Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 12:08

Тегін құқықтық көмек көрсетілді

24.05.2024

6186

0

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында аудан тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, жоба шеңберінде түрлі сала мамандарынан құралған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» жалағаштықтарды қабылдап, олардың көкейінде жүрген сауалдарына заң аясында жауап берді.

Аудан тұрғындарына кеңес беру науқанында мобильді топ мүшелері тұрғын үй алудың тәртібі, тұрғын үйді жекешелендіру, зейнеткерлікке шығу, жұмысқа орналасу, алимент өн­діру, егін алқаптарына су тарту, міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­ды­ру­ды жүйелендіру және ауыл ша­руа­­­шылығына жеңілдетілген несие алудың тәртібі, жемқорлыққа қарсы іс-қи­мылға жәрдемдесетін азаматтарға мем­ле­кет тарапынан көрсетілетін кө­тер­ме­леу­лер, берілетін сыйақы мөлшері туралы ақпарат берілді.

Облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ұйымдастырылған науқанда ауданға қарасты шалғай елді мекеннің тұрғындарына жер­гілікті атқарушы орган және мемлекеттік орган өкілдері, антикор ерік­тілері, ад­во­каттар мен заңгерлер, сот орын­даушылары құқықтық көмек көр­сетті. Сондай-ақ азаматтардың жүгін­ген мә­селелері Департамент басшылы­ғының бақылауына алынды.

– Бүгін мен өзімді мазалап жүрген сұрағыма жауап алдым. Заңгер ма­ман­дар маған барлығын түсіндіріп берді. Себебі бұл жерде нақты сала мамандары отыр. Осындай ха­лық­қа тиімді қабылдау ұйым­дасты­рыл­ғанына қуаныштымын. Өйткені көп жағдайда халық мұндай қызметтерге арнайы ақы төлеп, барып жатады. Өз басым осындай жиын болады дегенді естіп, арнайы осы жерге келдім, – дейді аудан тұрғыны Сәлім Мақажанова.

Қоғамдық қабылдау кезінде ау­дан, ауыл азаматтарының әлі де бол­са құқықтық заңдарды толық біле бер­мейтіні анықталды. Енді осы ба­ғытта жұмыстар жүргізілетін бо­лады. Нақтырақ айтқанда, ауыл тұрғын­да­рына сыбайлас жемқорлыққа жол бер­меу үшін қабылданған заңдар мен бағдарламалар туралы жан-жақ­ты ақпарат беріліп, керек болса түсі­нік жүргізіледі. Мұндай шаралар сыбай­ластықты азайтатыны анық. Қабылдау барысында тұрғындарға ақпараттық үнпарақтар таратылды.

– Бұл жоба сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл және түрлі ме­кемелердің қызметіндегі ашық­тық­ты арттыру саласында маңызды мін­деттер қояды. Мобильді топтың не­гізгі мақсаты – азаматтардың заң кон­суль­тациясына қол жеткізуін қам­тамасыз ету және олардың өзекті мәселелерін заңға сәйкес жедел шешу. Жалпы облысқа қарасты ау­дан, ауылдық елді мекендерге бару жос­парлануда. Көшпелі кездесулер жергілікті тұрғындар көп жиналатын жерлерде ұйымдастырылады. Бұл жер­гілікті Қазпошта пункттері, әкімдік­тер, ХҚКО, мектептер, базарлар және ірі дүкендер. Кез келген азамат келіп, мобильді топ өкілдерінен қажетті кеңе­сін тегін ала алады, – дейді Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Қызылорда облысы бойынша де­партамент басшысы Олжас Мырзағалиев.

Айта кетсек, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мобильді топ мүшелері облыс аумағындағы елді-мекендер мен ауыл тұрғындарына тегін кәсіби-құқық­тық көмек көрсетуді жыл соңына дейін тұрақты түрде жүргізетін болады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жем­қорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Бүгінде оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолданылып, атқарылған жұмыс аз емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпші­лі­гінде бар. Қазақстан да одан сырт қал­ған жоқ», деп атап өткен болатын.

Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқық­тық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.

Сы­байлас жемқорлықпен күрес ая­сын­­да тиімді саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін тө­мен­дету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бү­гінгі күндегі басты мақсат болып отыр. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек.

Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: