Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:44

Наркескендіктер топ жарды

20.02.2024

705

0

Гір спорты бойынша аудан құрама командасын дайындап, олардың спорттық деңгейін жақсарту үшін 2016 жылы аудандағы Наркескен спорт клубында арнайы үйірме ашылған болатын. Осы жұмыстар бүгінде өз жемісін беріп, аталған спорт түрі дамып, онымен айналысқысы келетін жастар қатары артты. Қай спорт түрінен жарысқа барса да қоржындары бос қайтпайтын «наркескендіктер» биыл да жыл басын жақсы жаңалықпен бастады.

– Аудан әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен гір спорты үйірмесін талапқа сай етіп, қажетті құралдармен қамтамасыз еттік. Спортшылардың сайыстарға қатысуына жағдай жасадық. Гір тасын алақанда ойнататын Абдулхасан Сейтеновтің шәкірттері – наркескендіктер намысты қолдан бермей, еліміздің, облыстың, ауданның абыройын асқақтатуда, – дейді – «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов.


Иә, «Наркескен» спорт клубындағы гір спортының үлкен жетістіктерге жетуінде үйірме жаттықтырушысы Абдулхасан Сейтеновтың еңбегі зор. Ол күні-түні шәкірттерін шыңдауда қажырлы еңбек етіп, бүгінде жемісін көріп отыр. Бағы мен бабы келіскен бапкердің шәкірттері өткен аптада Астана қаласында өткен ұзынайналым жаттығуынан ересектер мен жастар және жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатына қатысты. Екі күнге жалғасқан жарыс нәтижесінде Қайсар Төлеген жастар арасында 78 келі салмақта ІІ орын, Нұрислам Орынбасар 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында 73 келі салмақта І орын алды.
– 8 сыныпта оқитын кезім, бапкерім Абдул­хасан Сейтеновпен ау­дан ор­та­­­­лы­ғындағы алаңда өтіп жат­қан спорт­­­тық сайыста таныстым. Со­дан бері гір спортымен айналысып келемін. Аптасына 3 рет спорт залға келіп дайындаламын. Тыңғылықты үздіксіз дайындықтың арқасында бап­керіммен бірге үлкен жетістіктерге жетіп жатырмын. Қазақстанды әлемге танытып, көк байрағымды әлем дода­ларында желбірету үшін қолымнан кел­генше еңбек етемін. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінде дене шынықтыру пәні­нің мұғалімі мамандығы бойынша 3 курс студентімін. Жарысқа 500-ге жуық спортшы қатысты. Соның ішін­де Қостанай мен Шардараның спорт­шыларын өзіме мықты қарсылас болды деп айта аламын. Себебі алдыңғы жылғы жарыстарда да бір алаңда бақ сынап, бәсекелес болғанбыз. Бұл жолы Қостанайдан келген спортшыдан озып, өкінішке қарай Шардараның спорт­шысынан жеңіліп қалдым. Ендігі мақсат – келесі сайыстарда қарсыластарымның барлығынан оза шауып, Әлем чемпионы атану, – дейді Қайсар Төлегенұлы.
Елімізде қол күрес спорты дамыған аймақтың бірі Шардара болса, гір спорты дамыған өңір Жалағаш болуы үшін қызмет ететінін жеткізген Қайсар болашақта бапкерінің жолын қууды көздейді. Бүгінге дейін екі рет қола, бір рет күміс жүлде иегері атанып, ҚР чемпионатында алтыннан алқа таққан Нұрислам Орынбасардың да ендігі мақсаты – Әлем чемпионы атану.
– Дайындық барысында кезіккен қиыншылықтан шаршап, қажыған сәтте бапкерім Абдулхасан ағайдың айтқан ақылы мен жігерлендіретін сөздері ғана әрі қарай спортты жалғастыруға күш береді. Жарыстарда қол терлемес үшін жағатын ұнтақты жиі жоғалтып алып, қажетті заттарымызды ұмытып кетіп жатамыз. Сондай сәттерде бапкеріміз бәрін байыппен шешіп, бізге жеңіске жету жолында кездескен қиыншылықтарға мойымауды үйретеді. Мойынға таққан медальда қаншама еңбек пен төгілген тер бар, – дейді Нұрислам Нұрланұлы.
Аталған үйірменің ауыз толтырып айтатындай мақтан тұтар басқа шәкірттері де жетерлік. Себебі онда өз ісінің білікті маманы, нағыз шебер жаттықтырушы Абдулхасан Сейтенов чемпиондарды шыңдап шығарып, аудан спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүр.
– Үйірмеге аудан, ауыл білім ошақтарынан аптасына 4 күн 60-тан аса оқушы келеді. Жалпы бұл жарысқа бармас бұрын спортшылар ең алдымен Тереңөзекте өткен облыстық жарысқа қатысты. Бұл жарыс ұзынайналым деген жаттығудан өтті. Жасөспірім мен жастар жас ерекшеліктері мен салмақ дәрежелеріне қарай бөлінді. Жарыс нәтижесі бойынша 5 оқушы ҚР чемпионатына қатысуға жолдама алды. Өздеріңіз білетіндей, 2 спортшымыз жүлделі орындарды иеленді. Бірі жастар арасында өткен жарыста ІІ орын, ал екіншісі жасөспірімдер арасындағы жарыстан І орын алды. Жігіттердің еңбекқорлығы спортта талай сыналды. Олар спорт шеберіне үміткер атағын алу үшін де біраз тер төкті. Мәселен, Қайсар Төлеген спорт шебері болса, Нұрислам Орынбасар спорт шеберіне үміткер, – дейді «Наркескен» спорт клубындағы гір спорты үйірмесінің бапкері Абдулхасан Сейтенов.
Айта кетейік, үйірме қатысушылары жылда ауыл спортшылары бас қосатын «Алтын күз» спартакиадасынан соңғы 3 жылда командалық есеп бойынша алғашқы үштіктен түспеген. 500-ге жуық кіл мықтылар бас қосқан чемпионатта бапкерінің үмітін ақтаған спортшылар алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына кіріп, ел абыройын Азия және Әлем чемпионатында қорғап, мем­лекет мерейін үстем етеді деп се­неміз.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: