Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жексенбі, 24 қараша, 01:40

Сенаторлар көлік қозғалысын ұйымдастыру туралы заңдарды мақұлдады

19.09.2024

288

0

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар көлік қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламетінің Сенаты баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарады.

Заңдағы жаңа нормаларға депутаттар бастамашы болды. Олар көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысы кезінде туындайтын мәселелерді құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға және жол апаттарын азайтуға арналған. Мәселен, құжаттарда көрсетілген нормаларға сәйкес мопедтер механикалық көлік құралдарының тізбесіне енгізіліп, олар үшін міндетті мемлекеттік тіркеуді белгілеу көзделген. Сондай-ақ көлік жүргізушілерін оқытумен қатар жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін күшейтуге арналған бірқатар қосымша талап енгізіліп отыр.

Сенат Төрағасы заңдарға қатысты пікір білдіріп, еліміздің әр өңірінде тіркелетін жол апаттары қоғамды қатты алаңдатып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударғанын айтты.

«Президентіміз Жолдауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгін қаралған заңдар жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Жол қауіпсіздігін одан әрі цифрландыру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Мақұлданған заңдар жолдағы қауіпсіздікті арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 15 бабына түзетулер енгізу қарастырылған. Оның ішінде көлік құралының белгіленген қозғалыс жылдамдығынан рұқсат етілген мөлшерден сағатына 60 және одан да көп километрге асырған жүргізушілер үшін неғұрлым қатаң әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің қосымша шаралары және басқа да тетіктер қолға алынады.

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Жанболат Жөргенбаев Алматы облысының Кеген ауданындағы автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандардың жай-күйін сынға алды. Сапасыз жол Қайыңды, Көлсай көлдері және Шарын шатқалы сияқты туристік орындарға жетуге үлкен кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.

Серік Шайдаров ауылдық жерлерде өмір сүру сапасының төмендегеніне және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына түзетулер енгізу қажет екеніне назар аударды. Сенатор аталған бағдарлама бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ауыл тұрғындарына несие беруді ұсынды. Депутат бұл ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасын негізі алған абзал екенін айтты.

Евгений Больгерт елдегі кәсіптік-техникалық білім беру сапасы және маман даярлау ісі еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтінін айтты. Сенатор тиісті министрліктерге мәселені шешуге арналған бірқатар ұсыныс жолдады. Оның ішінде жаңа жобаларды және нормативтік-құқықтық актілер мен оқу бағдарламаларын жетілдіру мәселелері де бар.

Амангелді Нұғманов агроөнеркәсіптік кешенге кредит беру мәселесін көтеріп, тиісті ережелерді қайта қарауды, сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар айқындайтын басым жобаларды несиелеуді енгізуді ұсынды.

Сұлтан Дүйсембинов агроөнеркәсіптік саланы одан әрі дамыту жөніндегі шараларға тоқталды. Депутаттың айтуынша, теміржол инфрақұрылымының тозуы, маневрлік локомотивтердің жетіспеушілігі және шекаралық өткелдердегі кептелістер логистикаға қатысты мәселелерді шешуде қиындық туғызатынын тілге тиек етті.

Сәкен Арубаев қант импортына тәуелділік мәселесін шешуді көздейтін басымдықтарға тоқталды. Олардың қатарында инвестиция тарту, қант қызылшасын өңдеуге арналған инфрақұрылымды жақсарту сияқты нақты істер бар.

Жанна Асанова квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-қызметтер жұмысының тиімсіздігіне назар аударды. Осы бағыттағы шаралардың бірі – бұрынғы мемлекеттік және саяси қызметшілерді сол салаға немесе нақты ведомстволық бағынысты құрылымға жетекшілік еткен коммерциялық және квазимемлекеттік құрылымдарға жұмысқа орналастыруға тыйым салу мерзімін ұлғайту.

Бекболат Орынбеков қатты тұрмыстық қалдықтар мен стихиялық полигондар мәселесін шешу үшін аталған қалдықтарды қайта өңдеушілерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету керектігін айтты.

Айнұр Арғынбекова отандық фармацевтикалық өндірісті қорғау үшін ұлттық тіркеу нормаларын сақтау маңызды деп есептейді. Сенатор ЕАЭО-ның ақпараттық жүйесіндегі кемшіліктерге байланысты туындап отырған қиындықтарға да тоқталып өтті.

Талғат Жүнісов Үкіметтің назарын бұқаралық спортты дамыту үшін дене шынықтыруды ілгерілетудің маңызына аударды. Депутат мектептерде бұл бағытта сабақтан тыс жұмысты арттыруды, қосымша білім беру педагогтарын жұмылдырып және мектептің спорттық күнтізбесін қалыптастырып, спорт клубтары мен мамандандырылған сыныптар құруды ұсынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: