Жаз айының басында Абай облысындағы Семей орманында тұтанған өрт бақылаудан шығып, 15 адамның өмірі қиылған болатын. Елді есеңгіреткен тілсіз жау қиындықпен тұсауланғаны белгілі. Өрт және оның қайғылы зардабы жайындағы мәселе орман шаруашылығы саласында ғана емес, одан да тереңде жатқанын тағы бір айқындап берді. Жасыратыны жоқ, былтырғы Қостанай облысындағы өрттен сабақ алмағанымыз көрінді. Жемқорлық, салғырттық, сәйкесінше техника жоқ, жалақы аз, маман жеткіліксіз, осының барлығы өрттің өрбуіне себеп болды.
Кең байтақ еліміздің аумағы үлкен болғанымен, Қазақстанның орман қоры шектеулі. Сондықтан аз ғана орман қорын сақтау мемлекет үшін аса маңызды міндет, азаматтық парыз болып табылады. Еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 29,8 миллион гектар болса, Жалағаш орман қорының аумағы 769 482 гектарды құрайды.
Иә, табиғатты аялау, оны ұрпақтан ұрпаққа аманат ету – баршамыздың парызымыз. Осы орайда еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуда орман шаруашылығының қызметі ерекше екенін білеміз. Бүгінде осы салаға аймақ басшысы тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Оның бір дәлелді айғағы кеше аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің орманшы инспекторларына облыстық бюджеттен 95 млн теңге қаражат бөлініп, 1 дана Урал өрт сөндіру автокөлігі, 10 дана арнайы қызметтік мотоциклдің кілті табысталды.
Кешегі өткен игі шарада өңіріміздің табиғатын сауықтыру, орманды сақтау, қорғау мен толықтыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген орманшыларымызды аудан әкімі Асқарбек Есжанов арнайы құттықтады.
– Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөз бар. Орман – біздің баға жетпес байлығымыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тал егу, орманды алқаптарды ұлғайту ісіне тікелей назар аударып отыр. Бұл орайда «Жалағаш ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінде еңбек ететін 70-ке жуық білікті де жауапты мамандар аса маңызды жұмысты адал атқарып жүргені сөзсіз. Сіздер қыстың қақаған аязы мен бұрқаған боранында, жаздың аптап ыстығында табиғаттың осынау керемет сыйын көздің қарашығындай қорғайсыздар. 769 мың гектардан астам алқапты табиғи және адам қолымен жасалатын апаттардан аман сақтауда ерінбей еңбек етіп келесіздер, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аталған мекеменің штаттық кестесі бойынша бүгінде 65 адам жұмыс атқарады. Мекеме қызметкерлерінің барлығы арнайы оқу орындарын бітіріп, мамандандырылған. Мекеменің материалды-техникалық базасында 1 Нива, 2 Уаз автокөлігі, 5 трактор, 2 өрт сөндіру автомашинасы, 1 жылжымалы тұрғын вагон, 2 мініс ат және басқа да ағаш егу, өрт сөндіру, жер жырту секілді түрлі жұмыстарға арналған техникалар, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Өкінішке қарай, ауданымыздың табиғаты орман өртіне бейім. Шыны керек, тілсіз жаумен күрескеннен оның алдын алған абзалырақ. Тұрғындар соны түсінуі керек. Барлық тұрғындарға айтқымыз келетіні, табиғатты аялаңыз, сақтаңыз. Бетін аулақ етсін, дегенмен өрт бола қалса, біз тілсіз жаумен күресуге сақадай саймыз. Оған негіз де бар, көріп тұрғандарыңыздай, мемлекет барлық жағдайды жасауда, тек қызметімізді адал, кәсіби атқарсақ болды. Арнайы құттықтап, бізді жігерлендіріп жатқан аудан басшысына алғысымыз шексіз, – дейді орманшының көмекшісі Нұрлыбек Тұрғанбаев.
Жалағаш орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы Нұртай Жонтаевтың айтуынша, аудан көлеміндегі орман-тоғайларда және шаруашылықтардың орманды алқаптарында өрт қаупі бар кезеңдерде өрттің алдын алу, оны дер кезінде анықтау жұмыстарына байланысты аудан әкімімен іс-шара бекітілген. Іс-шара жоспарына сәйкес, осы жылы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Ақсу елді мекені және ерікті өрт сөндірушілердің қатысуымен 2 рет орман қоры жерлеріне өрт-тактикалық жаттығу өткізілген.
Ауылдық округтер бойынша орманды өрттен қорғау, заңсыз ағаш-бұталарды кеспеу, өз бетінше орман қорына иелік етпеу, өрт қауіпсіздігін сақтау тақырыптарында ескертпе хаттар таратылып, елді мекендердегі тұрғындарға, мектеп оқушыларына лекциялар оқылған.
Сонымен қатар орманда өрт қауіпсіздігін сақтау тақырыбында жергілікті тұрғындарға 100 дана үгіт-насихат парақшасы таратылып, орман қоры жерлеріне өрт туралы 3 билборд және 12 дана аншлаг орнатылған. Сырдария өзенінің бойындағы өрт бақылау мұнарасына күнделікті кезекшілік ұйымдастырылып, қатаң бақылауға алынған.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!