегі «Али-Шах» сауда орталығы.
Жеке кәсіпкер Гүлмира Усерова былтыр Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Жалағаш ауданындағы филиалына сауда орталығының құрылысын жүргізуге несие алуға өтініш білдірген. Аудандағы палатаның сүйемелдеуімен, «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы» ЖШС-ның қолдауымен ғимараттың құрылыс жұмыстарына 8 млн теңге несие алады. Ғимарат құрылысы мен қажетті құрал-жабдықтарға 13 млн теңге қаржы жұмсалыпты.
– Біз кәсіп бастаймын, кәсібімнің көкжиегін кеңейтемін деген азаматтарды қашанда қолдауға әзірміз. Бүгін жұмысымыздың нәтижесінде ауданда тағы бір сауда орталығы жұмысын бастады. Мамандар аудан тұрғының ұсынысына құлақ түріп, оған бағыт берді, тіпті жобасын қоғауға да атсалыстық. Саланың серпін алғаны бәрімізге тиімді, біріншіден, кәсіпорындар елдің тұрмыс сапасын арттыруға қолғабыс болады, келесі кезекте өңірдегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға да айтарлықтай көмек болары анық. Сондықтан біз іс бастаймын деген ниетті азаматтарға қашанда кеңес беруден, оларды сүйемелдеуден ешқашан шаршамаймыз. Бұл – біздің негізгі міндетіміз, – дейді палатаның аудандық филиалы директоры Самат Карипов.
Сауда орталығының оң жақ бөлігі шаштараз, сол жақ бөлігінде киім-кешек, ғимараттың ортаңғы бөлмесінде азық-түлік дүкені орналасқан. Гүлмира Усерованың сауда орталығына құтты болсын, саудасының берекесін берсін, кәсібінің нәсібін көрсін деп қуанышына ортақтасқан тұрғындар сауда орталығының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Экономика тірегі – шағын және орта бизнес. Бүгінде кәсіп ашып, өзінің емес, елдің жағдайын жақсартуға тырысқан азаматтарға алғыс білдіремін. Жастар осындай кәсіпкерлерден үлгі алып, кәсіп бастаудан қашпай, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдалануы тиіс. Кәсіппен шұғылдану кез келгеннің қолынан келеді. Тәуекел етіп, белді бекем буып, несие алып, кәсібімді дөңгелентудемін. Жеке кәсіпкерлікті дамытуға үлкен жол көрсетіп отырған сала мамандарына, игі бастаманы қолдап, көмек көрсеткен барлық жауапты мамандарға алғыс білдіремін. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өз-өзін жұмыспен қамтуға кеңес беремін. Нарықтық қоғамда «жеміс піссе екен, аузыма түссе екен» деп жатуға болмайды. Мына қоғам жалқаулықты көтермейді. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану қажет, – дейді жеке кәсіпкер.
Бұған дейін орталық базарлардың бірінде киім сатумен айналысқан аудан тұрғыны сауда орнының бір бөлігін осы бағытқа арнаған. Ал негізгі орталық бөлігінде азық-түлік өнімдері орналасса, келесі бөлігін шаштараз ашып, пайда табамын деген азаматтарға жалға беруді көздеп отыр. Қазірдің өзінде кәсіпкер 2 азаматты жұмыспен қамтыған.
Қазіргі қоғам нені көтермейді? Әрине жалқаулықты, «Алма піс, аузыма түс» деп бос сенделуді. Өйтпеске не істемек керек? Енді қараңыз, кәсіп ашу дегенде алдымен адамда қорқыныш басым болады. «Бастай аламын ба? Қалай жүзеге асырамын?» деген сауалдан санасын арашалай алмайды. Мұндайда бізге жігер керек. Айқын мақсат пен нық сенім қажет. Одан соң мемлекет берген мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сол арманның жүзеге асуына қарекет етуі тиіс. Ондай жандар Жалағаш ауданында жоқ емес.
Айта кетейік, ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында қолға алынған жобалар өз жемісін беруде. Бұл сөзімізге дәлел келтіру үшін әңгімені әріден бастаудың қажеті жоқ. Мәселен, соңғы бір жылда ауданда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субектілерінің саны артып, есесіне жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар азайған.
Бүгінде Жалағашта 3189 кәсіпорын тіркелсе, қазіргі таңда оның 96 пайызы жұмыс жасап тұр. Жұмысын тоқтатқан кәсіпорындарды қайта іске қосуда және жаңа кәсіпорындар ашуда бірқатар жоба қолға алынуда. Мәселен, биылдың өзінде жалпы құны 1 млрд 579 млн теңгені құрайтын 21 жоба жұмысын бастайды. Нәтижесінде 106 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!