Өткен апта жекпе-жек десе ішкен асын жерге қоятын қазақстандық спорт жанкүйерлері үшін ерекше болды. Олай деуімнің себебі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында XXII әлем чемпионаты өтті. Жүлде қоры 5 млн доллардан асатын бәсекеге 104 мемлекеттен 640 спортшы жиналды. Соның ішінде 7 бірдей жаһан чемпионы да бар.
Иә, кіл мықтылар жиналған бокс додасында жерлестеріміз үшін де оңайға соқпады. Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың мәліметінше, қазақстандық боксшылар барлық 13 салмақта өнер көрсетеді. Кезекті әлем біріншілігіне құрама мықты дайындықпен аттанған. Боксшылардың барлығының бабы келіскен. Құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен Токио олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев та қатарда.
Әуесқой бокс біріншілігінің тартысты өткендігі соншалықты, әсіресе жерлестеріміздің әр жекпе-жегіне ерекше жанкүйер болып, теледидардан көз алмадық.
Әлем біріншілігінің алғашқы кезеңдерінде қазақ боксшылары өте жақсы өнер көрсетті. Әрине, жарыс болған соң жеңіс те, жеңілісте болады. Өкініштісі, біріншіліктің фавориті атанған Сәкен Бибосынов бірінші кезеңнен сүрініп, жарыстан шығып қалды. Ал қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев өзбек елінің мақтанышы Баһодүр Жалоловқа тағы есе жіберді. Иә, спортсүйер қауым үшін финалға дейінгі кезең көптеген тартысты жекпе-жектермен есте қалды. Осы ретте алтын үшін таласқа түскен финалдық жекпе-жектерге кеңінен тоқталсақ…
Финалдардың алғашқы күні Ұлттық құрамадағы ең жеңіл спортшы Санжар Ташкенбай топ жарып, чемпион атанған ең жас қазақ боксшысына айналды. Финалда Грузия елінің боксшы Сахила Алахвердовимен күш сынасты. Жекпе-жек Санжар үшін маңызды болғанымен, қиынға соқпаған секілді. Өйткені қарсыласын 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Санжар өткен жылы да жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын. Ал одан кейін шаршы алаңға шыққан Дулат Бекбауов 67 келі салмақта қарсыласына жол беріп, күміс медальға қол жеткізді.
Алдыңғы әлем чемпионатының 54 келі салмақтағы күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан ақтық кезеңге дейін Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстаннан келген қарсыластарын ойсырата ұтып келді. Осылайша финалда ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекке шықты. Махмұттың өткен финалдағы қателіктерінен сабақ алғандығы көрініп тұрды. Десе де екі боксшы да бар шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Тіпті, 21 жастағы боксшымыз 3 раундта қырғыз төрешісіне 2 мәрте нокдаун тіркетті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Махмұд Сабырхан Қазақ еліне алтын жүлде сыйлады. Айта кетейік, Махмұд 2 жыл бұрынғы Белградтағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған еді.
Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келі салмақ дәрежесінде атой салып, топ жарды. Отандасымыз финалда тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты тізе бүктірді. Алдыңғы жекпе-жектерде Асланбек Үндістан, Франция, Израиль, Тринидад және Тобаго боксшысынан басым түскен.
Ал Нұрбек Оралбай Өзбекстан төрінде 80 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, тағы бір мәрте Әнұранымызды шырқатты. Бір өкініштісі дейміз бе? Отандасымыз шешуші жекпе-жекте Қытай атынан сынға түскен этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен жұдырықтасты. Осыған дейін Нұрбек Ресей, Иордания, Түркия мен Әзербайжаннан келген боксшылардан басым түскен.
Осылайша Қазақстан құрамасы Ташкентте 4 алтын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есепте 2 орынға тұрақтады. Әрине, бұл – өте үлкен жетістік. Көш басында жарыс қожайыны Өзбекстан қалды.
Бір де бір жекпе-жекті қалдырмай көріп, жерлестірімізге тілеулес болған қазақ жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ. Жеңімпаз атанған спортшыларымызға жан-жақтан құттықтаулар айтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Әлем чемпионатының жеңімпаздарын құттықтады.
– Бокстан Әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектерін зор қызығушылықпен тамашаладым. Жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен боксшыларымыз Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын! Қазақтың төрт жігіті – Әлем чемпионы, – деп жазылған Президенттің Twitter-дегі парақшасында.
Жалпы, Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап шеберлерін жіберді. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы Әлем чемпионаты тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, 3 орынға көтерілді. Бірінші орынға Куба, екінші орынға Ресей жайғасқан.
Айта кетейік, әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан 200 мың АҚШ долларынан сыйақы алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді.
Қазақстан бокс федерациясының Президенті Кеңес Рақышев осы нәтижеге үлес қосқан Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер қосынын, боксшыларды, дәрігерлерді, ғылыми топтың мамандарын өз есебінен марапаттайтынын жеткізді. Бұл ретте чемпион атанған Ұлттық құрама боксшыларына сыйақы ретінде 100 мың АҚШ долларынан табысталады.
Жандос Махмұтұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!