Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Жұма, 26 сәуiр, 20:21

Шағын цех өніміне сұраныс жоғары

12.07.2022

470

0

Нұржан Бахтиярұлының өзі де бұрын пластик есік-терезелер шығаратын цехта жұмыс жасаған. Жұмыста жиған тәжірибесі оның кәсіп бастауына айтарлықтай сеп болғанын жасырмайды. Қазір өзінің де бұл салада іс бастағанына 10 жылдан асыпты. Содан бері аудан орталығындағы «Нұр-Нұр Plast» кәсіпорны үздіксіз халыққа қызмет етіп келеді.

Мұнда негізінен шикізат облыс ор­та­­лы­ғынан жеткізіледі екен. Қазіргі таңда 4 адамды жұмыспен қамтып отыр­ған өн­діріс ошағының өніміне сұ­раныс жо­ғары.


Иә, қазір құрылыс мау­сымы екенін жақсы білеміз. Жаз бас­талғаннан қазан айының ортасына дейін құрылыс тоқ­тамайды. Пластик есік-терезелер әзір­лейтін кәсіп­орындар тауа­рының өтім­дірек болатын тұсы да осы. Алай­да Нұрекең өткен қыста да ша­ғын цех жұмысы тоқтамағанын ай­тады. Де­мек тапсырыс мол, ал оның бә­рінің сұранысын қамтамасыз ету үшін, әл­бетте кәсіпорын көкжиегі кеңею керек.


Кезінде қолда бар азын-аулақ қара­жатпен жұмысын бастап кеткен ша­ғын цехтың бүгінде шаруасы ширақ. Нұржан Узбаев бастапқыда мұнда құ­рал-саймандардың тапшылығы еңбек өнімділігіне айтарлықтай қол­бай­лау бол­ғанын айтады. Алайда бұл мә­се­лені шешуде кәсіпкерлікті қол­дауға ба­ғытталған мемлекеттік бағдар­лама­лар­дың үлкен көмегі болыпты.


– Қолда бар қаражатпен цех ашып, жұмысты бастап кеттік. Алайда мұнда өнім шығаруда арнайы аппараттардың жоқтығынан біз тапсырыс көлемін қыс­қартуға мәжбүр болдық. Кейін мем­лекеттік бағдарламамен 2 млн теңге ша­­ғын несие алып, цехты арнайы құ­рал-жабдықтармен жарақтадық. Қазір барлық тапсырысты қамтамасыз ету­ге цех қауһарлы. Біздің өнімге сұра­ныс та жоғары. Шикізат негізінен Қы­зылорда қаласынан келеді. Мұндағы мамандардың барлығы осы салада шираған кәнігі қызметкерлер. Бұйырт­са, кәсіпорын көк­жиегін кеңейту жос­парда бар. Себебі тапсырыс уақыт өткен сайын еселенуде. Ал оның бар­лығын қамтамасыз ету үшін біз өндіріс ошағының өрісін кеңейтуіміз керек, – дейді кәсіпорын басшысы.


Біз таңғы сағат 10.30-дан шағын цехтың басында жүрміз. Расында тап­сырыс мол, көліктің бірі келіп, бірі кетеді. Бірі жаңа баспанасына жаңа есік-те­резелерге тапсырыс берсе, енді бірі көне қоныстағы есік-терезелерін жаңарту қа­­мымен келген. Расында өндіріс оша­ғының ғимараты тым шағын. Бір ғана аядай бөлмеде шикізат сақталады, өнім де сол жерде әзірленеді. Нұржан Уз­баев бұйыртса, өзі тұратын үйінің жа­ны­нан үлкен ғимарат салып, цехты сонда көшіруге талап қылып отыр. Бірақ оған әдеттегідей қаржы тапшылығы қол­бай­лау болған көрінеді. Мемлекеттік бағ­дарлама көмегіне де жүгінудің кемі жоқ. Алайда әдеттегідей шағын несиеге қол жеткізу қазір мұң болып тұр.


– Мемлекеттік бағдарламамен па­йыз­­дық үстемақысы субсидияланған не­­сиеге құжаттар тапсырдық. Бірақ не­­сиенің әзір болатын түрі жоқ. Тап­сырыс өздеріңіз көріп тұрғандай, біз­дегі өнімге сұраныс жоғары. Өзіміз тұ­ратын үй ауласынан үлкен ғимарат салу жоспарда бар. Егер несие шығып жатса, бұл жоспарды жүзеге асырамыз. Иә, сіздер қыста құрылыс тоқтайды деп, біздің жұмысқа маусымдық деп баға беретін шығарсыздар. Алайда олай емес, шағын цех жұмысы 4 мезгіл тоқ­тамайды, – дейді «Нұр-Нұр Plast» кә­сіп­орнының басшысы Н.Бахтиярұлы.


Нұрекеңнің алдағы жоспары көп, егер шағын несие шығып жатса, мұн­дағы ап­параттарды да жаңалауға ниет­­­теніп отыр. Мәселен, шағын цехтағы кес­­кіш құралының өзі 2 қызмет атқар­­са, оны 5-6 функцияны бір өзі жү­­зеге асыратын алып аппаратқа ал­­мас­тырмақ. Мұндағы пластик есік-те­­резеге арналған үтік те дәл осындай. Мәселен, мұндағы үтік­пен әр терезенің бұрышын әлгі аппа­ратқа салып те­гістігін қамтамасыз ет­сең, қабырғаға орнатылған үтікпен есік-терезенің 4 бұ­рышын бір-ақ шы­ға­расың. Бұл аппа­раттың бір өзі 2,5 млн теңге тұрады екен.


Қазір кәсіп бастауға дем беретін мем­­лекеттік бағдарламалар жетерлік, алай­да жұмыс жасап тұрған осындай кә­сіп­орындар жұмысының ширауына һәм өрісінің кеңеюіне де көңіл бөлген жөн секілді. Бастысы шағын цехтың бас­шысында талап бар, өнімге де сұраныс мол. Ал оның бәрін қамтамасыз ету үшін және кәсіпорын көкжиегін кейтуге тағы да қаржылай қолдау қажет.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: