Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 20:47

Спортта шыңдалған Шыңғысхан

03.10.2023

578

0

Қазақша күрес – әлемдегі ең тарихы терең спорт түрлерінің бірі. Қазақтың ешбір тойы мен мерейлі мерекесі онсыз өтпеген. Сонау ықылым замандардан бері қазақ білекті азаматтарына қара күштің киесі дарыған жан деп қана қарамай, ұлт қуаттылығын, ел құдіретін танытар өнер иесі деп қадір тұтқан.

Ұлттық спорттың төресі саналатын қазақ күресі – ең көне спорт түрі. Мұнда бабы мен бағы келіскен шы­найы спортшы ғана жеңімпаз атанады. Бұл спорт түрінен жыл сайын айтулы жарыстар өткізіліп, жаңа есімдер жарыққа шығуда. Үлкен бай­рақты бә­се­келерде белдесіп, бағын сынап жүр­ген­дердің бірі – Шыңғысхан Әбілхасенұлы.
Оның қазақ күресін жанына серік еткелі біршама уақыт болған. Бүгінде бірнеше сайыстарда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Спорттық шежіресін ең алғаш 2015 жылы ұстазы Өмірбек Кәлменовтен үй­­ренген жас палуан қазіргі таңда ау­дандық олимпиадалық резервтегі ма­­­ман­дандырылған балалар мен жас­өс­пірім­дер мектебінде қазақ күресі мен дзюдо үйірмесінің жаттықтырушысы бо­лып жұмыс жасайды.
– Қазақ күресімен қатар дзюдо күресінің қадамы да қарыштап дамып келе жатыр. Себебі дзюдо күресі барлық халық қызығатын спорт түріне айналды. Бұл күрестің қыр-сырын жетік меңгерген спортшыларымыз талай бай­рақты бәсекелерде ел намысын қор­ғап жүр. Ең бастысы, күреске деген адал ниет болу керек. Әйтпесе нәтиже болмайды. Сайып келгенде, шын жүй­рікке шаршы алаңда тұсау жоқ. Үйір­меге 7 жастан бастап балаларды қа­былдап жатырмыз. Қазіргі таңда 12 бала бар. Оның 4-еуі – қыз, 8-і – ұл. Негізі бапкерлік қызмет үнемі ізденісті, білімді жетілдіріп отырумен қатар шеберлікті шыңдауды талап етеді. Бүгінгі күнге дейін жиған-терген бі­лі­міммен тоқтамай, үнемі ізденіс жо­лында жүруге тырысамын. Себебі мен бап­кермін. Шәкірттерімнің жағдайын жасап, олардың бойындағы тұнып тұр­ған талантты ашу – менің міндетім, – дейді жас бапкер.
Мойынға таққан медальда қан­шама ерік-жігер мен төгілген тер бар. Жеңіске апарар жол тынымсыз еңбек пен болаттай берік мақсаттан құралады. Қазақтың көк туы көкте желбірегенде ғана спортшылардың сарқылған күші қайта қалпына келеді. Күреске қадам басқанына 10 жылға жуықтаған Шыңғысханның бозкілемде белдесіп жеткен жетістігі көп. Ол – аудандық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы. 4 жылда бір өтетін Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалінде қа­зақ күресінен ерлер арасында 74 келі салмақта өткен жарыста ІІ орын алған.
Белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасында 23 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орын ал­ған. Ауыл спортшыларының ХХХІV «Алтын күз – 2021», 2022 жылы облыстық спартакиаданың бағдар­ла­­масында қазақ күресінен 74 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Аслан Бағ­дат­ұлын еске алуға арнал­ған қазақ күресінен аудандық тур­нирде 90 келі салмаққа дейін ІІ орын иеленген. Ауыл шаруашылығының көр­­­­некті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шә­­­­меновты еске алуға арналған дзю­додан жасөспірімдер арасындағы рес­пуб­ликалық турнирде 73 келі салмақ дә­режесінде І орынды жеңіп алған. Со­нымен қатар Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасының ХХІ жазғы универсиада ойындарынан ІІІ орынды иеленген.

Қазіргі таңда еліміздің басты құн­дылықтарының бірі ретінде қазақ күресін дамыту және өскелең ұрпақ арасында насихаттау бойынша ке­шенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бозкілемде белдесетін Шыңғысханның жасөспірімдерін жеңіске жеткізу жолын­дағы еңбегі тың, ынтасы зор.
Әр елдің өз ұлттық ерекшеліктері болатыны секілді қазақ елінің де өз ерекше құндылықтары бар. Оның ішінде қазақ күресінің алар орны мен мәртебесі биік. Бабадан қалған асыл өнердің оты өшпей, ендігі жерде лаулап жануына Шыңғысхан секілді жас бапкерлердің қосар үлесі зор. Бүгінде дзюдодан спорт шеберіне үміткер болған Шыңғысхан – қазақ күресінен спорт шебері атағын иеленген білікті жас бапкер.


Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: