Сәуір айында бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Жалағаш кентінде әлі де жалғасын табуда. Өткен аптаның соңында акция аясында аудан және ауылдық округтерде жаппай сенбілік шаралары ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына аудан бойынша меншік нысанына қарамастан, 145 мекемеден қызыметкерлер белсенділік танытып, 24 техника жұмылдырылды.
Сенбілікте көшелер мен саябақтардағы қоқыстар алынды, қураған талдар кесіліп, аяқсу жүретін арықтар жапырақтардан тазартылып, күл-қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды.
Тазалық жұмыстарына аудан тұрғындары да бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарды, көшелерді күл-қоқыстан арылтты. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін аудандағы барлық мекеме ұжымы жол жиегіндегі арықтарды да тазалап, сенбілік жұмыстарының қар-қын алуына өз үлестерін қосты.
Тазалық акциясында жабайы шөптер шабылып, қураған талдар кесіліп, аяқсу жүретін арықтар қураған жапырақтардан тазартылды. 13 тоннаға жуық күл-қоқыс белгіленген орындарға шығарылды.
Қазір аудандағы әрбір мекеме ұжымы тазалық маусымында табандылық танытып жатқанын көріп отырмыз. Енді әрбір сенбілікке жергілікті тұрғындар да өз үлесін қосуда аянып қалмауы керек. Әрбір адам өзі тұратын үйдің ауласы мен көшелердің көркеюіне және тазалығына мән берсе, күл-қоқыстармен келетін түрлі инфекциялық аурудың болмасы да анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісті жәшіктің ішіне салынуы, ол толған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы да үлкен септігін тигізеді.
– Тазалық жұмыстарына немқұрайлы қарауға болмайды. Мұндай шараларда бәріміз белсенді болуымыз керек. Сенбілікке апта сайын шығамын, күнара ауланың тазалығына да мән беремін. Үйіне қонақ келетін кезде алдын ала дайындалады ғой, сол секілді біз де ауданның тазалығына, көркейіп-гүлденуіне жіті мән беруіміз керек. Сырттан келген меймандар ауданның тазалығына қызыға да, қызғана да қарауы үшін сенбілікте баршамыз белсенді болуымыз керек. Оған өзім де үлес қостым және оны міндетім деп есептеймін, – дейді аудан тұрғыны Болат Аққасынов.
Өңірдің өркендеуіне, мұнтаздай таза болуына атсалысу – әрбірімізге азаматтық парыз. Кенттің көркейіп-көгалдануы тек қаражатқа келіп тірелмейтінін түсінуіміз керек. Яғни өңірдің әрбір күл-қоқысын тазарту – екі қолдың көмегімен жасалатын іс. Біле білсек, сол күл-қоқысты тастайтын өзіміз, әр ауланың айналасына тұрмыстық қалдықтарды жинап қоятын да біз, қалаберді адам аяғы басуға болмайтын кір суын да төге салатын сол тұрғындардың өзі.
Адам баласы ақыл айтуға шебер ғой, бірақ сол өзгеге айтқанын өзі де істесе дұрыс-ақ. Елмен бірге тазалық айлығында сол өзіміз тастайтын күл-қоқыстан көшелерді тазартуға, арықтарды қалдықтардан арылтуға атсалыссақ, бірлігіміздің артқаны, берекеміздің тасығаны болар еді. Сенбілікте серпінді жұмыс жасаған Болат ағамыздың да айтпағы осы.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!