Мемлекет басшысының 2022 жылғы 2 ақпандағы жарлығымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы тұтастай алғанда түбегейлі өзгертуге, сыбайлас жемқорлықтың экономикалық және беделі жағынан тиімсіз болатын жағдайларды жасауға бағытталған.
Қабылданған тұжырымдамадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысында бес жылдықты қамтыған міндеттемелерге байланысты Жалағаш ауданы әкімдігімен өз деңгейінде тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Аудан әкімдігіне қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы атқарылған жұмыстарды халық арасында кеңінен ақпараттандыру мақсатында жергілікті «Жалағаш жаршысы» газетіне, «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінің «Жалағаш ауданының әкімдігі» атты парақшасында және әкімдіктің ресми сайтына ақпарат тұрақты жарияланып отыр.
Тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы құқықтық ақпаратқа барынша қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімінің сайтында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» атты жеке бөлім ашылып, атқарылған жұмыстар бойынша мәліметтер тоқсан сайын енгізіліп келеді.
Жалағаш ауданы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның 2024 жылы 4 рет комиссия отырысы өткізілді. Комиссия отырыстарында аудан әкімдігіне қарасты мекемелер, ауылдық округ әкімдері, денсаулық сақтау, білім және құқық қорғау органдары басшыларының атқарған жұмыстарының есептері тыңдалып, тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Аудан әкімдігіне қарасты кент, ауылдық округ әкімдеріне, аудандық бөлімдер мен мекеме басшыларына ай сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен осал тұстарына аса мән беріп, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы бағытталған шараларды күшейту тапсырылды.
Бұл ретте қызметкерлермен персоналды түрде профилактикалық әңгімелесу жұмыстарын жүргізу және заңнама талаптарын қатаң сақтау керектігі жөнінде ескертпелер берілді.
Тұрмыстық жемқорлықты жою, халыққа қолайлы орта қалыптастыру бағытында әзірленген арнайы видеороликтер әлеуметтік желілерге тұрақты жариялануда.
Кент, ауылдық округтерде, мемлекеттік мекемелерде, мектептер мен аурухана ғимараттарында және халық көп шоғырланатын орындарда ақпараттық-насихаттық брошюралар ілінді.
Жалағаш кентінде, ауылдық округтерде және Халыққа қызмет көрсету орталығында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!», «1424-ке хабарласыңыз» тақырыптарында билбордтар мен кернеулер орнатылды (кент, ауылдық округтерде – 14 билборд,2 кернеу,барлығы – 16).
Аудан әкімі және кент, ауылдық округі әкімі аппараттары мен аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім қызметкерлері қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жеке табысы туралы декларациялар уақтылы тапсырып отыр. Есепті мерзімде, жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық және олардың құқықтарын өрескел бұзу фактілері жөніндегі арыз-шағымдар түскен жоқ.
Қоғаммен ашық байланыс орнатуға бағыттау мақсатында аудан көлемінде азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында «Халықтық заңгер» акциясы өткізілуде және барлық кент, ауылдық округтерде «адалдық бұрышы» жұмыс жасауда. Соңғы 5жыл көлемінде аудан бойынша сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар орын алған жоқ.
Ішкі талдау жұмыстары
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес биыл ақпан айынан бастап бекітілген кесте бойынша аудан бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау жүргізіліп келеді. 2024 жылы 24 коммуналдық мемлекеттік мекемеде, 15 коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорында (барлығы 39 нысанда) ішкі талдау жұмыстары жүргізілді.
Талдау жүргізілген аудан, кент әкімі аппараттарымен, 8 дербес бөліммен және 3 квазимемлекеттік сектор субъектілерімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан 15 лауазымдар көрсетілген. Сонымен қатар қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге 18 ұсыным берілген.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан лауазымдар мен нысандардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің тізбесі қалыптастырылып (қоса жалғанды), ұсынымдармен бірге облыс әкімі аппаратына жолданды.
2023 жыл және 2024 жылдың өткен мерзімінде мемлекеттік қызметшілер арасында мүдделер қақтығысы орын алған жоқ. Бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамау жағдайлары анықталған жоқ. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау бойынша барлық тиісті ақпарат аудан әкімдігінің ресми сайтына орналастырылды.
Жоғарыдағыларды қорытындылай келе алдағы уақытта да атқарылатын жұмыстар Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Ардақ ИБРАИМОВ,
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!