«Өз тарихын кім білмейді,
Өзгеге жаққан құл білмейді.
Жеті атасын кім білмейді,
Жетім өскен құл білмейді» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Иә, елім деп еңбек еткен ұлы тұлғаларымызды ел жадында жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау – бәрімізге ортақ азаматтық парыз. Тарихи тұлғаларды халық арасында әспеттеп, халықтық дүниелерге самарқау қарамайтын Жалағаш өңірінің тұрғындары бұл жолы да қазақилығын көрсетіп, облыс, тіпті республика көлемінде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде атап өтті.
Тарихи тұлғаның туған жері Темірбек Жүргенов атындағы ауылда өткен бұл өнегелі іс-шаралар береке мен ырыстың, бірлік пен бейбітшіліктің көрінісі болғандай. Бір-бірімен үйлесімде астасып жатты. Жиырмаға жуық киіз үй тігіп, қонақтарды тікесінен тік тұрып күтті, мол дастархан төрінде ән-күйімен тарту жасап, ақ пейілімен қонақжайлық танытты.
Әрине қазақтың тойының сән-салтанатын кіргізетін – ұлттық сипаттағы спорт ойындары. Халықтың ынта-ықыласымен тамашалаған дүбірлі доданың бірі республикалық деңгейде ұйымдастырылған қазақ күресі болды. Ұлы даланың түкпір-түкпірінен келген апайтөс, атанжілік палуандардың бақталасы тойшыл қауымның арқасын қоздырып, «әруақ» деп ұрандатқан палуандардың дауыстары тойдың сәнін келтірді. Арқасы жерге тимеген, қаншама республикалық, әлемдік додаларда Ел байрағын биікте желбіретіп жүрген 20 палуан бозкілемнің шаңын шығарды. Тыңғылықты дайындықпен келгендері көзге көрініп-ақ тұрды, бозкілемде небір әдіс-айламен халықты таңдай қақтырды.
– Қазақтың бағына біткен біртуар ұлы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы құтты болсын. «Елім деген ерлерін бағалай білген ел ғана ұлы халық болып саналады» демекші, осындай ұлы азаматтардың жүріп өткен жолы келешек ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Міне, мерейтой аясында қазақ күресінен палуандар арасында сайыс өтуде. Кіл мықтылар жиналған сайыс өте тартысты және қызықты өтті. Нақтырақ айтсам, жерлесіміз Еламанның беталысы жаман емес, барлық қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп, фавориттердің бірі екенін көрсетіп тұр.
Иә, кім алтын белбеуді беліне тағатынын уақыт көрсетеді. Ешкім оңай шағылатын жаңғақ емес секілді. Қазақ спортына баса назар аударып, осындай дүбірлі додада қазақ күресінің абыройын асқақтатуға ықпал жасаған облыс, аудан басшылығына, демеушілік жасаған ел ағаларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Жамалатов.
Ақтық бәсекеде түркістандық Марат Байкамуров пен Сыр елінің тумасы, «Қазақстан барысы» Еламан Ерғали қарсылас атанды. Бұған дейінгі белдесулерде бет қаратпай, қарсыластарын тек уақытынан бұрын жеңген Еламан жерлестерінің алдында бар күш-жігерін салды десек, артық айтқанымыз емес. Қарсыласы Марат Байкамуров та осал спортшы емес. Ол – әлемдік және республикалық сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, нақтырақ айтсақ, «Әскер барысы» атағының иегері. Осындай атты иелене тұрып, намысты қолдан бермеуге бекінген қос батыр бозкілемнің шаңын шығарды. Шын мықтыға тұсау жоқ демекші, «Қазақстан барысы» «Әскер барысынан» алғашқы минуттардан бастап ұпай бойынша алға шықты. Осылайша негізгі уақыт аяқталарға дейін өзіндік керемет айла-тәсілмен қарсыласының жауырынын жерге тигізді.
Еламан Ерғали түркі әлеміне ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойында «Түйе палуан» атанып, тойшыл қауымды бір серпілтіп, алтын белбеудің иесі атанды. Киелі Түркістан жерінен келген Марат Байкамуров ақтық сында сүрініп, күміс белбеуді еншіледі. Ал Жамбыл облысынан келген Ерсұлтан Мұзаппаров жүлделі ІІІ орынды месе тұтты.
Мұндай дүбірлі тойда тойлық та қомақты болары сөзсіз. Иә, жарыс соңында жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Жауырыны жерге тимеген түйе палуан 1 млн, күміс жүлдегер 750 мың, қола медаль иесі 500 мың теңгені қанжығасына байлады.
– Қазақ күресінің деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, кешегі бәсекеге іріктелген палуандардың қарым-қабілеттері әртүрлі болғанымен, бозкілемдегі белдесулер аса тартысты, тең дәрежеде өтті. Жігіттердің шеберлігі, айтарлықтай шыңдалғаны көрініп тұр. Иә, біздің мақсат жастардың спортқа бейім, қайсар да қайратты болуына ықпал жасау, халық арасында спортты дәріптеу және насихаттау болып табылады. Сол себепті осындай сайыстардың жиі ұйымдастырылуы біздің спортты дамытудағы еңбегімізді еселей түседі. Жалағаштықтарға мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы аясында өтіп жатқан дүбірлі той құтты болсын, – деді спорт жанашыры Садық Мұстафаев.
Әрине ауыл жұрты көз тіккен аламан жарыс қазақ күресін дамытуда, көсегесін көгерту жолында маңызы зор болары анық. Ел мен жердің намысы атойлайтын осындай дүбірлі жарыста топ жаратын намысшыл жастардың катары көбейгені дүйім жұртты бір қуантты.
– Атамыз Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы құтты болсын. Той аясында өткен қазақ күресінен сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Дүбірлі додаға қатысқан палуандардың ешқайсысы осал емес. Барлығы да қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен шеберлер. Өйткені жарыс барысында тәжірибелері мол палуандар бір-бірінің айла-тәсілдерін әбден меңгергені көрініп тұрды. Жалпы сайыс өте тартысты өтті. Мен де бұл додаға тыңғылықты дайындықпен келдім, «бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой, бүгін менің асығым алшысынан түсіп, түйе палуан атандым. Береке мен бірліктің туын тіккен жалағаштықтарға алғыс айтамын, – деп ағынан жарылды түйе палуан Еламан Ерғали.
«Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, киелі шежіреге тұнған Сырдың бойындағы Жалағаш жері рухани сілкініс жасап, тұрғындары мен той қонақтарының көңілі бір марқайып қалды. Ең бастысы, дүбірлі той елді береке-бірлікке ұйыстыра алды.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!