Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Жексенбі, 19 мамыр, 00:02

Тазалыққа тастай талап қажет

12.09.2023

478

0

Тазалықты жанына серік еткен аудан тұрғындары кешегі сенбіде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың екі айлығына сәйкес сенбілік шарасына белсене араласты. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Соның ішінде қаланың кіреберіс аймағын, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлесін қосты.

Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің көзге көрінетін маңызды көр­сеткіші. Тазалық – адамның ден­сау­лығы, өң-түсінің сүйкімділігі, өмір жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадыр-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы деген сөз. Халқымыздың «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын бо­лады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» деген асыл сөзі бар. Расында бала ол міндетті түрде ата-анаға қа­рап, елік­теп өседі. Әрбір ата-ана ұл-қыз­да­рының өз­деріне қарап тәрбие ала­тынын ес­тен шығармағаны жөн. Кез келген адам тазалықты өз бойынан кө­рініс табатындай етсе, өзін таза ұстай білсе, өзге адамдарға да сол тазалығын көрсете алатыны сөзсіз.
Қоршаған ортаның тазалығына жа­уап­кершілікпен қарау, табиғатты та­за ұстау, оның көрініс беруіне үлес қосу әрбір азаматтың борышы десек те болады. Қазақ халқы бірінші бай­лық денсаулық деп денсаулықты кү­туге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы да та­залыққа қатысты екенін «тазалық – денсаулық кепілі» деген бір ауыз сөзбен көр­сеткен. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек. Иманыңның жартысы болған тазалықты сақтау өз аулаңнан, өзіңнен басталады. Ауладағы қоқыстарды шы­ғару, қоқысты көшеге тастамау, ке­рек емес шөптерден ауланы тазарту сынды жеңіл жұмыстардың өзі ең ал­дымен табиғатқа, кейін ауданның көр­кеюіне қосқан бір үлес. Көшедегі бей-берекет жататын қоқыстар сіз бен біз­дің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын көп жағ­дайда байқай бермейміз. Сон­дықтан айналамызды тазартып, абат­тан­ды­румен айналысқан абзал.
– Қай кезде болсын ең бі­рінші өз ортаңа тазалықпен қарау адам­дық­тың басты қасиеті екені белгілі. Ту­ған жердің тазалығы баршамызға ортақ екенін ұмытпайық. Жалпы өзің тұрып жатқан жердің тазалығына үлес қосу – туған жерге деген қам­қор­лық­тың бір белгісі. Сенбілікке ме­кеме қыз­меткерлерімен бір кісідей атсалысып, Темірбек Жүргенов атындағы көшеде та­залық жұмыстарын жүргіздік. Сенбіліктер тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалып­тас­тыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Ауданымыздың көркеюіне бірге атсалы­сайық, – дейді аудан тұрғыны Еркебұлан Жұмабек.
Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық ме­­кеме қызметкерлері бір кісідей ат­салысты. Әрбір ұжым, мекеме қыз­­мет­керлері өздеріне бөлінген ау­­мақ­тарда, көшелерде тазалық жұмыс­тарын қарқынды жүргізді. Сенбілік жұмыс­та­рына кент және ауылдық округтер белсенділік танытты. Сол күні талдарды әктеу, жаяу жүргіншілер жолдары, саябақ­тар­дың іші мен мекемелердің айналасы қоқыстан арылды. Сенбілік ба­рысында тазалық жұмыстарымен ау­дан әкімі Асқарбек Есжанов танысты және аймақтар бойынша жауаптылар тазалықпен қатар көше тұрғындарына, жалпы халыққа тұрғын үй маңында көркейту-көгалдандыру, са­нитарлық тазалықты сақтау керек еке­нін, туған жердің таза болуын тек сенбі күні ғана емес, үздіксіз бақылап, тазалық сақтаудағы мәдениеттілікті арт­тыру қажеттігін атап өтті.
Расында ауданның көркеюі мен та­залығында дәл осындай сенбіліктер­дің алатын орны ерекше. Сенбіліктер арқылы көшеде өсіп тұрған тал діңгегі әктеліп, артық шөптерден тазартып, та­залық сақтауға бір адамдай барлық аудан тұрғыны ат салысуының ар­қа­сында ауданымыз таза қалпын сақ­­тауда. Бұл шара арқылы тұрғын­дар­­­­дың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және кө­ше­лердегі тазалықты сақтау, эко­логиялық мәдениетті қалыптастыру мәсе­лелеріне қоғам назарын аудартуға, са­ни­тарлық жағдайын жақсартуға болады.
Табиғат – ол біздің ортақ байлы­ғымыз. Табиғаттың таза болуы, оның әдемі көрініске енуі біздің әрқай­сы­мыздың үйімізден, көшемізден бас­талады. Сондықтан әр қайсысымыз бір адамдай аудан тазалығын сақтауға үлес қосайық.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: