«Союз МС-22» пилотты көлік кемесі Байқоңырдан ұшырылғаннан үш сағаттан кейін Халықаралық ғарыш стансасына қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Роскосмостың» баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Союз МС-22» кемесі мен «Рассвет» модулі арасындағы өтпелі есіктер ашылып, 68-ші ұзақ мерзімді экспедиция экаипажы – «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының ғарышкерлері Сергей Прокопьев, Дмитрий Петелин мен NASA астронавты Франциско Рубио бортқа өтеді.
ХҒС-да әріптестерін «Роскосмос» космонавтары Олег Артемьев, Денис Матвеев пен Сергей Корсаков, NASA астронавтары Челл Линдгрен, Роберт Хайнс пен Джессика Уоткинс, сондай-ақ Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Саманта Кристофоретти қарсы алады.
«Циолковский» деген атауға ие болған кемемен ХҒС-ға экипажбен қатар, 120 кг пайдалы жүк жеткізілді. Олардың арасында санитариялық-гигиеналық қамтамасыз ету және медициналық бақылау құралдары, борт құжаттары мен қызметтік аппаратураның шығыс элементтері, космонавтардың киім-кешегі мен жеке заттары, тамақ рационы және азық-түлік, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті құрылғылар бар.
188 тәулік ішінде экипаж Ресей бағдарламасы бойынша ашық ғарышқа 5 рет шығып, екі «Прогресс» жүк кемесін қабылдап, ғылыми-қолданбалы зерттеулер циклін атқаруы керек.
Айта кетсек, кеменің Байқоңырдан ғарышқа көтерілгені қазақстандықтар үшін қызықты көрініс болды. Ел тұрғындары оптикалық көріністің фотолары мен видеоларын әлеуметтік желілерге жарыса жүктеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!