Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 00:22

Сенаттың жыл қорытындысы

29.12.2023

543

0

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жылды қорытындылаған отырысы өтті. Жиын барысында Қостанай облысынан сайланған Сенаттың жаңа депутаты Бибігүл Аққожина ант беріп, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің құрамына сайланды.

Биыл 92 заң қабылданды

Сенаторлар «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мы­ның Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификация­лау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құ­жат нормаларына сәйкес ұйымға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл аясын ке­ңейту және ұйым Хатшылығының кадр мәселелерін жедел шешу көзделіп отыр.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнама­лық актілеріне экспорттық-кредит­тік агенттік және шикізаттық емес тауар­лардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда қарады. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Бұл заң шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт мәртебесіне ие экспорттық-кредиттік агенттік құруға арналған.

Бұл осы жылдағы қорытынды отырыс болғандықтан, Мәулен Әшімбаев Сенат жұмысының негізгі нәтижелеріне тоқ­талып, алдағы жылғы маңызды мін­деттерге назар аударды. Палата төрағасы жаңа жылдың алғашқы аптасын­да депутаттардың өңірлерге сапары баста­латынын тілге тиек етіп, халықпен кез­десулерде жүргізілген азаматтарға Конс­­ти­туциялық реформаның және Пар­ла­­мент қабылдаған заңдардың мәнін кеңі­нен түсіндірудің маңызды екенін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Нәтижесінде, заң шығару процедурасы да өзгеріп, заң жобалары жаңа тәсілмен қарала бастады. Биыл Парламент 92 заң қабылдады. Қабылданған нормалар еліміздің сая­си және орнықты әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуын қамтамасыз етіп келе­ді. Сонымен қатар осы жылы Сенат қабыр­ғасында 6 Үкімет сағаты, 80-нен астам дөңгелек үстел мен көшпелі отырыс өткізілді. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданды», деді М.Әшімбаев.

Палата төрағасы Сенат жанында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан консультативтік-кеңесші органдармен қатар, жаңадан құрылған алаңдардың да тиімділігін атап өтті. Бұл қатарда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізетін парламенттік комиссия, Инклюзия жөніндегі кеңес және Жобалық кеңсе бар.

«Палатаның халықаралық қызметі де ауқымды іс-шаралармен ерекшеленді. Ақпан айында Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парла­ментаралық форумын жоғары деңгейде өткіздік. Каир қаласында ұлы бабамыз Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылу рәсімі мен оның 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжі­рибелік конференцияға қатыстық. Әлемде орын алған шиеленісті ахуалға қарамастан қазан айында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының cъезі Хатшылығының ХХІ отырысы мазмұнды және нәтижелі өткізілді. Жыл аяқталғанымен, депутаттық қызметіміз жалғаса береді. Біздің алдымызда өте маңызды міндеттер тұр. Жаңа жылдан кейін өңірлерге сапарларымыз бас­талады. Кездесулерде тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек», деді Сенат төрағасы.

Мегаполистердегі жүйелі мәселелер

Отырыс кезінде сенаторлар депутат­тық сауалдарын жолдады. Сенатор Бибігүл Жексенбай мегаполис­тердегі мектеп, балабақша және автобустардың жетіспеуі мен кептелістер сынды мә­селелерді жүйелі түрде шешуді ұсын­ды. 2030 жылға қарай халық саны Астанада – 33 пайызға, яғни 1,7 млн адам­ға, Алматыда – 20 пайызға немесе 2 млн 466 мың адамға, Шымкентте 32 пайызға немесе 1,5 млн адамға өседі. Бұл ел халқы­­ның төрттен біріне жуығы осы мега­по­лис­терде шоғырланады деген сөз. Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, еліміздің мегаполистеріндегі бұл жағдай ауқымды проблемаға айналуы мүмкін.

Қазірдің өзінде бұл қалалардағы халық­тың едәуір бөлігі шет аймақ­тар­да, жеке сектормен қосылған аудандарда тұрады, мұнда мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығы жоғары. Адамдар балаларын мектепке жеткізу үшін қаншама шақырым жеке көлікпен жүруге мәжбүр. Сондықтан бұл қалалардағы өзге сұрақтармен қатар қоғамдық көлік тапшылығы мен жол кептелістері үлкен мәселеге айналды.

«Халқы жылдам өсіп жатқан қала­лардың орталықтары мен шеткері аймақ­тары бойынша зерттеу мен сараптамаларды күшейту және сауда-қызмет, демалыс орындарын біркелкі орналастыруды қатаң бақылау қажет. Қала қозғалысын басқарудың бірыңғай орталықтан автоматты басқару және «ақылды», бағдаршамдар жүйесін енгізу маңызды болып отыр. Маршруттардың, қоғамдық көлік бөлімшелерінің санын көбейту, оларға арнайы жолақтарды көбейту және  қоғамдық көлік сапасы мен қауіпсіздігін күшейту де басты міндет», деді сенатор.

Репетиторлық қызметті реттейтін кез келді

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында білім беру және репетиторлық орталықтар жұмысының проблемаларына назар аударды. Мемлекеттік бақылау мен оқыту сапасының болмауы, оқушылардың қауіпсіздігі мен санитарлық нормаларға қатысты мәселелер, сондай-ақ ата-аналардың көптеген қаржылық инвестициясы күн тәртібінде тұр.

Депутаттың айтуынша, мұндай білім беру мекемелерінің қызметін бейінді министрлік бақыламайды. Осыдан бірқатар проблема туындайды. «Бүгінгі күні орталықтар, репетиторлық қызмет кәсіпкерлік субъектісі ретінде қарастырылады. Олар білім беру мекемесі, сол себепті олардың жұмы­сын қадағалайтын уәкілетті орган болуы қажет. Бүгінгі таңда оларды ешкім бақыламайды. Осыған орай білім беру орталықтардың жұмысын, репетитор­лық қызметті мемлекет тарапынан реттей­тін кез келді. Сонымен қатар оқушы­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды. Кейбір білім беру ор­талықтары бейімделген үй-жайлар­да орналасқан. Осы ұйымдарда оқушы­лардың санитарлық жағдайы, топтардағы балалардың саны бойынша нормалардың сақталуы қалай қамтамасыз етіледі және оны кім бақылайды?», деді сенатор.

Сонымен қатар депутат қосымша білім беру мекемелеріндегі репетитор­лар­дың кәсіби деңгейіне қатысты мәселе­лерге назар аударды. Ғ.Сарыбаев өз бала­ларын орталықтарда мәжбүрлеп оқыта­тын ата-аналар зор тәуекелге бараты­нын, өйткені тәрбиешілердің құзырет­тілігі әртүрлі болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Ең өкініштісі, ҰБТ орталықтары­ның ешқайсысы нәтижеге кепілдік бермей­ді. Иә, репетиторлық қызмет көрсету нарығы болуы қажет. Алайда бұл қол­даныстағы заңнамалық актілерге сәйкес болуға тиіс. Конституцияға сәйкес бала­лардың қауіпсіздігіне, біліміне, денсау­лығына мемлекет кепілдік беруі керек», деді Ғ.Сарыбаев.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысынан бар проблемаларға назар аударуды, сондай-ақ аталған білім беру орталықтарының қызметін реттеудің құқықтық негіздерін қайта қарау арқылы оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады. 

https://egemen.kz/

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: