Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 03:46

Кадрлық ауыс-түйіс: Кім қайда барды?

10.01.2023

3107

0

Бұл – аудан активының жаңа жылдағы алғашқы басқосуы. Қоян жылы жергілікті әкімдіктегі бірінші жиын жай басталған жоқ, бірқатар кадрлық ауыстүйіс болды.

Актив отырысында Асқарбек Темірбекұлы алдымен әріптестерін келіп жеткен жаңа жылмен құттықтап, биыл да ауданда жарқын жобаларды жұмыла жүзеге асырып, елдің әлеуетін көтеруде ынтымақпен жұмыс жасайтындарына сенім білдірді. Бұл – Асқарбек Есжановтың аудан әкімі қызметіне келгелі жасаған алғашқы кадрлық өзгерістері. Иә, бұған дейін аудан әкімінің бір орынбасары тағайындалды. Бірақ бұл жолғысының жөні де, мәні де бөлек. Тіпті одан бөлім басшыларын былай қойғанда аудан әкімінің бір емес, екі бірдей орынбасары да шет қалмады. – Аудан бойынша бірқатар кадрлық ауыс-түйістер орын алуда. Келгенде мүмкіндік бере отырып, жігіттердің аяқ алысын байқадық. Алдағы уақытта да кадрлық ауыс-түйістер жалғасуы мүмкін. Себебі бұл тағайындауларды аванс ретінде қабылдауымыз керек. Бұл – сіздерге елдің талап-тілегіне жұмыс жасау үшін берілген мүмкіндік. Сол мүмкіндікті құр жібермей сенім үдесінен шығуларыңызға тілекшіміз. Алдағы уақытта ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуына бірлесе жұмыс жасаймыз деп тағы да сенім білдіремін, – деді аудан әкімі. Естеріңізде болса, барыс жылын табыспен қорытындылаған Қызылорда облысында бірқатар басқармалар бірігіп, функциясы жуықтайтын ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, спорт пен мәдениет сынды басқармаларды қосу жайы қарастырылған. Бұл жоба жаңа жылда жасалып, аудандарда да бөлімдер біріктірілген. Актив отырысындағы алғашқы ауыстүйіс ауыл шаруашылығы және жер қатынастары деп аталатын жаңа бөлімнің басшысын тағайындаудан басталды. Алтынбек Дәрібаевтың аудан әкімінің орынбасары болғанынан бері қанша жыл өткені есімде жоқ, әйтеуір одан бері он жылдың сырғығаны анық. Осынша уақытта Алтекеңнің ауыл шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын жақсы білеміз. Аяқ су, жер, науқанның кезіндегі қолайсыз ауа райы салдарынан туындаған мәселелердің барлығының Алтынбек Тұрмағанбетұлы белортасында жүрді. Сондықтан аудан басшысының жаңа бөлімге оны лайықты деп тануы орынды. Ал осыған дейін жер қатынастары бөлімін ұзақ жыл басқарған Бабаназар Байболов бұдан былай бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарады. – Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбек еткен Алтынбек Дәрібаевты бәріміз жақсы білеміз. Ауыл шаруашылығында да, жер қатынастары саласында да бірқатар мәселе бар. Соның шешіміне жұмыс жасайды деп сенім білдіремін және алдағы жұмысыңызға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі. Ал аудан әкімінің тағы бір орынбасары Жасұлан Еспенбет те бүгін орнын босатты. Ол бұдан былай кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Жасұлан Ерданұлына аталған бөлімнің қырсыры таңсық емес деп ойлаймыз. Себебі ол аудан әкімінің орынбасары қызметіне кірісерге дейін аталған бөлімді біршама уақыт тізгіндеген болатын. Енді өңірдің кәсіпкерлік саласына екпін беруге Ж.Ерданұлына екінші мәрте мүмкіндік беріліп отыр. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов та бұрынғы орынбасарына «Өңірдің кәсіпкерлік саласында серпін қалыптастырады» деп сенім білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Кадрлық ауыс-түйіс барысында жастарға да мүмкіндік беріліп, басшылық тарапынан үміт артылып жатқанын аңғару қиын емес. Мәселен, осыған дейін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімін тізгіндеген Қайрат Жаппасбаев аудан әкімі аппаратының басшысы қызметіне кірісті. Осыған дейін жұмыстағы жауаптылығы мен табандылығының арқасында қызметтік сатыдан өткен Қайрекеңе үлкен үміт артылды.

– Қайрат Жаппасбаевты да өздеріңіз жақсы білесіздер, жас маман, жас та болса бірнеше бөлімде шыңдалған маман, біз ендігі жерде жастарды қолдауымыз керек. Білім-білігін өздеріңіз жақсы білесіздер, сауатты азамат. Сондықтан аппарат басшысы қызметін сенім тапсырып отырмыз. Жаңа жұмысына сәттілік тілейміз, – деді Асқарбек Темірбекұлы. Ал осыған дейін аудан әкімінің аппарат басшысы болған Мейірбек Аманкелдіұлы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы қызметіне кірісті. Бұл бөлімнің де қызығы мен шыжығы Мәкеңе таңсық емес. Себебі Мейірбек Аманкелдіұлы да осыған дейін әлеуметтің әлеуетін көтеруде абыройлы һәм табысты еңбек еткенін жақсы білеміз. Биыл біріктірілген бөлімдер қатарында экономика мен қаржы саласы да бар. Яғни қос сала бір бөлім болып аудандық экономика және қаржы бөлімі деп аталды. Осыған дейін аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарған Жұпар Баймаханова аталған жаңа бөлімді тізгіндеді. Ауданның идеология саласына серпін берген Шарабан Қалыбаев аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Шарабан Мақсұтұлының өз ісіне жауаптылығын, табандылығын жақсы біеміз. Сондықтан Асқарбек Темірбекұлы тарапынан артылған үмітті ақтайтынына да сенім мол. Мемлекеттік қызметтің бірнеше сатысынан абыроймен өткен азаматтың оған қарым-қабілеті жетеді. Бүгінгі актив отырысында тағы бір жасқа мүмкіндік берілді. Иә, Ержан Қайнарбаев та мемлекеттік қызметтің бірнеше сатысынан өткен азамат. Қайнаған жұмыстың белортасында жүрген жылдары да сыр бермеген Қайнарбаев атауы жаңарған аудандық қоғамдық даму басқармасына басшы болып тағайындалды. Жоғарыда айтқан біріктірілген бөлімдердің ішінде мәдениет және спорт бөлімінің басшылығы да бос болатын. Бүгінгі кадрлық ауыстүйісте жаңа бөлімнің жаңа басшысы да белгілі болды. Осыған дейін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарған Таңатар Доспанов бұдан былай аталған жаңа бөлімнің жұмысына жауапты. Ал бұрынғы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарып келген Еркебұлан Жамалатов бұдан былай жаңа бөлім басшының орынбасары қызметін атқарады. «Еркебұлан Сырмағанбетұлы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған жылдары жалағаштықтардың есінде қандай еңбегімен қалды?» дейтін сауалдың түйінін тарқатсақ, жазатын дүние көп. Ауылдық елді мекендерде спортты дамытуға, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына не кедергі? Бірінші кезекте осы сауалдың жауабына Жамалатовтың терең бойлағанын жақсы білеміз. Бізге берген қай сұхбатында болсын, ауылдарда спортты дамытуға кедергі мәселелерді көтермей қоймайтын. Оны басшылық алдында да бірнеше рет көтерген. Қазір ауданда ерекше екпінмен дамып келе жатқан спорт саласы соның нәтижесі деп білеміз. Ол әлі де аталған салаға еңбек ете береді. Себебі жаңа бөлімнің спорт саласы бойынша орынбасары қызметіне ауысты. Осыған дейін кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы қызметін атқарған Ғабит Ерболұлы да орнын босатты. Ол бұдан былай жаңадан құрылған аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Ал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы қызметінен босаған Қанат Шамшатұлы бұдан былай мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Жергілікті әкімдік аппаратындағы дәл осы бөлімді осыған дейін абыроймен басқарған Ғалым Жаңашев жаңадан құрылған қаржы шаруашылық бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, бақылау бөлімінің бас инспекторы Талғат Мұратұлы бұдан былай дәл осы бөлімнің басшысы қызметін атқарады. Ал жастар ресурстық орталығының қызметкері, аудандық мәслихат депутаты Нарбота Серәлі аудан әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды. Бүгінгі актив отырысында осындай үлкен кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Аудан әкімі айтқандай, бұл өзгерісті елге, халықтың талаптілегіне жұмыс жасауға берілген үлкен мүмкіндік деп қабылдау керек. Әкім айтты, сөзінде тұрды. Сырттан ешқандай кадр тартқан жоқ. Келгеннен өзіміздің азаматтарға мүмкіндік берді. Мүмкіндік әлі де беріліп жатыр. Соны тиімді пайдаланған азамат халыққа қызмет етеді. Бастысы, ешкім жұмыссыз қалған жоқ, қосылғыштардың орны өзгерді, ал мәні қалай болмақ? Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. Айтпақшы аудан әкімінің бір емес, қос бірдей орынбасарының орны бос тұр. Асқарбек Темірбекұлы ол қызметке де сырттан кадр тартпауға уәде етті. Тіпті «Орынбасарларымды да осы азаматтардың арасынан тағайындаймын» деп сөзін шегеледі. Бұдан біз «Елге қызмет етіңдер, халықтың талап-тілегіне нәтижелі жұмыс жасаған адамның мерейін үстем етуден тарылмаймын» дегенді ұқтық. Актив отырысының соңында аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева мен “Amanat” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева жаңа қызметке ауысқан әріптестерін құттықтап, бұл аудан әкімі тарапынан артылған сенім екенін тілге тиек етіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: