Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Сейсенбі, 18 наурыз, 20:08

ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

18.03.2025

53

0

Наурызнама онкүндігінің төртінші күні – «Шаңырақ» күні. Айтулы күні ауданымызда бірнеше отбасы қуанышқа кенелді. Нақтырақ айтсақ, аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде бұл күні 3 сәби дүниеге келген. Осы ретте кеше перзентхана бөліміне арнайы барып, мереке қарсаңында дүние есігін ашқан нәрестелермен танысып қайттық.

Бөлім меңгерушісі Әсел Жүсіпованың айтуынша мұнда 5 ана мен бала бар. Оның 3-еуі аталған мереке қарсаңында Қос адам­ның өміріне жауапкершілікпен қарау оңай жұмыс емес. Әйтсе де акушер-гинеколог дәрігер аналар мен балалардың денсаулығы жақсы, күнделікті өзінің тікелей бақылауында екенін айтады. Бөлім меңгерушісіне мұнда келудегі басты мақсатымызды айтып, «Шаңырақ» күні қарсаңында босанған аналарға палатасына қарай бағыт алдық.
Өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін нәресте әкелу – әрбір ананың арманы. Әр адам үшін перзент сүю зор бақыт. Іңгәлаған нәресте, іңкәр сезіммен бауырына басқан ана бөлім ұжымының еселі еңбегін айшықтап тұр. Күн сайын бұл бөлімде қаншама сәби дүние есігін ашады. Нәрестелерінің тәтті иісіне тоймай, емірене емізіп отқан аналарды ең алдымен аман-есен босанып, сәбилерін бауырына басуымен құттықтадық. Мұнан кейін, аналармен және нәрестелермен жеке-жеке таныстық. Бір қызығы, мереке қарсаңында мұндағы үш ана да кестетігер қыздың анасы атанған.
3 атұстарынан кейін қыз баланы дүниеге әкелген Мереке Өтебаева Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны. Мерзімінде босанған ананың денсаулығына қатысты ешқандай шағымы жоқ. Төртінші баласын босанған жас ана қуанышымен бөлісіп, ақхалаттыларға алғысын жаудырып әлек.
– Сәбиімнің жарық дүниеге аман-есен келуіне жәрдемші болған алтын қолды дәрігерлер мен мейірбикелерге, тазалықшы апайларға алғысым шексіз. Толғағым жеңіл өтті. Өзімнің де, қызымның да дені сау. Салмағы – 3 келі, 100 гр, ал бойы – 51 см, – дейді Мереке Хамитқызы.
Қызды болуды бірнеше жыл асыға күткен ананың жүзінен қуаныш лебі есіп тұр. Айтқандай, отбасы кішкентай нәрестеге Жансая деп есім беріпті.
Ал Мырзабай ахун ауылының тұрғыны Гүлжан Алмасова мереке қарсаңында 3-ші сәбиін босанған. Оған дейін 1 қыз, 1 ұлдың анасы атанған ол бөлімшеге босану мерзімінің күні асқан диагнозымен түскен. 5 сағат бойы толғатқанын айтқан жас ана өмірге дені сау 3 келі, 700 гр нәрестені әкелген. Ол сәбиіне Мәриям деген есім берілгенін айтады.
Ал кент тұрғыны, Ақбота Әбдімәлік бұған дейін 2 ұл, 1 қыздың анасы атанып, «Шаңырақ» күнінде төртінші сәбиін қолына алып, көпбалалы ана атанған. Айтуынша ол кесір тілігі арқылы босанған. Сәбиге Аялуым деген есім беріліпті. Бөлім меңгерушісі ана мен баланы күндіз-түні бақылауларына алып, жағдайы қалыпты екенін айтады. Сондай-ақ жас ана екінші сәбиін де 2020 жылы кесір тілігі арқылы босанған.
– Біздің бөлім жаңа өмір бастауы. Мұнда босанған аналарды баласымен аман-есен үйіне шығарып, отбасымен қауышуына өз үлесімізді қосамыз. Бір емес, екі адамның өміріне тікелей жауап береміз. Кейде өте қиын жағдайлар болады. Десе де қиындыққа мойымай, ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін аянбай жұмыс жасаймыз. Осы ретте әріптестерімнің ерен еңбегін елеп, алғыс айтқым келеді, – дейді бөлім меңгерушісі Әсел Мейірманқызы.
Акушер-гинеколог екеуара диалог барысында жас аналарға денсаулықтарын түзеген соң, жүктілікті алдын ала жоспарлаған жөн екенін айтты. Сондай-ақ үнемі уақытылы дәрігердің қабылдауына барып, қаназдық, қан қысымы сияқты аурулармен алдын ала күресуді қаперге салды. Мұнан бөлек, қажетті дәрі-витаминдерді қабылдап, құнарлы ас ішуді де ұмытпауды ескертті.
Біз табан тіреген бөлімнің жұмысы күнделікті қауырт. Адамға өмір сыйлайтын құтты мекен болғандықтан, мұндағы әр минут санаулы әрі бағалы. Ол бақытқа, қуанышқа, нәрестенің үніне, ананың қиналысы шаттыққа ұласқан тәтті сәттерге толы. Олар қабырғада ілулі тұрған сағатқа қарап жұмыс уақыты аяқталды деп науқастарды қараусыз қалдырып кетпейді. Жаңа өмір иесін қарсы алу үшін ерен еңбектер атқарады. Жалпы бұл бөлімше де күнде думан, күнде той. Аға мейіргер Аида Аманбайқызының айтуынша жыл басынан бері мұнда 83 бала дүниеге келген. Оның 53-і ұл болса, 30-ы қыз. Ал наурыз айында 13 бала жарық дүние есігін ашқан.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: