Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

30°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 18:23

Тартысты өткен «TARTYL FEST»

29.04.2023

228

0

Күні кеше аудандық мәдениет және спорт бөлімі мен «Наркескен» спорт клубының ұйымдастыруымен аудан әкімінің арнайы жүлдесі үшін алғаш рет «TARTYL FEST» атты турникке тартылу жарысы өтті. Жастардың спортпен тұрақты шұғылданып, өзара татулық пен достықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа кент және ауыл округтерден 58 спортшы қатысты.

Шараның ашылуында аудан әкімі Асқарбек Есжанов жалпы спорттың пайдасына, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
– «Жаны саудың – тәні сау» демекші, спорттың адам өмірінде атқаратын рөлі зор. Салауатты өмір салты, спорт­ты дамыту еліміздегі маңызды мәселелердің бірі бо­лып табылады. Аудан спортшылары бұқаралық спортты да­мы­туға ерекше мән беріп келеді. Жаттықтырушылар мен спорт­шыларымыз алдағы уақытта да аудан мерейін асырып, беделін жоғары деңгейде көтеруге спортшыларды дайындау үшін өздерінің шеберліктері мен күштерін жұмсайды деп сенемін, қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Сондай-ақ аудан әкімі алдағы уақытта спортшыларымызға жасалатын қолдау жалғасын табатынын жасырмады. Қаты­сушылар мұнан кейін жас ерекшеліктеріне қарай 3 кезеңде өзара мықтыны анықтады.


18 жасқа дейінгі қатысушылар арасында өткен жарыста І орынға ақсулық Абылайхан Батырхан, ІІ орынға Мырзабай ахун ауылынан келген Наурызхан Кәмедин ІІІ орынға Бұқар­бай батыр ауылының намысын қорғаған Ернұр Оразбай ие болды. Ал 18-35 жас аралығындағы спортшылар арасында І орын Темірбек Жүргенов ауылынан келген Ұлықбек Шаңқыт­байұлына бұйырды. ІІ орынды Нұрхан Бауыржанұлы иеленсе, үздік үштікті Жасұлан Сержанов түйіндеді.
35 жастан жоғары спортшылар арасында І орынды Нари­ман Батишев жеңіп алды. ІІ орынды Қуаныш Байқожаев иеленсе, ІІІ орынға Есет батырдан келген Мирамбек Доспен­бе­тов тұрақтады.
Жарыс соңында «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов жеңімпаздарды жеңісімен құттықтап, арнайы аудан әкімінің дипломдары мен қаржылай сыйлықтарын табыстады.


Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: