Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 14:00

Шәкірттерін қолөнерге баулыған

11.05.2023

504

0

Ғалымжан Сейтжановтың кент орталығындағы №246 орта мектепте технология пәнінен сабақ беріп келе жатқанына 30 жылға жуықтапты. Бастысы, осынша уақытта ұлағатты ұстаздан тәлім алған оқушылар бүгінде республикалық жарыстарда топ жарып келеді. Мұғалімнің кабинетіне өзіміз де сәл аялдағанды жөн көрдік. Қажетті құрал-саймандар жетерлік, тіпті ұстаз бен шәкірттер әзірлеген бірнеше бұйым да кабинеттің бір бұрышын бүтіндеп тұр.

Жалпы, технология сабағы баланы өнертапқыштыққа, еңбек­сүйгіштікке тәрбиелейтінін жақсы білеміз. Әлбетте ол үшін алдымен бұл пәннен білікті әрі қолынан іс келетін мұғалім дәріс бергені дұрыс. Бұл жағынан Шекер Ермағанбетова атындағы білім ошағы бі­лікті мұғалімге зәру емес. Себебі салада 26 жылдық тәжірбиесі бар Ғалымжан Абатұлының жұмысы бүгінде шәкірттерімен көрініп отыр.
Иә, Ғалекеңнің білікті маман екеніне таласымыз жоқ. балаларды еңбекке баулып, оларды өнертапқыштықұқа үндеп жүргеніне ұзақ уақыт болды. сол уақыттан бері оның бірнеше шәкірті салада биік белестерді бағындырып үлгерген.
Тамерлан Алдамжаровты ұстаздары мектептегі әмбебап оқушы деп атап кеткен. Бұл айдардың оған тағылуының да өзіндік себебі бар. Өйткені Тамерланның барлық сабақтан үлгерімі жоғары екен. Ұстаздарының оның болашағынан үлкен үміт күтетіні де сондықтан.
Тамерланның ұстазы Ғалымжан Сейтжановпен бірге түрлі байқауларда топ жарып жүргеніне бірнеше жыл болыпты. 2017 жылы күннен және желден энергия алатын қондырғылардың макетін жасап келген өнертапқыш ұстазы екеуі 2019 жылдан бастап республикалық байқауларда топ жарып келеді.
Ғалымжан мен Тамерланның бірге жасаған бұйымдары осыған дейін облыстық және аудандық байқауларда тек бас бәйгені еншілепті. Бірге жасағанда Ғалекеңдікі тек бағыт қой, ал істі үйлестіруде басымдық баланың өзіне беріледі. Не керек, осылайша 2019-2020 жылдары ұстаз бен оқушы жасаған бұйымдар екі мәрте республикалық байқаудан жүлделі орынмен оралған.
– Оқушыларымның барлығы оқуда озат, өнертапқыш балаларым да жоқ емес, солардың бірі – Тамерлан Алдамжаров. Бұған дейін үлкен додаларда шәкіртім жасаған бұйымдар жүлдесіз қайтқан емес. алдағы уақытта да осы бағытта бірге жұмыс жасаймыз. Тағы бір оқушым Бақдәулет Кәрісбек түрлі бұйымдар жасауда жаңа қырынан көрініп келеді. Ол да түрлі байқауларда топ жарды. Қазір оқушыларым жасаған 100-ден астам бұйым қоры бар. негізінен олардың саны 500-ге жуықтаған. Келген меймандар қызығушылық танытып жатады. Олардың көңілін қимай сыйға тартамыз. Алдағы уақытта да түрлі жарыстарға қатысу жоспарда бар, нәтижесін көре жатарсыздар, – дейді Ғалымжан Абатұлы.
Айта кетейік, 2019 жылдан бері Тамерлан Алдамжаров Ғалекеңнің жетекшілігімен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қа­дам» атты республикалық иновациялық жобаға қатысып келеді. Жоба шеңберінде Тамерлан кеме жасап шығарған. Кейін ол кемені аудандағы көлдердің бірінде сынақтан өткізеді. Онлайн өткен сайыста Тамерланның жасаған кемесі қазылар алқасының қызығу­шылығын арттырған.
10 сынып оқушысы басқа да қолөнер бұйымдарын жасауда қаражаяу емес екен. Бүгінде Ғалекең мен шәкірті Тамерлан тағы бір республикалық байқауға қатысып жатыр. Шартына келсек, ағаштан, тастан және сазбалшықтан 5 түрлі бұйым жасау қажет. Бүгінде тамерланның жасаған бұйымдары қазылар алқасына жолданды. Нәтижесі 15 мамырда белгілі болады.
Мектеп мақтанышы алдағы уақытта дәрігер болғысы келеді. Мұғалімдері оның барлық сабақтан үлегірім жоғары екенін жоққа шығармады. Келер жылы мектеп бітіріп, медицина саласында білім алған соң, Тамерлан білікті дәрігерлердің сапынан табылуды мақсат етіп отыр.
– Бұған дейін Ғалымжан ағайыммен бірге түрлі сайыстарға қатыстым. Алдағы уақытта бірге жұмыс жасай береміз. Бұл бір жағынан адамның ой-өрісін дамытуға үлкен қолғабыс екен. Ертең тағы бір жарыстың нәтижесін күтіп отырмыз. Болашақта дәрігер болғым келеді. Бала күннен арманым сол және сол мақсатыма жететініме сенемін, – дейді озат оқушы.
Ғалымжан Абатұлы шәкірттерімен мақтанады, өзі де осыдан үш жыл бұрын «Үздік көркем еңбек пәні мұғалімі» байқауында үшінші орынға тұрақтаған. «Білім айнасы» ғылыми-техникалық газеті мен журналында материал жарияладым арнайы ғылыми бағыттағы материалы жарық көрген. «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» жобасының аудандық кезеңінде шәкірті Ұзақбай Диас 4 мәрте жеңіс тұғырынан көрінген. Оның біреуінде үздік үштікті түйіндесе, үшеуінде бас бәйгені еншілепті. Білікті мұғалімнің әлі талай додаларда шәкірттері биік белестерді бағындарытына сенім мол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: