Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2026 жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстары қорытындыланды. Баспасөз конференциясына департаменттің өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің басшысы Айбек Мұратұлы мен осы бөлімнің прокуроры Айдос Жылқыбай қатысты.
Баспасөз мәслихатында құқықтық статистика саласындағы негізгі көрсеткіштер, азаматтардың өтініштерін қарау барысы және мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықтың сақталуын бақылау жұмыстары кеңінен сөз болды.
Айбек Мұратұлының айтуынша, Комитеттің негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы объективті әрі өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету.
– Біз уәкілетті орган ретінде мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырып, құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласындағы мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етеміз. Бұл құқық қорғау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды жұмыс, – деді бөлім басшысы.
Спикердің мәліметінше, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында жұмыс істейтін «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы биылғы жылдың алғашқы жартысында облыстағы мемлекеттік органдарға 87 286 өтініш келіп түскен.
Түскен өтініштердің 49 055-і қаралып, оның ішінде 35 926-сы әкімшілік рәсім тәртібімен, 18 129-ы оңайлатылған әкімшілік рәсім арқылы шешімін тапқан.
Баспасөз конференциясында департаменттің прокуроры Айдос Жылқыбай құқықтық статистика саласындағы бақылау жұмыстары жөнінде баяндады.
– Департамент құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері ұсынатын мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде тексерулер, мониторингтер және салыстырмалы талдаулар жүргізіп келеді. Бұл заңдылықтың сақталуына және мемлекеттік органдар қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жыл басынан бері департамент тарапынан 11 тексеру, 2 458 салыстыру, сондай-ақ 25 талдау мен мониторинг жүргізілген.
Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында 50 прокурорлық қадағалау актісі енгізілген.
Спикерлердің айтуынша, алдағы уақытта да есепке алу және құқықтық статистика саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштерін сапалы қарау және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.
Азаматтардың өтініштері – мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын айқындайды
29.07.2026
4
0
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!