Нұржан Бахтиярұлының өзі де бұрын пластик есік-терезелер шығаратын цехта жұмыс жасаған. Жұмыста жиған тәжірибесі оның кәсіп бастауына айтарлықтай сеп болғанын жасырмайды. Қазір өзінің де бұл салада іс бастағанына 10 жылдан асыпты. Содан бері аудан орталығындағы «Нұр-Нұр Plast» кәсіпорны үздіксіз халыққа қызмет етіп келеді.
Мұнда негізінен шикізат облыс орталығынан жеткізіледі екен. Қазіргі таңда 4 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошағының өніміне сұраныс жоғары.
Иә, қазір құрылыс маусымы екенін жақсы білеміз. Жаз басталғаннан қазан айының ортасына дейін құрылыс тоқтамайды. Пластик есік-терезелер әзірлейтін кәсіпорындар тауарының өтімдірек болатын тұсы да осы. Алайда Нұрекең өткен қыста да шағын цех жұмысы тоқтамағанын айтады. Демек тапсырыс мол, ал оның бәрінің сұранысын қамтамасыз ету үшін, әлбетте кәсіпорын көкжиегі кеңею керек.
Кезінде қолда бар азын-аулақ қаражатпен жұмысын бастап кеткен шағын цехтың бүгінде шаруасы ширақ. Нұржан Узбаев бастапқыда мұнда құрал-саймандардың тапшылығы еңбек өнімділігіне айтарлықтай қолбайлау болғанын айтады. Алайда бұл мәселені шешуде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың үлкен көмегі болыпты.
– Қолда бар қаражатпен цех ашып, жұмысты бастап кеттік. Алайда мұнда өнім шығаруда арнайы аппараттардың жоқтығынан біз тапсырыс көлемін қысқартуға мәжбүр болдық. Кейін мемлекеттік бағдарламамен 2 млн теңге шағын несие алып, цехты арнайы құрал-жабдықтармен жарақтадық. Қазір барлық тапсырысты қамтамасыз етуге цех қауһарлы. Біздің өнімге сұраныс та жоғары. Шикізат негізінен Қызылорда қаласынан келеді. Мұндағы мамандардың барлығы осы салада шираған кәнігі қызметкерлер. Бұйыртса, кәсіпорын көкжиегін кеңейту жоспарда бар. Себебі тапсырыс уақыт өткен сайын еселенуде. Ал оның барлығын қамтамасыз ету үшін біз өндіріс ошағының өрісін кеңейтуіміз керек, – дейді кәсіпорын басшысы.
Біз таңғы сағат 10.30-дан шағын цехтың басында жүрміз. Расында тапсырыс мол, көліктің бірі келіп, бірі кетеді. Бірі жаңа баспанасына жаңа есік-терезелерге тапсырыс берсе, енді бірі көне қоныстағы есік-терезелерін жаңарту қамымен келген. Расында өндіріс ошағының ғимараты тым шағын. Бір ғана аядай бөлмеде шикізат сақталады, өнім де сол жерде әзірленеді. Нұржан Узбаев бұйыртса, өзі тұратын үйінің жанынан үлкен ғимарат салып, цехты сонда көшіруге талап қылып отыр. Бірақ оған әдеттегідей қаржы тапшылығы қолбайлау болған көрінеді. Мемлекеттік бағдарлама көмегіне де жүгінудің кемі жоқ. Алайда әдеттегідей шағын несиеге қол жеткізу қазір мұң болып тұр.
– Мемлекеттік бағдарламамен пайыздық үстемақысы субсидияланған несиеге құжаттар тапсырдық. Бірақ несиенің әзір болатын түрі жоқ. Тапсырыс өздеріңіз көріп тұрғандай, біздегі өнімге сұраныс жоғары. Өзіміз тұратын үй ауласынан үлкен ғимарат салу жоспарда бар. Егер несие шығып жатса, бұл жоспарды жүзеге асырамыз. Иә, сіздер қыста құрылыс тоқтайды деп, біздің жұмысқа маусымдық деп баға беретін шығарсыздар. Алайда олай емес, шағын цех жұмысы 4 мезгіл тоқтамайды, – дейді «Нұр-Нұр Plast» кәсіпорнының басшысы Н.Бахтиярұлы.
Нұрекеңнің алдағы жоспары көп, егер шағын несие шығып жатса, мұндағы аппараттарды да жаңалауға ниеттеніп отыр. Мәселен, шағын цехтағы кескіш құралының өзі 2 қызмет атқарса, оны 5-6 функцияны бір өзі жүзеге асыратын алып аппаратқа алмастырмақ. Мұндағы пластик есік-терезеге арналған үтік те дәл осындай. Мәселен, мұндағы үтікпен әр терезенің бұрышын әлгі аппаратқа салып тегістігін қамтамасыз етсең, қабырғаға орнатылған үтікпен есік-терезенің 4 бұрышын бір-ақ шығарасың. Бұл аппараттың бір өзі 2,5 млн теңге тұрады екен.
Қазір кәсіп бастауға дем беретін мемлекеттік бағдарламалар жетерлік, алайда жұмыс жасап тұрған осындай кәсіпорындар жұмысының ширауына һәм өрісінің кеңеюіне де көңіл бөлген жөн секілді. Бастысы шағын цехтың басшысында талап бар, өнімге де сұраныс мол. Ал оның бәрін қамтамасыз ету үшін және кәсіпорын көкжиегін кейтуге тағы да қаржылай қолдау қажет.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!