Қоқыс – жаһандық мәселе. «Тазалық – саулық негізі» деген ұғымды бала күнімізден санамызға сіңірсек те, әлі де тазалыққа салғырттық танытып жүрміз. Оған соңғы уақытта кент орталығынан тысқары көше бойларында қапқа салынып үйілген қоқыстар дәлел. Кенттің де кескінін кетіріп жүрген күл-қоқыстарды да көше бойларынан табу қиын емес.
Бүгінде аудан орталығына қоқыс лақтыру, көлікпен өтіп бара жатып бос құты қалдығын тастау тыйылмай тұр. Апталап жатып қалатын қоқыс салынған қапшықтарды көшедегі иесіз иттер мен мысықтар, одан қалды үй жануарлары жыртып, оның ішіндегі тұрмыстық қалдықтар айналаға шашылып, кенттің көркін қашыруда. Осы ретте көктем келісімен аудандағы мекемелер жаппай сенбілікке шығып жұмыс орнының маңайын, ауласын ретке келтіруде. Бірақ бұл тек мекеме мойнындағы іс емес. Сол себепті тұрғындар ауласын сенбілікке сілтемей, өзі тазартқаны жөн.
Себебі тазалық әр адамның өзінен басталуы тиіс. Өз ауласын тазартып, абаттандыруға көңіл бөлсе, ауаны да тазартып, ауданды да көркейтуде үлес қосар еді. Одан бөлек күл-қоқыстармен келетін түрлі инфекциялық аурудың алдын алары анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісті жәшіктің ішіне салынуы, жәшік толған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы тазалыққа үлкен септігін тигізеді.
Кешегі сенбіде кент және ауылдық округтерде жаппай сенбілік шаралары тағы да ұйымдастырылды. Оған аудан бойынша меншік нысанына қарамастан 145 мекемеден 1600-ге жуық адам қатысып, 16 техника жұмылдырылды. Сенбілікте көшелер мен саябақтардағы қоқыстар тазартылып, қураған талдар кесіліп, аяқ су жүретін арықтар қураған жапырақтардан арылды. 15 тоннаға жуық күл-қоқыс белгіленген орындарға шығарылды. Талдар мен жол жиегіндегі қоршау тастарды әктеу, парктер мен аллеяларды тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ сенбілік жұмыстары аясында көшелер, аллеялар мен саябақтарда 700 түп ағаш отырғызылды.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жауапты сала басшыларына егілген талдарды күтіп-баптау, арықтарға су келтіру, арнайы қоршаулар орнату жұмыстарын тапсырды. Жиналған қоқыстарды шығаруға кент бойынша жауапты мердігердің, ауылдық округтер бойынша шаруа қожалықтардың техникалары жұмылдырылды.
– Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысты. Әрбір ұжым, мекеме қызметкерлері өздеріне бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Сенбілік барысында талдар әктеліп, саябақтардың іші мен мекемелердің айналасы қоқыстан арылды, – дейді аудан тұрғыны Айнұр Қойшыбекқызы.
Сенбілік барысында тазалық жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы аймақтар бойынша жауаптылар тазалықпен қатар көше тұрғындарына, жалпы халыққа тұрғын үй маңында көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалықты сақтау керек екенін, туған жердің таза болуын тек сенбі күні ғана емес, үздіксіз бақылап, мәдениеттілікті арттыру қажеттігін де атап өтті.
Расында ауданның көркеюі мен тазалығында дәл осындай сенбіліктердің алар орны ерекше. Осындай жұмыстар арқылы көшеде өсіп тұрған тал діңгегі әктеліп, артық шөптер тазартып, тазалық сақтауға бір адамдай барлық аудан тұрғынының ат салысуының арқасында өңір таза қалпын сақтауда. Бұл шара арқылы тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және көшелердегі тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, санитарлық жағдайын жақсартуға болады.
Былтыр елімізде осындай шаралардың арқасында елімізде 4 млн тоннадан астам коммуналдық қоқыс жиналған. Орташа есеппен алсақ, әрбір қазақстандыққа 220 келіден келеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, ең көп қоқыс Алматы қаласында тіркелген. Яғни былтыр Алматыда 482 мың тонна қоқыс жиналған. Мұнан бөлек Қарағанды облысында 343 мың тонна қоқыс шығарылған. 2023 жылы қоқыстың 24 пайызы ғана өңделген. Оны өңдеумен айналысатын елімізде 38 кәсіпорын бар. Оның 18-і макулатураны өңдесе, 15-і пластикті өңдеумен айналысады. Ал 5-еуі – шыны өңдейтін кәсіпорын.
Айта кетейік, алдағы уақытта елімізде қоқысты өңдеумен көбірек айналысқандарға арнайы жеңілдіктер жасалады. Ал қоқысты бей берекет тастаған азаматтарға айыппұл күшейтілмек. Қазіргі кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске белгіленбеген жерлерге қоқыс шығарғаны үшін айыппұлды көбейтуді көздейтін түзетулер әзірленіп жатыр. Мысалы, жеке тұлғалар үшін 50 АЕК-ден 100 АЕК-ге дейін, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 100 АЕК-ден 200 АЕК-ге дейін айыппұл қарастырылады.
Иә, енді елімізде белгіленбеген орындарға қоқыс тастағандар қыруар айыппұл арқаламақ. Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасатынын естен шығармайық.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!