Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жұма, 22 қараша, 13:51

Судың да сұрауы бар

28.06.2022

562

0

Осыдан бірнеше жыл бұрын анамыздың дастархан басында «Жарықтық, су мен жарыққа төлеген ақың адал ғой» дегені бар еді. Ол тұста біз – ойын баласымыз, үйдегі үлкендердің неге бұлай дейтінін кейін ұқтық. Қазір шағын ғана Жалағаш ауданының өзінде халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде айтарлықтай мәселе туындап отыр. Бұл қалай пайда болды, оның шешімі бар ма? Бұл сауалдардың түйінін тарқату үшін мамандармен сұхбаттассаң, мәселенің орын алуы да, шешімі де түптеп келгенде өзімізге байланысты екенін аңғара қою қиын емес.

Өткен сенбіде әлеуметтік желіде аудан әкімінің жергілікті халыққа жариялаған үндеуін көзім шалды. Мазмұны судың да сұрауы барын қаперге салып тұр. Енді ондағы жалағаштықтардың күніне қанша ауыз су тұтынатынына қатысты сандарға сүйенсек, мұның бәрін тек тұрмысқа пайдаланбайтынымызды тү­сіну қиын емес. Мәселен, аудан халқы қыс айларында күніне 1500 текше метр куб ауыз су тұтынса, күзде 1800 текше метр куб жалағаштықтарға жетеді екен. Ал жазда жергілікті тұрғындар 5 мың текше метр кубқа дейін күніне ауыз су пайдаланып отыр.
Рас, ауыз суды мақсатсыз пайдалану салдарынан туындап отырған мәселе биыл бірінші рет орын алып отырған жоқ. Қазір тек жаз айында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде жалағаштықтық мамандар 3 жыл­дан бері осы мәселемен бетпе-бет ке­луде. Зерделесек, мәселеге әлгіндей жағ­дайлардың себеп болып отырғанын тағы да байқаймыз.


Апта басында газеттің шығар­ма­шы­лық тобы басылымның кезекті нөмірін жоспарлап, мақаламызға қажетті мәлімет алу үшін аудандағы бірқатар мекемеге жолға шықтық. Өңір басшысы Асқарбек Есжановтың үндеуінде көтерілген мә­селенің мәнісін білу үшін Жалағаш ау­данының оқшау сумен жабдықтау жүйе­лерін пайдаланушы мекемесіне ат басын бұрдым. Барсақ, мекеме басшысы Мұрат Елеусінов те үй-үйді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келген бойы екен. Нәтижесін сұрасақ, көңіл то­ғаймайды. Төмен қараған Мәкеңнің түрінен «Несін сұрайсың, айтсам, жы­лайсың» дегенді ұқтым.


Кабинетіне кірген бойда сұхбатты бастап кеттік. Екеуара диалог ортасына жетпей есікті ентелеп біреу ашты. Кент тұрғындарының бірі екен, оның өзін мәселесінен кейін айтты. Бағана сөздің басын Мұрат Елеусінов «Ауыз суды халық мақсатпен және үнеммен пайдаланса, ешқандай кедергі болмайды» деп бастап еді. «Онсызда солай емес пе?» дегенмін іштей. Бірақ жаңағы жігіт ағасының талап-тілегі бұл ойымның қате екеніне көз жеткізді.


«Біздің үйге келетін судың қысымы аз, тұрмысқа су жарағанымен, көлік жуа алмай әлек болып отырмын» деп дүрсе қоя берді. Мәкең де сабырлы екен, «Ағажан, сіздің үйде су есептегіш құралы бар ма?» деумен шектелді. Көкеміз тіпті оны да орнатпағанын, қазіргі таңда үйдегі жан басына ауыз су ақысын төлеп отырғанын жеткізді. Маман сол жерде оған ауыз суды өз мақсатымен және үнеммен пайдалану керектігі жөнінде кеңес берумен шектелді. Ағамыз да түсінгендей болды. Іштей «Осындай жағдайға дейін жеткеніміз бе?» деп мен отырмын.


Иә, судың да сұрауы бар, осыны түсінуіміз керек. Бағана бұл мәселе ауданда биыл бірінші рет орын ал­мағанын айттық. Былтыр да, алдыңғы жылы да оған аудандағы ауыз суға жауапты мамандар тосқауыл бола білді. Былтыр аудан халқы ең көп дегенде тәулігіне 4000-4500 текше метр куб ауыз су пайдаланған. Ал биыл жағдай мүлде күрделеніп отыр. Енді осы мәселеге қатысты бас шаһардан келген мәліметтегі сандарды сөйлетсек…


Жалағаштықтар өткен жұмада 5 мың текше метр куб ауыз су тұтынса, сенбіде оның көлемі 5 мың текше метр кубтан асқан. Ал жексенбіде біз 5 426 текше метр куб ауыз су тұтыныппыз. Демек, күнделікті өмірде пайдаланатын ауыз су көлемі уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Яғни мәселе де күрделене беретіні анық. Енді ауданға қарасты елді мекендерге келейік…


Жалағаш кентінің халқы бүгінде тәулігіне 2040 текше метр куб ауыз су тұтынады. Яғни жан басына 143 литрден келіп отыр. Ал ауылдық елді мекендер бойынша Мәдениет көш бастап тұр. Мұндағы жергілікті тұрғындар күніне 600 текше метр куб ауыз су пайдаланады екен. Жан басына шаққанда 310 литрден келеді. М.Шәменов ауылында да дәл осындай жағдай. Яғни ауыл тұрғындары тәулігіне 280 текше метр куб ауыз су тұтынады. Жан басына шаққанда 277 литрден келеді. Үздік үштікті ақсулықтар түйіндеп отыр. Мұнда тәулігіне 420 текше метр куб ауыз су пайдаланылады. Жан басына шаққанда 240 литрден келеді.


Жаз мезгілінде судың аса қажет болатынын білеміз. Жоғарыдағы сан­дарға да түсіністікпен қарауға болады. Алайда жергілікті тұрғындардың барлығы су есептегіш құралын орнатса дейсің ғой. Өкінішке орай жалағаштықтардың әлі 30 пайызы су есептегіш құралынсыз ауыз су тұтынып отыр. түсіндірме жұмыстары жүргізілмейді емес, жүргізіледі. Бірақ нәтиже Мәкең айтқандай.
Оның тиімділігі жөнінде біз бұған дейін де «Су есептегіш құралынсыз ештеңе үнемдей алмайсыз» деген тақырыппен мақала жазғанбыз. Онда әлгі құралдың пайдасы толық айтылған. Тағы бір қаперге салсақ, артық болмас. Мәселен, аудан халқы су есептегіш құралымен 1 текше метр куб суға 30 теңге төлейді. Бұл 1000 литрды құрайды. Ал су есептегіш құралынсыз сіз үйдегі адам басына 146 теңге төлейсіз. Осыдан-ақ қайсысы тиімді екенін аңғару оңай шығар.


Иә, кейбір тұрғындардың ауыз суды өз мақсатымен пайдаланбауы, яғни бақша суару, құрылыс жұмыстарына пайдалануы мамандар жұмысына ай­тарлықтай кері әсерін тигізуде. Мәселен, қоймада судың таусылуынан бөлек бір­қатар насостар істен шығуда. Ал су есептегіш құралын толық орнатсақ, біз мұндай мәселенің алдын алар едік.


Мұрат Елеусінов қазіргі таңда Дәуімбай елді мекенінде тағы бір ауыз су жүйесі салынып жатқанын айтады. Су қоймасының сыйымдылығы 1 200 текше метр кубты құрайды. Ол күзде ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Мұның алдағы уақытта аталған мәселенің шешімін табуына қолғабыс болары анық. Десе де ауыз суды өз мақсатымен және үнеммен пайдаланудың маңызды екенін қаперде ұстаған дұрыс.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: