Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Бейсенбі, 10 қазан, 18:11

Сыр өңірінің 85 жылдық мерейтойына орай облыстық байқау басталды

21.09.2023

350

0

Биыл тарихы өсиетті, қойнауы қасиетті Қызылорда облысының құрылғанына – 85 жыл. Осы мерейтой аясында облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Orda келбеті» атты облыстық байқауы өткізілмек. Аталмыш байқау аймақтың әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени дамуы мен шежірелі тарихы туралы жастардың креативті идеяларын танытуға бағытталады. Қатысушылардың ұсынған шығармашылық жұмыстары 20 қыркүйек пен 10 қазан аралығында қабылданады. Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Талғат Тілес хабарлады. 

«Сыр елінің 85 жылдық мерейтойы аясында қызылордалық тұрғындардың арасында ауқымды байқау өткізбекпіз. «ORDA» келбеті» байқауы біздің өңірге қатысты жастардың ғана емес, кез келген тұрғындардың креативті идеяларын, өздерінің шығармашылығын танытуға үлкен мүмкіндік деп білеміз. Сонымен қатар, бұл байқаудың бір ерекшелігі тек жастар ғана емес, облыстың кез келген тұрғыны қатыса алады. Осы ретте, аталмыш байқау бүгіннен, яғни 20 қыркүйектен бастау алатынын хабарлаймыз. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталады, – деді Талғат Оспанұлы. 

Брифинг барысында «Qosyl» жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров байқаудың негізгі ережесіне тоқталып, барша қызылордалықтарды конкурсқа белсенді қатысуға  шақырды.

«ORDA» келбеті» байқауы келесі бағыттар бойынша номинациялар тағайындалады. Атап айтқанда, «Үздік бейнематериал», «Үздік фото», «Үздік пост». Әрбір номинацияға сәйкес I, II, III орын үздіктері анықталады. Бірінші орынға –  «Apple iphone 14 Pro», екінші орынға – «Apple iphone 13», үшінші орынға – «Apple iphone 12» табысталады. Байқау нәтижесін облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған жұмысшы топ анықтайтын болады.  Барша Сыр өңірінің тұрғындарын байқауға белсенді қатысуға шақырамын! , – деді Әліби Басаров.

Одан әрі облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің шығармашылық және бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Тоғжан Амануллаева әр номинация бойынша қабылданатын материалдарға қойылатын талаптарды түсіндіріп өтті.

«Үздік фото» номинация бойынша қатысатын қатысушылар облыс тарихының кешегісі мен бүгінін және келешегін сипаттайтын сапалы 3 фотоны әлеуметтік желілерге жүктеуі тиіс.  Ал «Үздік пост» бағыты бойынша қатысушылар облыстың тарихын және соңғы жылдардағы жетістігін сипаттай отырып, фейсбук желісіндегі жеке парақшасында арнайы хэштегтер арқылы жариялауы қажет. Пост екі тілде де қабылданады. Сондай-ақ, әрбір ұсынған материалдарда облыстың 85 жылдығына арналған логотип қойылуы шарт. Жеңімпаздар әлеуметтік желідегі аудиториясының белсенділігі арқылы таңдалатын болады, – деді ұйымдастыру комитетінің мүшесі Тоғжан Есенгелдіқызы. 

Айта кетейік, байқау жеңімпаздары 12 қазан күні анықталатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: