Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Жұма, 10 мамыр, 14:26

Тартысқа толы турнир

20.06.2023

245

0

Арманы асқақ Алмаш Қалилақызының балдәурен жастық шағы Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келді. Тұлымшағы желбіреген қаршадай қыз қиындық көріп өсті. Ауылдағы апа-әжелерімен бірге жұмыс істеп, еңбекке ерте араласты, тылда еңбек етті. 19 жасында Ерғали Таженұлымен бас қосып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.

Алайда олардың тату-тәтті өмір сүріп жатқан күндері ұзаққа созылмады. Ерғали 1968 жылы 41 жасында қай­тыс болды. Жол­Ол 1952-1956 жылдары ара­лығында мұ­ғалім болып қызмет атқарған. «Кейін екі көзден айырылып, дүниеден өткенге дейін ауданда соқырлар қоғамы ұйымының бас­шысы болып қызмет атқарғанын бала болсам да білетінмін» дейді қызы Қоғажай Ерғалиева.
– Анамыз жас келін болса да қара жұмыспен шыңдалып, елге танылды. Қазіргі «Сәрке батыр» шаруа қожалығында ұзақ жыл сушы, күрішші болып еңбек етті. Тірі пенде тіршілігін жасайды. Еңбектен қол үзбеді. Небары 36 жасында жесір қалып, 6 перзентін өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. «Элеваторда» жұмыс істеген жылдары вагондарға астық тиеп, 70 келі ұнды жігіттермен бірдей көтеріп түсіретін. Ер азаматтармен бірдей жұ­мыс істеп, еңбекпен есейген анамыз жыл өт­кен сайын шыңдалып, қайратына қайрат қосты. Ол әйелдер арасындағы күресте ал­ды­на жан салмайтын. Қарсыласын алып та, ша­лып та жығатын. Жауырыны жерге тимеген па­луан әйелді аудан халқы «Палуан Алмаш» деп орынды мақтан ететін, – дейді Қоғажай апай.
1953 жылдың 1 қаңтар күні білім бөлімінің басшысы Ұзақ Еспанов Қараөзек бойында 4 фермаға сабақ беруге Қоғажай апайдың әкесін жібереді. Үскірік аязды артқа тастап, «Түйте» деген жерге келгенде аяқ астынан анасы толғатады. Өздері жаяу, көлдің ортасына барып, қалың қоғаны жапырып, сыртқы киімі солдат шинелін төсеп, сол жерде қызы Қоғажайды босанады. Әрі қарай ата-анасы жолға шығады. Түн келе жатып, ит үрген жаққа қарай бет алып, қариялардың үйіне кезігеді. Ол үйде ерлі-зайыпты екі қария тұрады екен. Мән-жайды түсіндіріп, сол жерде босанғанын айтқан. «Менің есімімді сол қария Мұратбек ата «олай болса, есімін Қоғажай деп қой» депті. «Содан таң атар-атбастан жолға шықтық. Кеш бата 4-ші фермаға да келіп жеттік» деп әрдайым анам айтып отырушы еді» дейді Қоғажай Ерғалиқызы.
Бұл ерлік Алмаш әжейдің палуан екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Ол 1970 жылы 10 сәуір күні «Ленин» орденімен марапатталады. 1975 жылдың 17 наурызында Қазақ СССР Республикалық комитеті «Ударник девяти пятилетка» төсбелгісімен марапаттайды. 1975 жылы маусым айында Жалағаш аудандық Еңбекшілер депутаттарының «Ақсу» ауылдық Советінің депутаттығына сайланады. 1961 жылдың көктемінде «Өрік ағашы» деген жерде күріш егіп, сушы болып жұмыс істейді. 1961-1963 жылдары аралығында ауданда балық зауытында жұмысшы болып еңбек етті. Ал 1963-1967 жылдары наубайханада жұмыс жасаған. 1967 жылдан зейнет жасына шыққанша көп жылдар бойы Элеваторда жұмысшы болып еңбек етті.
Алмаш ана соғыс кезінде жастайынан ең­бекке араласып, зейнетке шыққан соң «Тыл ардагері» атанды. Адал жар, аяулы ана, ар­дақты әже дүниеге 6 перзент әкеліп, олар­дан 28 немере, 87 шөбере, 6 шөпшек сүйді. 2020 жылдың 9 шілде күні 88 жасында дүние салды.
Кешегі Алмаш ана атындағы турнирде осындай тағылымға толы естеліктер айтылды. Ұрпақтары қиын кезеңдерде адал еңбекпен шыңдалған ардақты ананың тағылымды өмір жолын сөз етсе, ұйымдастырушылар шараның маңыздылығына тоқталды.
– Жалағаш жұрты қашаннан өткенін ұлық­тап, өшкенін қайта жандыруда салтынан жаңылған емес. Бүгін де осындай игі ша­раның куәсі болып отырмыз. Алмаш ана атын­дағы турнирдің маңызы жоғары. Бұл шара қатысушыларды тек спортқа баулу­мен шектелмей, өнегелі өмір жолынан үлгі алуды үндейді. Алмаш ана атындағы аудандық турнирдің маңызы осында. Барлық қатысушы командаларға сәттілік тілеймін, – деді ау­дандық мәдениет және спорт бөлімі басшы­сы­ның орынбасары Еркебұлан Жамалатов.
Футзалдан өткен аудандық турнирде ау­данға қарасты барлық елді мекеннен келген 16 команда қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс шымылдығын «Мәдениет» пен «Жастар – 2004» командасы ашты. Алғашқы ойында мәдениеттіктер айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал жастардан құралған команда ойын соңына дейін жұбаныш голын да соға алмады. Осылайша мәдениеттіктердің 4 голы да жауапсыз қалды.
Қос команда алаңды «Сұңқар» мен «Жа­лағаш жастары» командасына босатты. Бұл кездесуде жастардың бағы басым болды. Алаңда еркін көсілген «Жалағаш жастары» қарсылас қақпасына 4 гол тоғытты. Ал «Сұңқар» жұбаныш голын соғумен шектелді.
«Бұқарбай батыр» мен «Таң» командалары арасындағы ойын да тартысты өтті. Ойын соңына дейін тең өнер көрсеткен батыр атындағы ауыл жігіттері соңында сыр берді. Мұны тиімді пайдаланған «Таң» командасы есепті еселеп үлгерді. Осылайша қарсыласын жарыс жолынан ысырды.
«Далдабай» мен «Темірбек Жүргенов» командалары арасындағы кездесу драмаға толы ойын болды. Бірінші болып қос кома­н­даның бірі гол соқса, артынша есеп теңесіп жатты. Дәл осылай қос команда бір-бірінің қақпасына 4 гол тоғытты. Десе де ойынның соңғы уақытын тиімді пайдаланған қайраткер атындағы команда кездесудің бесінші голын соғып, қарсыласын жарыс жо­лынан қалдырды.
«Мөрәлі Шәменов» пен «Ақарық» коман­далары ойын соңына дейін бір-бірін ала алмады. Қосымша уақытта да тең тарқасқан қос команда 11 метрлік айып добын орындауда өзара мықтыны анықтап, келесі кезеңнің жолдамасын сарапқа салды. Бұл сайыста кент іргесіндегі ауыл жігіттерінің бағы басым болды. Турнир Ақарық жігіттері үшін осымен тәмам.
Дәл осы уақытта «Ақсу» мен «Адия» командалары кездесіп жатты. 2:1 есебімен ауыл жігіттері келесі кезеңге өтті. Ал «Адия» турнирдің алғашқы кездесуінде-ақ сыр ал­дырды. Алғашқы айналымда «Жастар» «Қаракеткенді» айқын басымдықпен жеңді. Қарсылас қақпасына жастар 4 гол тоғытса, ауыл жігіттері жұбаныш голын соғумен шектелді.
Алғашқы айналым «Дәуімбай» мен «Наркескен» арасындағы ойынмен аяқталды. Бұл кездесуде Дәуімбай жігіттері «Наркескен» қақпасына жауапсыз 3 гол тоғытты.
Бірінші айналым тәмам, 16 командадан 8 команда келесі кезеңге өтті. Кіл мықтылар іріктелген екінші айналым біз ойлағаннан да тартысты болды. Жеребе бойынша «Ақсу» екінші айналымда «Таңды» қабылдады. Кент іргесіндегі жігіттер бабында тұр екен. Бұл кездесуде «Ақсу» қарсылас қақпасына қатарынан 3 гол соқса, «Таң» тек жұбаныш голын салуға жарады.
Алғашқы айналымда «Наркескенді» айқын басымдықпен жеңген Дәуімбай жігіттері келесі кездесуде сыр алдырды. Олардың ойын барысындағы қателігін қайраткер атындағы ауылдан келген жігіттер кешірмеді. Қонақтар «Дәуімбай» қақпасына жауапсыз 4 гол тоғытып, жартылай финалға жолдама алды.
«Мөрәлі Шәменов» бұған дейінгі «Ақа­рықпен» кездесуінде келесі кезеңнің жол­дамасын 11 метрлік айып добын орындау арқылы алған. Келесі кезеңде де есепте еш өзгеріс болған жоқ. Қос таймды да олар «Жастармен» 2:2 есебімен аяқтады. Алайда жастар бұл кездесуде «Мөрәлі Шәменов» командасын жарыс жолынан ысырды.
Бірінші ойынды айқын басымдықпен аяқ­таған «Мәдениеттің» келесі кезеңде жолы болмады. Оларды «Жалағаш жастары» айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға жол­дама алды.
Жартылай финал, ақтық мәреге ақсу­лықтар үшін бір қадам қалды. Олар қайраткер атындағы ауылды осы кездесуде жеңсе, кемінде екінші орынды алатын. Алайда «Темірбек Жүргенов» командасы бұл тур­нирге тыңғылықты дайындықпен келіпті. Ақ­сулықтар алғашқы болып есеп ашқанымен оған қайраткер атындағы команда үш мәрте жауап қайырды. Алайда олардың екі голы жауапсыз қалды.
Жартылай финалда «Жалағаш жастары» мен «Жастар» командасы да ақтық мәренің жолдамасын сарапқа салды. Осылайша финалға қарсылас қақпасына 4 гол салған «Жастар» өтті.
Дәл осы кездесуде сүрінген «Ақсу» мен «Жалағаш жастары» бірінші болып үшінші орынға таласты. Бұл кездесуде біз ойлағандай көп гол бола қойған жоқ. Қос команда ойын соңына дейін қорғанысқа басымдық берді. Небары 1:0 есебімен кент іргесіндегі ауыл жігіттері үздік үштікті түйіндеді.
Ақтық мәре. 16 команданың ішінде қар­­сылас шақ келтірмеген қос команда. Жан­күйерлердің де көңілі күпті. Бұл кездесуде «Жастардың» басы бағым бола ма, әлде қай­раткер атындағы ауылдың жігіттері жеңіске жете ме? Барлығының көкейінде тұрған осы сұрақ.
Иә, сөз басында айтқанбыз. «Темірбек Жүргенов» командасы расында бұл тур­нирге тыңғылықты дайындықпен келіпті. 4:1 есебімен жеңіске жеткен ауыл жігіттері Темір­бек Жүргеновтың 125 жылдығында жерлестеріне жеңіс сыйлады.
Осылайша Алмаш ана атындағы турнирдің кубогы «Темірбек Жүргенов» командасына бұйырды. Олар бұдан бөлек Алмаш ананың ағайын-туыстары әзірлеген қаржылай 70 мың теңге сыйақыға ие болды. Ақтық мәреде сүрінген «Жастар» да мұндай сыйақыдан құр қалмады. Оларға 50 мың теңге қаржылай сыйақы мен екінші орынның арнайы дипломы табысталды. Ал үздік үштікті түйіндеген Ақсу жігіттеріне 30 мың теңге берілді.
Мұнан бөлек керемет ойын өрнегімен көзге түскен қатысушылар да қаржылай сыйақыдан құр қалмады. Олардың қатарында «Үздік қақпашы» номинациясына ие болған «Мөрәлі Шәменов» командасының ойыншысы Нағымет Бақдәулет, «Үздік қорғаушы» номинациясына лайық деп танылған «Жалағаш жастары» командасының ойыншысы Аймахан Шыңғыс және «Үздік шабуылшы» номинациясының иегері, «Жастар» командасының ойыншысы Батырхан Ысқақов бар.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: