Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сейсенбі, 09 желтоқсан, 18:44

Тарихқа терең бойладық

09.12.2025

9

0

Қазақтың бүтіндігі мен азаттығы үшін отарлаушы күшпен ашық күрескен және осы жолда мерт болған Кенесары ханның соңғы шайқасы өткен тарихи жер қазіргі Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылдық аймағының Күнгей деп аталатын түстігінде. Хан Кененің қасіретті соңғы күніне куә болған жерлер сол маңдағы Кекілік, Сеңгір таулары мен Әулиешоқы. Ал Кекілік пен Сеңгірдің аралығында жатқан Майтөбеге Кене хан ту тіккен. Шу өзені қозыкөш жерде ағып жатыр. Алайда екі аралықты Қазақ-Қырғыз шекарасы бөліп тастаған.

Хан Кене 1847 жылы көкек айында қапыда қырғыз манаптарының қолына түсіп, арманда кетеді. Бұл туралы тарих көпшілікке жақсы мәлім. Осы тарихты, яғни Кене ханның азаттық идеясын кеңестік идеология жасырып, жаншып баққанымен, халық жадынан бәрі­бір өшіре алмаған. Жазушы Мұхтар Әуезов, Ілияс Есен­берлин, тарихшы Ермұхан Бекмаханов және тағы бас­қа­лар көркем шығармалар, зерттеулер жазды, сол үшін жа­заланды да.
Еліміз тәуелсіздік алып, ел есін жия келе хан ұрпақтары Майтөбе басындағы қорым тастарын жаң­ғыр­тып, қақ ортаға биіктігі бес метр болатын еңселі ес­керткіш орнатыпты. Ол қызыл гранит тақта таспен көм­­керілген. Осы ескерткішті айналдыра қазақ рулары жеке-жеке тағзым тастарын қоя бастапты. Осы күннің өзінде Қыпшақ, Дулат, Беріш, Албан, Шапырашты, Керей, Қоңырат, Адай, Кете, Найман, Әлімұлы Жа­қайым, Арғын, Суан, Жалайыр, Ысты, Сіргелі, Та­рақты, Шер­кеш, Тобықты руларының атынан тағзым тастары сап түзеген. Бұл қазақ руларының бірлігін аңғартады. Бұ­дан басқа туысқан өзбек, ұйғыр, татар халықтарының аты­нан, тіпті дүнген, орыс халықтары атынан да тағзым тастары алыстан көзге ұрады.
Майтөбеге Сыр бойынан да бір топ ақсақал арнайы барып, баба рухына тағзым етті. Бедізші Мұратбек Есболов ойған қара түсті гранитке: «Ұлт азаттығы үшін мерт болған Кенесары хан мен қазақ батырларының аруағына тағзым. Кіші жүз, Алшын, Шөменұлы Шөмекей ұрпақтарынан, қараша, 2025 жыл» деп жазылған.
Тарихы Сақ, Ғұн дәуірінен белгілі Сырдан шыққан батыр-оғландар да Хан Кененің мықты тірегі болып, қай жағынан да көмектескені кейінгі зерттеулерде жазылған. Бұл туралы Ресей империясының қазақ өмірін арнайы зерттеген Генштаб офицері, топограф, этнограф және тарихшы, нәсілі неміс Мейер Лев Лаврентьевич өзінің 1865 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Киргизская степь Оренбургского ведомства» атты 375 беттен тұра­тын кітабының 59-бетінде ерекше тоқталған.
1840 жылы жан-жақты қуғынға ұшыраған Кенесары сұлтанның жағдайы өте ауыр еді. Бірақ көп ұзамай оның жағдайы жақсарды: күшті Шөмекей руы оны құрметпен қабылдап, оған ең ықпалды бидің қызын әйелдікке берді, содан кейін ғана Төртқара және Шекті рулары оны би­леуші деп мойындады, сол себепті ол өзін «Хан» деп не­гізсіз жариялады»/ («Киргизская степь Оренбургского ве­домства», Санкт-Петербург, 1865 г., стр 59).
Аптаның төртінші күні – Тәңірі күні болған рәсімде осы шараны ұйымдастыру жұмыстарының басы-қа­сында жүрген атақты спортшы, «Құрмет», «Парасат» ор­ден­де­рінің иегері, қазақша күрес бойынша спорт шебері, дзю­до бойынша Халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР құр­метті спорт қайраткері, Ауыр атлетикадан, қазақша кү­рестен, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қы­зылорда облыстық мәслихатының депутаты Са­дық Шоңмұрынұлы Мұстафа сөз сөйлеп, белгі тастың бел­беуін шешті. Ал үстіне жабылған ақ матаны Қожамқұл Алдабергенов, Ізбасар Бердімұратов сынды ақсақалдар сыпырып, жиылған жұртқа ақ тілегін арнады. Осы екі қария да сексенге келіп, көпті көрген, бірі – ұстаз, екін­шісі – шаруашылық басқарған зиялы жан. Екеуі де ата­ме­­кенге Өзбекстанның Тәуелібай аймағынан қоныс ау­дарған. Қазір Қордай ауданында тұрады.
Сол күні аудан орталығы Қордайда Кенесары хан мен сарбаздарының аруағына арнап ас берілді. Асқа Тасбай Елханұлы ақсақал бата беріп, Оспан қари Әбдулқадыр құран оқыды. Қордай ауданы, Жамбыл, Жа­ңатұрмыс ауылдарының ақсақалдар кеңесі төрағасы Нұрбек Жө­кеев ақсақал, «Компания Сырым Блеке» құ­рылыс ком­паниясының директоры, белгілі кәсіпкер, ме­ценат Елмұрат Күнібеков, республикалық «Таң-Шол­пан» әде­­би журналының бас редакторы, жазушы, «Құр­мет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Нұр­лы­бек Саматұлы, шараны ұйымдастырушылар Асан Әл­жанов, Қорғанбай Көбеев, Иран республикасынан ата­мекенге оралған Жақып Мұхамедамин, «Аспан-Дөйт» ком­паниясының басшысы Айдарбек Жетесбаев, бе­діз­ші Мұратбек Есболов және тағы басқа да азаматтар сөз сөйлеп, Хан Кене жорықтары туралы тарих тиегін ағыт­ты.
Ас соңында Сыр сүлейі Сәрсенбай жыраудың не­ме­ре­сі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­си­тетінің аға оқытушысы, дарынды жыршы Майра Сәрсенбаева Ба­­зар жыраудың «Тіршіліктің түрлері» термесін толғап, жиылған жұртты тәнті етті.

Қайрат ӘБДІҚАПБАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: